Қаржы • 13 Қыркүйек, 2022

Банктер стрестік активтерден арылады

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Банк секторының алдына қойылып отырған бірегей міндет – тез арада стрестік активтерден арылу. Яғни төленбей тұрған, төлемі кешіктіріліп жатқан займдарды қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру немесе әлеуетті инвесторларға сату арқылы, оларды (займдарды) экономикалық айналымға енгізу керек. Бұл банк үшін де, клиент үшін де тиімді. Ал мемлекет үшін тіпті пайдалы. Әрине, бұл оңай іс емес. Сол үшін тұтас заң қайта өзгертілді. Заңды қабылдау бар да, орындау бар. Біз осы екінші кезеңге келгенде ақсап жатамыз ғой. Бұл жолы қалай болмақ?

Банктер стрестік активтерден арылады

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, агенттік банк акционерлеріне қатаң талап қояды. Яғни акционер қаржы институтына келген залалды жабуға атсалысуға тиіс. Жетекке ермеген банктермен қоштасуға тура келеді. Қазірге дейін төлем қабілетін дәлелдей алмаған 8 банктің лицензиясы қайтарып алынған. 3 банк бойынша жаңа ірі инвесторларды тарта отырып, акционерлердің капиталын толық есептен шығару жүргізілген.

Осы орайда, биыл 4 шілдеде Мемлекет басшысы еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтерді дамыту мәселелері бойынша өзгертулер мен то­лық­тырулар енгізу туралы заңға қол қой­ды. Оның ережелері 2022 жылғы 4 қыр­күйекте қолданысқа енгізілді.

«Бұл заң – агенттіктің банк жүйесін­дегі стрестік активтер деңгейін төмен­де­туге бағытталған жұмысының қисын­ды жалғасы. 2019 жылы реттеуші актив­тердің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізілді, соның нәтижесінде стрестік активтердің үлесі банктердің несие портфелінің 21 пайызы деп бағаланды. Анықталған шығындарды өтеу үшін банк­тер 554 млрд теңгеге қосымша провизиялар қалыптастырып, 128 млрд тең­геге қосымша капиталдандыру жүзеге асырылды», деді О.Қизатов.

Қазір 13 банк 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған стрестік активтерді 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге төмендету жөніндегі жеке қадағалау жоспарларын іске асырып жатыр. Банктер бұл жоспарды жеделдете атқарып, қазір жоспадың 60 пайызынан астамы еңсерілген.

Агенттік өкілінің айтуынша, 2017 жылдан бергі уақытта стрестік активтер көлемі 7,7 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін, 3 есе төмендеген. Бұл – банк жүйесі активтерінің 6 пайызы. Айта кетейік, стрестік актив қатарына тек төленбей тұрған несие емес, сонымен бірге борышкерден өндіріп алынған мүлік және банктердің еншілес ұйымдарына берілген проблемалық кредиттер де кіреді.

Сарапшының сөзіне сүйенсек, заңда стрес­тік активтерді сатып алушылар тізі­міне жеке инвесторларды, оның ішін­де бейрезиденттерді қосу көзделген. Бұл мемлекеттік қаражатты тартпай, банктердің баланстарын жұмыс істемейтін кре­диттерден тазартудың нарықтық теті­гін жасайды. Бұған дейінгі «Банктер тура­лы» заңның 36-бабына сәйкес авто­ри­за­цияланған сатып алушылардың ті­зімі­не қаржы және мемлекеттік ұйымдар ғана, атап айтқанда: екінші дең­гейдегі банктер, банктердің стрестік актив­терді басқару жөніндегі еншілес ұйым­дары, проблемалық кредиттер қоры, коллек­торлық агенттіктер және басқа да қар­жы ұйымдары кіретін. Енді олардың қата­рын жеке инвесторлар толықтырады, сәйкесін­ше олар тек заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің ғана қарызын сатып алады.

«Заңда көрсетілген тағы бір бастама – сервистік компаниялардың құрылуы. Олар инвесторларға жұмыс істе­мей­тін кредиттерге қызмет көрсету және бас­қару қызметтерін көрсетеді. Жеке инвес­торларға жұмыс істемейтін кредиттерді сату кезінде сервистік компаниялар инс­титу­тын енгізу маңызды. Себебі бұл компа­ния­лардың проблемалық қарыз алушы­­лармен жұмыс істеу бойынша тиісті жұмыс тә­жірибесі мен құзыреті болады», деді агенттік төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капитал мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкцияларының болмауы жөніндегі жоғары талаптар белгі­ленеді. Агенттік белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялар тізі­лімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзі­нің интернет-ресурсына орналастырады. Бұл қарыз алушылардың құқықтарын қор­­ғау­дың қосымша тетігін қамтамасыз ету­ге мүм­кіндік береді. Себебі аталған ұйым­дар агент­тіктің реттеу аясына жатады.

Сонымен қатар заңда жеке инвесторлар үшін ірі корпоративтік қарыздарды (50 млн теңгеден астам) дербес басқару мүм­кіндігі көзделеді. О.Қизатовтың ай­­туын­ша, заңды тұлғалардың 50 млн теңгеден кем берешегі бар ұсақ қарыздарын сатып алу кезінде, жеке кәсіпкерлерден қарыз алу кезінде, қарыздарды бейрезиденттер сатып алған кезде кредиттерді сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға беру жағдайлары көзделген.

«Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қойылатын барлық талап пен шектеу жеке инвесторға қолданылған. Мұн­дай талаптар мен шектеулерге, мыса­лы, қарыз алушының жағдайын жақсар­та­тын талаптарды қоспағанда, шартты біржақты өзгертуге тыйым салу, айыпақы есептеу бойынша шектеулер, қаражат жетіспеген кезде берешекті өтеу кезектілігі, банктік қарыз шарты бо­йынша міндеттемелерді орындау мерзімі өткен кезде кредитордың іс-қимыл жасау тәртібі және т.б. жатады. Осылайша, қарыз алушылардың құқықтары жеке инвесторлар мен сервистік компаниялар алдында қорғалады», деді О.Қизатов.

Заң аясында банктер мен микроқаржы ұйымдарының балансында өндіріп алынған мүліктің, яғни проблемалық кредитті өтеу есебіне банктің меншігіне өткен мүлік түріндегі стрестік активтің болуы үшін 3 жыл шекті мерзімді белгілеу көзделеді. Бұл банктерді және микроқаржы ұйымдарын стрестік активтерді экономикалық айналымға жедел түрде тартуға ынталандырады. Осылайша, қабылданған заң стрестік активтерді экономикалық айналымға тарту арқылы стрестік активтердің қайталама нарығын дамыту үшін берік негіз жасайды деп түсіндіреді агенттік өкілі.