Ғылым • 14 Қыркүйек, 2022

Ағзаға пайдалы инновациялық өнім

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде көптеген ғалымдар еліміздегі өсімдіктер әлемінің толық зерттелмей отырғанын алға тартып келеді. Осы орайда денсаулық сақтау саласының адам денсаулығын жақсарту бағытында табиғаттың тартуын тиімді пайдаланып отырған елдердің тәжірибесін негізге алуы өте өзекті екені анық.

Ағзаға пайдалы инновациялық өнім

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы» базасында ашылған өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнім әзірлейтін шағын өндіріс мамандары дала алқаптарында әлі күнге зерттелмей жатқан өсім­дік­тер­дің адам ағзасына пайдасы мол екенін зерттеп, өте пайдалы препарат­тар өндірісін дамытуды мақсат етіп отыр.

Өндіріс соңғы үлгідегі құрыл­ғы­лар­мен жабдықталған. Жоба авторы – Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жанар Жеңіс отандық дәрілік өсім­дік­терді зерттеу нәтижесінде жасал­ған түрлі биологиялық белсенді қоспалар жайында айтып өтті. Ғалымның айтуынша, қазіргі таңда тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және им­мунитетті көтеретін, коронавирус ин­фекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалған.

Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерт­теу орталығы 2019 жылы ашыл­ған. Ал орталық базасында жаңадан ашылған био­ло­гиялық белсенді қоспалар мен фитошайлар дайындайтын өндірістің мүм­кіндігі мол. Мамандар биоло­гия­лық белсенді қоспалар мен фитошайлар адам ағзасындағы қант деңгейін төмендетуге, қан қысымын реттеу­мен қатар асқазан-ішек жүйесінің жұ­мысын жақсартып, иммунитетті көтеруге мың да бір ем дейді.

Заманауи өндірістің жұмысымен танысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі» деп атап өтіп, орталық әзірлеген өнім­дерді елі­міздің дәріханаларына орна­лас­ты­ру­ға министрлік тарапынан қолдау көр­се­ту­ге уәде етті.

Бұл өндірістің коммерциялық қана емес, ұлттың денсаулығын жақ­сар­­тудағы да мүмкіндігі зор. Таби­ғи дә­рі­лік пре­параттардың адам ағзасына жанама әсері аз, пайдасы мол, бағасы жағынан да қолжетімді. Осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев дәрілік препараттар медицина саласындағы өзекті мәселелерді шешуге себепші болатынын атап өтті. Ректордың айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты – еліміздегі дәрілік өсім­діктер әлемін зерттеу. Яғни ғы­лыми орталықтың нәтижелі жұмысы көптеген түйінді мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік бере отырып, дә­рі­лік өсімдіктерді пайдалану арқылы көптеген әсерлі, табиғи негіздегі дә­рі­лік заттардың, оның ішінде сырттан импортталып жатқан көптеген дә­рі­лердің елімізде өндірілуіне ықпал ететін болады. Орталық сонымен қатар медицина саласының өркендеуіне, ел экономикасының дамуына да септігін тигізеді деген сенім мол.

Бүгінде орталықта магистранттар мен докторанттар жұмыс істеуде. Орта­лықтың заманауи бағытта дамуы студенттердің тәжірибеден өтіп, білімдерін жетілдірумен қатар ден­сау­лық, экология саласындағы заманауи жаңалықтарды игеруіне мол мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ