Президент • 14 Қыркүйек, 2022

Президент ашкенази және сефард раввинаттарының басшыларын қабылдады

384 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасыс-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқаны, сондай-ақ Қазақстанның бұл бастамасын белсенді қолдағаны үшін ашкенази және сефард раввинаттарының беделді басшыларына алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент ашкенази және сефард раввинаттарының басшыларын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды ұзақ тарихи кезеңде қалыптасқан діни және мәдени әралуандылық ерекшелендіргенін атап өтті.

Қазақстан аумағында ірі әлемдік және дәстүрлі діндердің, соның ішінде иудаизмнің рухани дәстүрлері тоғысқан. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту бағытында дәйекті саясат жүргізіп келеді.

Мемлекет басшысы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін атап өтіп, сауда-экономикалық іс-әрекеттер жанданып, мәдени-рухани байланыстар дәйекті түрде нығайып келе жатқанын тілге тиек етті.

Давид Лау мен Ицхак Иосиф Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайтуға бейілді екеніне, әрдайым діни сенім бостандығын қолдайтынына назар аударып, бұл салада өзге мемлекеттерге үлгі болатынын жеткізді.