Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2022

Қолбасшыға қола мүсін қойылды

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысы орталығында тағы бір саябақ ашылды. Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген саябақтың төріне даңқты қолбасшының мүсіні де қойылды.

Қолбасшыға қола мүсін қойылды

Суретті түсірген автор

Екінші дүниежүзілік со­ғыста ерен ерлік көрсеткен батыр атындағы саябақ Қазыбек би мен Ілияс Есенберлин даң­ғыл­дарының қиылысында орын тепті. Ал қоладан құйыл­ған ескерткіштің биіктігі тұғы­ры­мен қоса есептегенде 8,5 метр­дей. Генералдың болмысын сипаттайтын мүсін шынымен де сәтті шыққан.

– Құрметті жерлестер, бүгін – облысымыз бен Өскемен қа­ла­сы үшін айтулы күн. Себе­бі біз Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қор­ғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке ар­налған ескерткіштің ашылу сал­танатына арнайы жиналып отырмыз. Сағадат Қожах­мет­ұлының өмір жолы барша қазақстандыққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Оның тәуелсіз Қа­зақ­станның Қарулы күштерін қалыптастыру және дамыту жолындағы атқарған еңбегі орасан зор. Осы ретте Сағадат Қожахметұлы Қазақстандағы Халық Қаһарманы және армия генералы деген атақтарға ие болған бірінші адам еке­нін де ерекше атап өткім ке­леді. Біздің міндетіміз – ба­тырға лайықты құрмет көр­сету, даңқты тұл­ғаның рухын жаңғырту. Генералдың ерлігі мен еңбегін насихаттау мақ­са­тында салын­ған сая­бақ халық­тың сүйікті демалыс орнына айналады деп сене­мін, – деді салтанатты

жи­­ын­­­ға арнайы келген аймақ бас­­шысы Даниал Ахметов.

Сонымен қатар Сағадат Нұрмағамбетовтің шәкірті әрі әріптесі, генерал-лейтенант Болат Жанасаев пен даңқты қол­басшының немересі Лира Нұрмағамбетова да жылы есте­ліктерімен бөлісіп, осындай саябақ пен ескерткіштің ашылуына үлес қосқан ел ағаларына алғыстарын айтты.

Ал ескерткіштің лентасын Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Құрмат Рахимов пен Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қи­ды. Жиналған қауым батыр баба рухына тағзым етіп, ес­керт­кішіне гүл шоқтарын қойды.

Аумағы бір жарым гектар жаңа саябақ отбасымен дем­алуға таптырмас орын екен. Төрт субұрқақ, терраса, 100-ге жуық орындық пен сәулет өнерінің өзге де туындылары көздің жауын алады. Саябақ аумағына 200-ге жуық түп ағаш отырғызылып, жеріне су жа­ңа газонның төселуі де ке­лу­­­ші­лер­ді қуантатыны сөз­сіз.

 

Шығыс Қазақстан облысы