Сербтердің өнеріне сүйсіндік
Ресейдің грек-рим күресі шеберлеріне төрткүл дүниеде тең келер команданың жоқ екені барша жанкүйерге аян. 1993-2021 жылдар аралығында ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында олар 44 алтын, 26 күміс және 28 қола медаль иеленді. Барлығы – 98 жүлде. Шыны керек, дәл осындай зор табысымен ешбір команда мақтана алмайды. Бірақ барлық мықты бас қосқан байрақты бәсекеде аталған мемлекеттің балуандары бой көрсеткен жоқ. Оның себебі өздеріңізге де мәлім. Біріккен күрес әлемінің (UWW) басшылары Беларусь құрамасына да сондай шектеу қойды.
Көшбасшы команданың жоқтығын Сербияның саңлақтары ұтымды пайдаланды. Өткенге зер салсақ, бұған дейін әлемдік додада аталған елдің өрендері бар-жоғы 10 жүлде иеленді. Соның үшеуі ғана алтын. Бұл жолы жарыс қожайындары айды аспанға бір-ақ шығарып, төрт бірдей бас жүлдені олжалады. Соның арқасында өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Бұл ретте кейбір жанкүйер «Сербтер легионерлердің арқасында ғана осындай биікке көтерілді», деп айтуы да мүмкін. Иә, 72 кило салмақта күрескен Әли Арсалан мен 87 кило салмақта сайысқа түскен Зураб Датунашвилидің өзге елдердің өрендері екені рас. Бірі – ирандық, екіншісі – грузин. Алайда Себастьян Надь (63 кило) пен Мате Немештің (67 кило) сол мемлекеттің төл тумалары екенін естен шығармаған жөн. Оның үстіне, жергілікті бапкерлер легионерлерді де дұрыстап таңдай білген. Қырағы мамандар қаптап жүрген көлденең көп аттыларды емес, нағыз «жүзден – жүйірік, мыңнан – тұлпарларды» өз қатарларына қосқан. Қазір соның жемісін көріп отыр. Шыны керек, дәл сол күндері сербиялық балуандардың өнеріне сүйсінбеген жанкүйер жоқ-ау, сірә!
Қырғыздарға қызыға қарадық
Кезінде біздің балуандар бастапқы бәсекелердің бірінде қырғыздармен кездесетіндері жайында құлағдар болғанда «Жақсы болды ғой, оларды қалпақпен қағып аламыз» деп алақандарын ысқылап отыратын. Ал қазір бәрі керісінше. Қазақтармен жолдары қиысатынын естісе, қырғыздар қуанатын болған.
Қырғызстанның грек-рим күресі тарихына зер салсақ, бұған дейін осы елдің алты балуанына ғана әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырған екен. Нақтылап айтсақ, 1999 жылы Афинада Ратбек Санатбаев қола медальды мойнында жарқыратты. 2006 жылы Гуанжоуда Қанатбек Бегалиев күміспен күптелді. 2010 жылы Мәскеуде Данияр Кабонов үшінші орынға табан тіреді. 2018 жылы Будапешт және 2021 жылы Ослода Жоламан Шаршенбеков ақтық сайысқа дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста ұтылды. Бұл жолы қырғыздың үш бірдей қайсар ұлы Дунайдың жағалауында өткен жарыста атой салды. Олардың күресін көрген де арманда, көрмеген де арманда!
77 кило салмақ дәрежесінде дараланып жүрген 23 жастағы Ақжол Махмутовтың жүріп өткен жолы барша жанкүйердің көз алдында. Ол Қазақстанға сан мәрте келіп, біздің жігіттерді сыпыра ұтып жүрді. Күресі керемет, қолданатын әдістері кесек. Тік тұрып күрессе, Ақжолды орнынан қозғалтудың өзі қиын. Қарсыласы төрттағанға түссе, аяғын тыпырлатып тұрып жерден жұлып алады да, қос жауырынымен жерге бір-ақ қадайды. Өзі сондай жағдайға тап болса, сауатты қорғанып, кілемге кенеше жабысып жатады. Токио Олимпиадасы мен Джакартадағы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы деген атағы бар Махмутов Белградта қарсылас шақ келтірмеді. Ал финалда Мажарстанның марқасқасы Золтан Леваиға қарсы екі тәсіл ғана қолданып, айқын жеңіске қол жеткізді. Осылайша, Ақжолдың есімі Қырғызстанның грек-рим күресі шеберлері арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.
60 кило салмақтағы Жоламан Шаршенбеков те шашасына шаң жұқтырмады. Қырғыздың өр мінезді ұлы бұған дейін әлем чемпионаттарында екі рет финалға шығып, екі ретінде де жеңіліс тапты. «Ер кезегі үшке дейін» деп бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Жоламан Белградтағы белдесулерінің бәрінде күмәнсіз жеңіске жетті. Финалда ол Болгарияның 20 жастағы жас жолбарысы, Еуропа чемпионы Эдмонд Назарянның тас-талқанын шығарып, алтын тұғырдан қол бұлғады.
«Штарк Аренаға» жиналған жанкүйерлер 67 кило салмақта сынға түскен Амантур Исмаиловтың жанкештілігіне айрықша риза болды. Қола медаль үшін тартыста ол грузиялық Джони Кецураниден алты ұпай айырмашылығымен ұтылып жатса да, соңғы секундтарға дейін еш аянбай айқасты. Қырғыз балуаны дамылсыз шабуылдады. Ақыры бұл әрекеті өз жемісін берді. Уақыт оза Кецурани болдыра бастады. Амантур оны атойлап ұтты. Есеп – 17:8. Міне, дәл осындай мінезді, рухты, жанқиярлық пен табандылықты және жеңіске деген құштарлықты біз Белградта белдескен қазақ жігіттерінің бойынан көре алмадық.
Жалпы есептегі жағдай
Қоржынында төрт алтыны бар Сербия құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орынды Түркияның тарландары иеленді. Анадолы елінің ерлері 2 алтын мен 3 қола медаль олжалады. Үшінші сатыға Қырғызстанның балуандары (2+0+1) жайғасты. Дәл осындай белеске «айыр қалпақтылар» алғаш рет көтеріліп отыр. Әзербайжан
(1 алтын+1 күміс+3 қола) төртінші орын алса, Армения (1+0+1) үздік бестікті түйіндеді. Сондай-ақ бұл жарыста Иран (0+2+1), Грузия мен Болгария (0+2+0), Мажарстан (0+1+2), Өзбекстан (0+1+1), Дания (0+1+0), Жапония мен Украина (0+0+2), Қытай, Қазақстан, Литва және Румынияның (0+0+1) байрақтары биікте желбіреді.
Сенім ақталған жоқ
Қазақстанның балуандары арасынан 60 кило салмақтағы Айдос Сұлтанғали ғана өз жанкүйерлерін қуанта алды. Бастапқы белдесулерінде қарсыластарын сыпыра жеңгенімен, жартылай финалда оның жолы болмады. Қандасымыз қырғызстандық Жоламан Шаршенбековке лайықты қарсылық көрсете алмады. Есесіне үшінші орын үшін күресте ол өзін жақсы қырынан көрсетті. Мажарстандық Кристиан Кечкеметидің әбден сілікпесін шығарған Айдос өзінің спорттық карьерасында екінші рет әлем чемпионатының қола медалін мойнында жарқыратты. Былтыр Ослода да жерлестеріміз бір ғана медаль еншілеген еді. Ол кезде Алмат Кебісбаев үшінші орынға табан тіреген-тін.
Ал өзге грек-рим күресі шеберлерінен еш қайыр болмады. Жартылай финалға екі жерлесіміз ғана шықты. Бұл межеде грузиялық Нугзари Цурцумияға (3:5) жол берген Аманғали Бекболатов қола медаль үшін тартыста өзбекстандық Жасурбек Ортикбоевтан (5:9) жеңілді. Алғашында қандасымыз бес ұпай айырмашылығымен алда келе жатқан еді, алайда қарсыласы оны тік тұрған қалпында қолынан мықтап ұстады да, оп-оңай айналдыра салды. Жасурбектің бұл әдісін төрешілер төрт ұпаймен бағалады. Одан кейін Аманғали еңсе тіктей алған жоқ.
Жұбаныш белдесуінде жеңіске жетіп, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болған Ибрагим Магомедов (72 кило) шешуші тұста сүрінді. Әуелде ол да Сельжук Канды ұтып жатқан. Сол басымдығын сақтап қала алмады. Магомедовтің сәл босаңсыған сәтін оңтайлы пайдаланған түркиялық спортшы таразы басын теңестіріп кетті – 3:3. Соңғы ұпайды Кан алғандықтан, ережеге сай жеңіс соның еншісіне жазылды. Ал Ғалым Қабдынасыров (63 кило), Дін-Мұхамед Қошқар (67 кило), Темірлан Шадукаев (77 кило), Диас Қален (82 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило), Ислам Умаев (97 кило) және Әлімхан Сыздықов (130 кило) бірден жеңілістің кермек дәмін татты.
Сөз орайы келгенде, осы жарыста Қазақстанның балуандары Өзбекстан құрама командасының мүшелерімен үш рет кездесіп, барлығында жеңіліс тапқанына қатты қынжылдық. Атап айтсақ, Аманғали Бекболатов (5:9) Жасурбек Ортикбоевтан, Диас Қален (5:6) Жалғасбай Бердімұратовтан және Ислам Умаев (0:6) Рустам Ассакаловтан жеңілді.
Негізі біз өз балуандарымыздан сапалы күрес және бұдан әлдеқайда жақсы нәтиже күткен едік. 23 жыл бойы аңсаған алтын медальдың сыңғырын Дунайдың жағалауында еститін шығармыз деп үміттендік. Бірақ Белградта ондай бақ бізге бұйырмады. Сол себепті де «отандық грек-рим күресі шеберлерінің осы әлем чемпионатындағы жалғыз қоласына көңіліміз толмады, артылған сенім ақталмады» деп айтуға барлық негіз бар.
Грек-рим күресінен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
55 кило: 1. Елдениз Азизли (Әзербайжан), 2. Нугзари Цурцумия (Грузия),
- Ю Сиотани (Жапония) мен Жасурбек Ортикбоев (Өзбекстан).
60 кило: 1. Жоламан Шаршенбеков (Қырғызстан), 2. Эдмонд Назарян
(Болгария), 3. Кенширо Фумита (Жапония) мен Айдос Сұлтанғали
(Қазақстан).
63 кило: 1. Себастьян Надь (Сербия), 2. Лери Абуладзе (Грузия), 3. Талех
Мамадов (Әзербайжан) пен Ербату Туо (Қытай).
67 кило: 1. Мате Немеш (Сербия), 2. Мохаммадреза Гераи (Иран),
- Хасрат Жафаров (Әзербайжан) пен Амантур Исмаилов
(Қырғызстан).
72 кило: 1. Али Арсалан (Сербия), 2. Ульви Ганизаде (Әзербайжан),
- Андрей Кулик (Украина) пен Сельжук Кан (Түркия).
77 кило: 1. Ақжол Махмутов (Қырғызстан), 2. Золтан Леваи
(Мажарстан), 3. Малхас Амоян (Армения) мен Юнус Башар
(Түркия).
82 кило: 1. Бұрхан Ақбұдақ (Түркия), 2. Жалғасбай Бердімұратов
(Өзбекстан), 3. Ярослав Фульчаков (Украина) пен Тамаш Левай
Мажарстан).
87 кило: 1. Зураб Датунашвили (Сербия), 2. Турпал Бисултанов (Дания),
- Али Ченгиз (Түркия) бен Давид Лосончи (Мажарстан).
97 кило: 1. Артур Алексанян (Армения), 2. Кирилл Милов (Болгария),
- Ариф Нифтуллаев (Әзербайжан) пен Мохаммадхади
Сарави (Иран).
130 кило: 1. Риза Каялп (Түркия), 2. Амин Мирзазаде (Иран),
- Алин Алексус-Чурариу (Румыния) мен Мантас Княстаутас
(Литва).