Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2022

Ол жеңіспен оралады

272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тағдыр тәлкегіне дес бермей, басқа түскен ауырт­па­лықты кәтепті қара нардай көтере білген, бойын­дағы бар қажыр-қайратын сарқа жұм­сап, алға ұмтылған Әсем Жанәділова әлемдік деңгей­дегі сайысқа қатысу үшін Африкаға аттанады.

Ол жеңіспен оралады

Алыс сапарға шыққанда кір жуып, кіндік кескен шоқ жұлдыздай шағын ғана Тассуаттың көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып жүретіні бар. Күш  береді, қуат дарытады. Алапат сағыныш жан дүниесін меңдеген сайын алып-ұшып асығатыны бар. Туған жер деген ыстық қой, шіркін! Осы ауылда туып-өсті, балау­са арманы да бүр жарды. Балаң көңіл қашанда шетсіз, шексіз қиялшыл еді. Бірақ спортшы боламын деп әсте ойлаған жоқ. Бәрі 2017 жылы басталған. Сол жылы зәуі бір себеппен аяғынан айырылып қалғаны. Отадан кейін бар дүние күңгірт тартып, болашақтан күдер үзгендей болғанын да жасыра алмайды. Күндердің бір күнінде тіршіліктің арнасын өзгерткісі келген. Қос қақпаның арасынан жол таппай, абдырап қалған ару бұл өмірдің күрес екенін ұққан. Қиындықпен күресе білгендер ғана жұлдызын жандырмақ. Ендеше, боркемік болған дұрыс емес. Сөйтіп, спортпен айналыса бастады. Онда да ядро, найза, диск лақтырумен. Әлгі заттарды лақтырғанда, иығынан басқан, тұла бойын жаныштап жерге тығып жібергісі келіп тұрған тіршіліктің тауқыметімен. Бойына бар күшін жинап, серіппедей шиырылып лақтырғанда, құдды бір найзаны емес, өмірдің қиындығын, пешенесіне жазылған сынақтың салмағын лақтырғандай өршеленетін. Аз уақыттың ішінде әдіс-тәсілін меңгеріп алды. Табиғат сыйлаған қуат та арнасынан асып-тасып жатқандай.

– Өмірде не болмайды?! – дейді Әсем Жанәді­лова, – адам ешқашан қиындыққа мойынсұнып, ұнжыр­ғасы түспеуі керек. Біз мынау жарқын өмір­ден сыбағамызды күресіп жүріп аламыз. Жал­пы, тағдыр өр мінезді, қайсар адамдарды ұнатады. Ал спорт жігеріңді жанитын, өмірге деген құш­тарлығыңды арттыратын, тұла бойы­­ңа шымшымдап күш-қуат дарытатын айрықша өнер. Осы спорт арқылы дәм бұйырған талай жерге барып, жарыстарға қатысып жүрмін. Еш кемдігі жоқ. Тіпті бо­йым­дағы өкініш тарап, өзім тәрізді адамдарды еште­ңе­ден түңілмеуге, қайта қайраттануға шақырып жүремін.

Алғашқы айлар қиын өткен. Дегенмен, үміт лебі, көкіректегі әдемі арман бәрін жеңеді екен. Облыс­тық жарыстарда жүлдеге ие болып жүрді. Облыстық «Үміт» спартакиадасында топ жарды. Атырау қаласында өткен ядро лақтырудан бірінші, диск лақтырудан бірінші, найза лақтырудан екінші орынға ие болып, спорт шебері атанды. Биыл Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық жарыста тағы да топ жарғанында жаттықтырушысы Данияр Бектемісовтің қуанышында шек болған жоқ.

Енді, міне, Африка құрлығының Марокко қала­сында өтетін әлемдік жарысқа аттанып барады. Үйінде қалған ұлы мен қызына аздап алаңдағаны болмаса, көңілде еш күдік жоқ. Қос перзентін таңғы шықтай мөлдіреген аналық ақ махаббатымен аялап, Жақсының жалпақ даласында көктемде өсетін қызғалдақтай құлпыртып, өсіріп келеді. Олардың бойына да еменнің иір бұтағындай қайсарлық дәнін сіңіруде.

– Алдын кім болжап білген? – дейді кейіпкеріміз, – баяғыда Тассуаттағы аталарымыз бен әжелерміз «келер күннен күдеріңді үзбе» деп ақылдарын айтып отыратын. Дарқан даланың данышпаны – сол адамдардың жол сілтеуімен өстік емес пе? Енді біз де кейінгіге өмірден түйгенімізді айтамыз. Айту аз, өз ісіңмен өнеге болған жөн. Өз басым осындай жарыстарда жеңіске жеткен сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға өнегелі үлгі болады деп есептеймін.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы