Қызылша өткізіп, қант алған
Ауданға осы бағытты мықтап қолға алатындай инвестор тартылса, бұл облыстың экономикасын ұлғайтумен бірге азық-түлік қауіпсіздігін де құнттаудың тиімді тетігіне айналар еді, дейді бесқарағайлықтар.
Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Баталовтың пікіріне сүйенсек, өңірде ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер жеткілікті. Мәселен, қарағайлы өлкенің жер көлемі 1,1 млн гектарды алып жатқанын ескерсек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 460 мың гектарға созылып жатыр.
«Ауылды елді мекендер 210 мың гектар жерде орналасқан. Ауданда 33 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істеп келеді. Жайылымдық жерлерді ұлғайтуға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықты жайылымды жермен қамтамасыз ету бағытында бірқатар іс-шара қолға алынды. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарды қолдау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұдан басқа аудандағы елді мекендерді сумен жабдықтауға арналған жобаларды іске асыру жалғасын тауып келеді. Мысалы, халықты 100% ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Глуховка ауылында су құбыры желілері мен суды тарататын құрылымдар салынып жатыр. Жобаның жалпы сомасы – 611 млн теңге. Су құбыры желілерін тарту бойынша жұмыстар басқа ауылдарда да іске асырылуда. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында барлық жоба аяқталды», деді Б.Баталов.
Алайда бесқарағайлықтар ауданның әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп, халықты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу қажет деп санайды. Айталық, егемендіктің елең-алаң шағында бұл өңірде қант қызылшасы өсіріліп, өндірілген өнім облыстан бөлек көршілес елдерге де сатылып жүрген. Ұмыт болған шаруашылық жаңғыртылса, жергілікті халық өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендерін жеткізді.
«Жаңа жұмыс орындары ауадай қажет. Мұны қалай іске асыруға болады десеңіз, мысалға қант зауытын ашуға болады. 80-90-шы жылдары мұнда қант қызылшасы өсірілген еді. Біз оны Талдықорғанға апарып, оның ақысына дайын қантты алып жүрдік», дейді ауданның тұрғындары.
Кенжелеп қалған кәсіп жаңғыртылса игі
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бұл мәселе міндетті түрде пысықталатынын айтты. Қазір осы қант зауытының құрылысына байланысты дайын жоба да бар көрінеді. Десе де мұны мұқият зерттеп, оның тиімділігін жан-жақты талдау қажет деді өңір басшысы.
«Шынымды айтсам, бұл мен үшін жаңалық болды. Осы өңірдің тумасы болсам да бұрындары Бесқарағайда қант қызылшасы өсіріліп келгенін білмеппін. Міндетті түрде осы мәселені егжей-тегжей қарап, оны іске асырудың жолдарын ойластырамыз. Біздің жоспарымызда қант зауытының құрылысына байланысты жоба бар. Бірақ бұл әзірге жоспарда тұрған жоба. Өзім естігенімдей, көршілес Ресейдің Алтай өңірінде қант қызылшасы жемісті өсіріліп келеді. Неге бізде осы бағытты қолға алып, жүзеге асырмасқа? Әлбетте, оны іске асыру оңай шаруа емес. Осыған қатысты жобаны жүзеге асырар кезде оны хабарлайтын боламыз», деді Н.Ұранхаев.
Әйтсе де облыс әкімі бір кездері ауданның қозғаушы күші болған өсімдік шаруашылығының қазіргі қарқыны бәсеңдеп қалған жасырмады. Неге десеңіз, қаладағы сауда орталықтарынан Бесқарағайдың атақты ауылшаруашылық өнімдерін табу қиын.
«Бесқарағайды аграрлы секторы дамыған аудандардың бірі дейміз. Алайда бұған қатысты туындап отырған сұрақ көп. Мысалы, Бесқарағайдың атақты қарбыздары мен Долонның қызанақтары қайда? Сондықтан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бізге осы өңірдің оң жамбасына келетін бұрынғы кәсіпті жолға қою қажет. Сол себепті аудан әкімдігі және облыстық басқармамен ақылдасып, аталған саланы дамытудың тетігін қарастырамыз», деді өңір басшысы.
Бұдан бөлек бесқарағайлық диқандар шаруаны дөңгелету үшін зайымдық қаражаттың жетіспейтіндігін айтты. Шаруалар техника паркін жаңартайын десе банктер кепілдікке қалта көтере алмайтындай соманы сұрайтынын жеткізіп, салы суға кетіп отыр. Н.Ұранхаев бұл мәселені «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мен лизингтік компаниялар арқылы шешуге болатынын айтты.
P.S. Биыл қант тапшылығы елімізді біраз әбігерге салғаны мәлім. Жаздың екі айында сауда орталықтары мен супермаркеттерден шекерді табу қиынға соқты. Тапқан күннің өзінде бір адам бір килодан артық өнімді әкете алмайтын. Ал оның бағасы қаншалықты қымбаттағанын айтудың өзі артық. Жоғарыдағы пікірлерден аңғарылғандай, өңірлердегі шаруаларда қант қызылшасын өсіру бойынша тәжірибе жеткілікті. Тек инвестиция құйылып, қолайлы жағдай жасалса игі.
Абай облысы,
Бесқарағай ауданы