Өнер • 15 Қыркүйек, 2022

Әмен Қайдаров туралы анимациялық фильм түсіріліп жатыр

695 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ және түркі анимациясының негізін қалаушы Ә.Қайдаровтың 100 жылдығына арналған шағын анимациялық хикаяның түсірілімі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әмен Қайдаров туралы анимациялық фильм түсіріліп жатыр

Ұлттық анимация атасының өміріндегі ең жарқын сәттерге негізделген фильм «Әмен ағаның ғажайып ағашы» жұмыс атауымен қысқаметрлі анимациялық туындылардың қатарын толықтырмақ. Аталған картина Ш.Айманов атындағы АҚ «Қазақфильм» киностудиясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілуде. Анимациялық фильмнің сценарийін Әмен Қайдаровтың шәкірті Тамара Мұқанова мен қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист Зира Наурызбаева жазған.

е

«Фильм желісі Әмен ағаның «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінде жұмыс істеген жылдарымен тікелей байланысты өрбиді. Шығармашылығын балалар әлемімен байланыстырған Әмен ағаға шабыт қалай келді, ол анимация өнерімен қалай айналыса бастады, түсірілім кезіндегі басқа да бастан кешкен қиындықтары мен қызықтарын бүгінгі көрермен білуі тиіс деп ойлаймын.  Негізгі мәліметтер мен әдеби деректер Б.Нөгербековтің «Когда оживает сказки» кітабынан алынды. Фильм тармақты  тәжі аспанға жеткен ерекше алма ағашының ақ-қара сызбасынан басталады, желмен бірге сыбдырлаған үлкен жапырақтары мен жердің қалың қатпарына сіңіп, құнарлана түскен тамырлары ұлттық анимацияның символикалық бейнесі іспетті. Әмен аға ағашының ерекшелігі де сол. Мұқият зерттегенде, алмалар  дөңгелек қаңылтыр жәшіктер болып шығады ( ол кездегі фильмдер дөңгелек қаңылтыр жәшіктерде сақталған)», деді фильмнің қоюшы режиссері Жанәділ Байдарбеков. 

а

Режиссер Жанәділ Байдарбеков – көптеген қысқаметрлі жобалардың авторы. «Балапан» телеарнасына  түсірген сериалдарын кішкентай  көрермендер сүйіп тамашалайды. Оның 2021 жылы түсірген «Ырысты ыдыстар» атты 20 сериядан тұратын жұмысы Әмен фестивалінде «Ең үздік телесериал» номинациясын жеңіп алды. «Әмен ағаның ғажайып ағашы» жұмыс атауымен қолға алған анимациялық фильмін жасауға  он шақты маман жұмылдырылған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін туындыны аяқтау міндеті тұр. 

н

«Жалпы 10 минуттық фильм жасауға кемінде жарты жыл уақыт кетеді. Қазір бізде техникалық тұрғыдан біраз қиындықтар бар. Себебі суретте тек мультфильм жасаушыларды ғана емес, Әмен ағаның жанында жұмыс істеген Нұрғиса Тілендиев, Олжас Сүлейменов сынды мәдениетіміздің көрнекті қайраткерлерінің, өзге де белгілі тұлғалардың образын, түр әлпетін барынша ұқсатып жасау үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр», дейді жас режиссер. 

в

Жаңа анимациялық фильм қазақстандық көрерменге алдағы жылдың көктем айында Әмен Қайдаровтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жол тартады.