Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2022

Ақбауырға назар ауды

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыста «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, шетелдік жетекші тарихшы ғалымдар және дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.

Ақбауырға назар ауды

Ғылыми-тәжірибелік кон­­­­­фе­рен­цияның басты мақ­са­ты – халықаралық ғы­лы­ми қа­уымдастық пен қа­лың жұрт­шы­лықты аймақ­тың архео­ло­гиялық әлеуе­тімен таныстыру. Конфе­рен­цияда еліміздің бе­делді гу­манитарлық ғылыми институттары мен жоғары оқу орындарының тарихшы-ға­лым­дары баяндама жасады.

Іс-шара аясында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жер­­гілікті ғалымдардың қаз­ба жұ­мыстары нәтиже­сін­де табылған құнды жәді­гер­лер­мен танысты.

– Бүкіл Еуразия кеңіс­тігін­дегі туыс халықтардың, әсіресе қазақтың тарихында ас­­қар таулы қарт Алтайдың орны ерекше. Сақ өркениеті мен алғашқы далалық империя құрған ғұндардан басталатын Түркі дүниесі пайда болған Алтай түркі әле­мі­нің алтын бесі­гіне ай­нал­ды. Ғалымдармен бірге Ұлан ауданындағы қо­ла дәуіріне жататын Ақ­бауыр ескерт­кішінде болып, сақтардың ежелгі қо­­ны­сын көріп қайттық. Ға­лым-археологтердің зерттеу нәти­желері ғылым па­рақтарын жаңартатыны анық. Осы орайда министрлік тарапынан архео­логиялық зерт­теулерді қаржыландыру мә­селесіне 2022-2024 жыл­дарға арналған тарих ғы­лымы бойынша жалпы қар­жыландыру көзделгенін атап өткім келеді, – деді Қуа­ныш Ерғалиев.

Естеріңізге сала кетсем, Ақ­­­­бауыр үңгірі – қола дәуі­рі­нің ескерткіші. Ат ізін салар болсаңыз, үңгір қа­быр­ға­сындағы кү­рең охрамен са­лынған аң сти­ліндегі сурет­терді көрер едіңіз. Та­рих­шы ма­мандардың пікі­рінше, ол суреттер б.з.б. 3-мың­жыл­дық­тың басына жатады екен. Төбесі ойық үңгір де кір­ген адамға ерекше әсер етеді. Үң­гір төріндегі сурет­тер­дің маз­мұны өте күр­делі. Қос дөң­гелекті арба, өгіз, таутекенің су­рет­тері бейнеленген. Бұл да­ғы сол дәуірдегі діни наным-сенім­деріне байланысты бол­с­а керек. Ақбауырдағы қаз­ба жұмыстарының өзге қо­­рым­дардан ерекшелігі, мұн­да сақтардың қонысы та­­был­ған. Мәселен, Берелде тек жер­­лен­ген орындары ға­на бол­­са, мұнда сонау ғасыр­дың тұр­мыс-тіршілігін ай­ғақ­тайтын дүниелер табыл­ған.

Тағылымды, танымдық конференциядан соң Ұлан ауданы, Бестерек ауылында жаңадан бой көтерген өл­кетану музейі ресми түрде ашылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы