«Қазір ел Үкіметі жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жобасын қолға алды. Қанатқақты жоба бойынша өз ауласында қосалқы шаруашылық ұйымдастырған ауыл тұрғыны үйін кепілдікке қойып, 2,5 пайыз жеңілдікпен несие ала алады. Осы кезге дейін көп жағдайда қаржы ұйымдары ауылдың ескі үйлерін кепілдікке алмайтын болғандықтан, ауыл адамы үшін жеңілдетілген несие алу қиынға түсетін. Ендігі жерде қосалқы шаруашылықтарды қаржыландыруды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары тікелей жүзеге асырады. Осы жобаға тұрақты табысы жоқ, аз қамтылған отбасылар да қатысады, соның ішінде жұмыссыз жастарға артықшылық беріледі. Мақсатымыз – ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылық жүргізуіне барынша қолдау көрсету. Сол үшін әр ауылдық округ әкімі өз елді мекеніндегі отбасылардың жеке қосалқы шаруашылық ұйымдастыра алатындай мүмкіндігіне талдау жүргізгені жөн. Бір сөзбен айтқанда, әрбір аула отбасының кіріс көзіне айналуға тиіс.
Айта кету керек, еліміздің әр өңірінде жеке қосалқы шаруашылық ұйымдастыру жағы түрліше қалыптасқан. Мәселен, солтүстік өңірлердегі ауыл тұрғындары көбінесе құс шаруашылығына артықшылық береді. Ал Ақтөбе облысында ауыл адамдарының мал бағып, көкөніс, жеміс ағаштарын өсіріп, табыс табу жолдарын тезірек жолға қою керек. Бұл үшін арнайы мамандарды да шақырып, кеңес беруді де ұйымдастырамыз», деп тапсырма берді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар өндірістік аудандардағы ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын құру қолға алынады. Бұл аудан экономикасының дамуына тың серпін берері анық. Өндірістік нысандардың жанында кәсіпкерлік белдеуін орнату мұнай және хромит кенін өндіретін Хромтау, Мұғалжар, Темір аудандары үшін қолайлы мүмкіндік болғанымен, Ырғыз, Әйтеке би сияқты бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын, климаттық жағдайы күрделі, су тапшылығын сезініп отырған аудандарға оңай болмасы анық.
Құс, балық өсіру, бақша шаруашылығын дамыту арқылы қосалқы шаруашылықтар ұйымдастыру сауатты түрде қолға алынса, өңірдегі азық-түлік белдеуі нық қалыптасары сөзсіз. Осы кезге дейін жергілікті тауар өндірушілері азық-түліктің негізгі түрлерімен өңір тұрғындарын толық қамтамасыз ете алмай келеді. Мәселен, тауық жұмыртқасы сырттан тасымалданады. Былтыр жергілікті бюджеттен тауық жұмыртқасын сатып алуға 480 млн теңге субсидия бөлінсе де, 900 мыңға жуық тұрғынның қажеттілігін толық өтей алған жоқ. Соңғы күндері қаладағы супермаркеттерде он дана жұмыртқаның бағасы 400 теңгеден асып барады. Күн салқындаса, жұмыртқа бағасы да шарықтай берері анық. Қалай болғанда да, сырттан тасымалданатын азық-түлік бағасын реттеудің бір амалы – жеке қосалқы шаруашылықтар жұмысын жүйелі түрде жолға қою.
Бүгінде Ырғыз ауданында жастардың жұмыссыздық деңгейі 1,5%-ды құраса, 1 200 жас өзін-өзі қамтығандар қатарында. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемейтін ауыл тұрғындары үшін жеңілдетілген несие алу арқылы шаруашылық түрлерін ұйымдастыру мамандардың көмегімен іске асырылатын жоба.
Дотацияда отырған ауданға туризмді дамыту да таптырмас мүмкіндіктің бірі. Ауданда 1 млн 463 мың гектар мемлекеттік «Ырғыз-Торғай» резерваты орналасқан. Киіктердің Бетпақдала тұқымы жазда осы мекенді жайлайды. Инспекторлардың айтуынша, былтыр резерват құмында 110 мың киік қыстап шыққан. Олар биыл 150 мың киік қыстайды деген болжам айтып отыр. Киіктер жаз бойы еш шаруашылыққа кедергі келтірмеген. Сондай-ақ резерват көлдерінде құстың 200 түрі мекендейді, соның ішінде «Қызыл кітапқа» енгізілген қызғылт бірқазан сияқты сирек құс бар. Резерваттың сулы-батпақты көлдері – Сібір, Памир бағытына ұшатын құстардың аялдайтын мекені. Осы көлдерді балықтың сегіз түрі, қосмекенділердің төрт түрі мекендейді. Құстардың да, киіктердің де көктемгі-күзгі қоныс аудару жолындағы осы табиғи белдеу ішкі туризмге сұранып-ақ тұрған жер. Екі жылдан бері Ақтөбе облыстық білім басқармасы мектеп оқушыларының жазғы демалысында өңірдегі көрікті жерлерге үш бағыт бойынша сапарлар ұйымдастырып жүр. «Ырғыз-Торғай» резерваты – мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылған экотуризмнің бір бағытына айналды. Өңір басшысы «Ырғыз-Торғай» резерваты мен 1 млн жыл бұрын метеорит құлаған Жаманшың кратеріне туристік маршруттарды әзірлеуді тапсырды.
Ақтөбе облысы