Медицина • 15 Қыркүйек, 2022

Алғыс арқалаған ағайынды дәрігерлер

910 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазбековтер отбасы жайлы жазуды талайдан ойлап жүрген едім. Оның себептері де бар. Алдымен, әңгімені Гүлнардан бастасам. Гүлнар екеуіміз Семей мемлекеттік медицина инс­ти­тутына 1970 жылы қабылданған студентердің бірі едік. Біз емдеу факультетінде болсақ, Гүлнар педиатрия факультетінің студенті еді. Жатақханалары да бөлек орналасқан, оқу жүйелеріміз де әртүрлі. Оның үстіне педиатрия саласында білім алатындар өздері де бала сияқты болатыны белгілі. Сырттай, оқу корпустарында бірлі-екілі көргенім болмаса, Гүлнардың студенттік кездерінен ешқандай есте қаларлықтай көріністер таба алмадым.

Алғыс арқалаған ағайынды дәрігерлер

Студенттік өмір аяқталып, әрқайсымыз әр тарапқа кетіп, еңбек жолын жал­ғастырған шақта Гүлнардың қолынан іс келетін білгір де, талапты жан екенін біле бас­тадым. Институтта алған білімін Павлодар облыстық балалар ауру­­ханасында интернатурада жалғастырған екен. Оқуын тәмамдаған соң өзі туып-өскен мекені Май ауданында педиатр қызметін атқарады. Айта кету керек, дәрігер жолын ауыл медицинасында бастағандар қашанда білгір, елгезек маман болып шығады. Оқулықтардан ғана білімді сарп етпей, өмір мектебінде шыңдалатыны сөзсіз. Бірақ Гүлнарға ол білім де аздық еткендей. Оған Қазақстанның педиатрия мен балалар хирургиясы институтының клиникалық ординатурасында оқуын жалғастыруы айғақ. Сол кездегі белгілі ғалымдар – академик Ормантаев, профессор Аюпова сияқты адамдардың жанында болып, «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей соларға қарап бой түзеді. Камал Ормантаев қазақ балалар хирургиясының атасы болса, Шолпан Аюпова – Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің бас педиатрі – ғалым-дәрігер. Кейін Республикалық статистика бюросының Алматы қаласының бөлімінде, одан кейінгі жылдары Алматы теміржолында дәрігерлік-санитарлық қызмет саласында қызметін жалғастырады. Әр жылдары Алматы қаласында учаскелік педиатр, Республикалық вирусты инфекциялық ауру­лар­ға қарсы орталықта және де басқа меке­мелерде қызмет етеді. Сонымен қатар Ден­саулық сақтау министрлігінде жетекші маман лауазымында қызмет атқарды.

Гүлнардың дәрігерлік өмірінде ерекше орын алатын тұсы – Алматы қаласындағы Ақсай балалар денсаулығын оңалту орталығында мекеме басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болған кезеңдері. Сол жылдары медицина ғылымдары кандидаты ғылыми атағын алып, ғылымға да ерекше ден қоюы.

Астанаға ауысуына байланысты Ұлттық аналар мен балалар орталығына ауысып, орталықтың ана мен балаларға медициналық көмекті ұйымдастыру бөліміне басшылық етті. 2010 жылы балалар арасындағы вирусты гепатиттің алдын алу тақырыбында докторлық диссертациясын да­йындап, қорғайды. Бір қызығы, диссертациясы Білім және ғылым министрілігінің сараптау комитетінде (бұ­рынғы ВАК) қаралған шақта менің ғылы­ми сарапшы болып жүрген күндерім еді. Сол ауруға қарсы вакциналау тәсілін де өзі шығарып, авторлық патент иегері болған. Ұлттық пен халықаралық деңгейдегі ғылыми журналдарда басылған жұмыстарының арасында көбінесе гепатитке, жүктілік кезіндегі ауруларға және иммунология, иммунопрофилактика тақырыптарына көп көңіл бөлетін. Маңдай терімен жазылған жұмыстардың жалпы саны 150-ден асады. Ерекше жұмысы арқылы МАИН академигі атағын алды. Гүлнардың диссертациясына талдау жасау ма­ған ұсынылып, медицина ғылымы мен тәжірибесіне өте қажетті де, сүбелі ғылыми ізденіс деп танып, қолдау көрсеттім. Міне қараңыз, студенттік шақты бірге өткізіп, енді бір-бірімізге қамқорлық танытып та үлгердік.

Зейнеткерлік жасқа жеткенде Гүлнар Астана медицина университетіне ауысып, про­фессорлық қызметін жалғастырды. Қыз­метіне түспес бұрын, ерінбей арнайы ұстаздық курстарын өтіп шыққан. 2014 жылы Қазақстан Ұлттық денсаулық сақтау бағдарламасын үздік бітірген. Жұмыс қорғау құ­қық­та­ры да оған мәлім болған. Кейін екеуміз Семей медицина университетінің докторлық диссертация қорғау кеңесінің мүшесі ретінде қаншама жас ғалымның өсуіне атсалыстық. Гүлнар бірбеткей, ойын анық та ашық айтатын ер мінезді жан еді. Кейде диссертанттарға аздаған жетіспей жатқан тұстарын көрсете келе, сөз соңында оң баға беріп, қолдау көрсетуші еді. Сөйтіп, диссертация қорғалу барысына қатаң талап қойып, ғылыми жұмыстың сапасының жоғары болуына көңіл бөлетін еді.

Қарап отырсақ, Гүлнар үнемі ізденіс үстінде болды. Оған дәлел, медицина институтынан басқа, Орталық Азия университетінде де экономика және қаржы саласында білімін ұштаған. «Болашақ» бағдарламасы аясында Американың Чикаго университетінде денсаулық саласын оңтайландыру бойынша білімін шыңдап, Тель-Авив (Израиль), Нью-Йорк (АҚШ), Лиссабон (Португалия), Баку (Әзербайжан) қалаларына барып, ғылыми конференцияларға, пленарлық сессияларға, форумдар мен семинарларға қатысып, баяндама да жасайды. Кейде демалыс уақытын да қиып, пікірсайыстық дөңгелек үстелдің мүшесі ретінде қатысатын. Соның бәрі Гүлнардың білімінің жоғары деңгейімен қатар, ағылшын тілін жете меңгеруінің арқасында жүзеге асқан ғой. Көптеген ағылшын курстарын, сондай-ақ Оксфорд күрделі оқулықтары бойынша да оқып бітірген және медициналық университетте сабақтарды да ағылшын тілінде жүргізген. «Алтын дәрігер», «Үздік дәрігер» атанды. Денсаулық сақтау министрлігіне аса шеберлігімен танымал.

Гүлнар – өзінің туған-туыстарына ерекше көңіл бөліп, жағдайларын жасауға тырысқан тұлға. Бұл ретте оны ер жігіттің қолынан келе бермейтін қамқорлығынан тануға болады. Бір ғана мысал, інісі Байболаттың тағдыр тәлкегіне түскендегі жанқиярлық ерлігі. Байболатты мен де жақсы білуші едім. Семей медицина институтын тәмамдаған жас маман қол астымызда хирургияның қыр-сырын тез арада меңгерді. Ол да А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми-зерттеу институтында білі­мін шыңдады.

2000 жылы Байболатты ақсап тұрған Май ауданының денсаулық саласын дамыту мақсатында аудандақ ауруханаға басшы етіп тағайындағанмын. «1-2 жылдан кейін қалаға ауыстырамыз, ауыл медицинасын зерттеп кел», дедім. Өкінішке қарай, олай бола қоймады. Мен де қызметімді ауыстырдым, ал Байболат болса, бір жиылыстан қайтып келе жатқанда автокөлік апатына тап болып, омыртқа-жүйке жүйесінен зақым алды. Қысқаша айтсақ, аяқ-қолы сынып, тетраплегия, яғни қимылсыз қалады. Гүлнар болса, медицинаның бар мүмкіндігін қолдана отырып, тіпті Новосібір, Тибет, Жапония, Қытай, Украина, Қара теңіз жағасының, Кавказ маңайының курорт-санаторийларына дейін апарып, емдеу жасатып, сүйеніп болса да балдақпен жылжуға дейін жеткізеді. Біраз ем алған Байболат өзінің қызметіне оралады. Алайда денсаулыққа қатысты проб­лема толығымен жойылған жоқ. Талай же­тіс­тіктері жайлап ауқымды материалдар жи­настырып, «Егемен Қазақстан» газетінің өңір­дегі бұрынғы тілшісі Фарида Бықай бас­тап, сондай-ақ республикалық, аудандық теледидар мен газет-журналдарда жарияланған еді. Кім білсін, Байболат бүгінгі медицина саласының Алексей Маресьеві мен Валентин Дикулі екенін. Аяғының қозғалысы шектеулі болғанына қарамастан, операция блогында жас маман хирург дәрігерлердің шамасы келмей жатса, іске өзі кірісіп, адам өміріне араша түсуші еді.

Май ауданындағы Семей ядролық жарылыс­та­рының зардабын көрген тұрғындардың арасындағы жүрек-қан тамырлары ауруларына емдеу жүргізудің оңалту жүйесі бойынша медицина ғылымдарының кандидаты атағы үшін диссертация қорғады. Міне, батырлық, іскерлік, таңғаларлық құбылыс!

Қол-аяғы сау болса да, ауданда денсаулық саласын өз деңгейінде 20 жыл бойы ұстап тұрды. Басқа аудандарда осы уақыт ішінде 4-5 бас дәрігерлер ауысып та үлгерді. Сөз жоқ, Байболат нағыз еңбектің ері-ау! Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда, «Бір кем дүние». Өкініштісі, Байболат коронавирустың құрбаны болып, 2020 жылы эпидемияның алғашқы легінде дүниеден озды. Биыл туыстарының бас­тамасымен Байболат Қаз­бековке өзі қызмет еткен аурухана іргесіне жақын туыстары, еңбек ұжымы мен халықтың ынталы тобы атынан ескерткіш тақта орнатылды. Гүлнар болса бір жылдан соң, ол да коронавирус салдарынан бақиға озды. Өкінішті!

Гүлнар Байболаттан басқа бауырларына, олардың балаларына жанашыр, ақылшы, демеуші еді. Олар Гүлнарға, досымызға ас беріп, құран бағыштау қарбаласында жүр. Қабыл болсын! Мінекей, Гүлнар мен Байболат – бір отбасынан шыққан ғалым-дәрігерлер. Өмірлері кімге де болса, өнеге! Сол өнегелі өмір кімнен дарыды деген де ой туады. Оның ішінде ата-аналарын көріп, білмеген біз сияқтыларға. Бір кездескенде Гүлнар өзі Бәсентиін баба ұрпағы екенін айтып қалып еді. Сөзін сабақтай келе, нағашы жұрты да осал емесін алға тартқан-ды. Қазақтың ардақты Қазыбек биінің, Алшынбай сынды ұлыларының жұрнағы неменелі-шөпшекті жиені болып шықты аяғы. Бұл да кездейсоқ жағдай емес-ау!

 

Сағит ИМАНҒАЗИНОВ,

медицина ғылымдарының

докторы, профессор