Саясат • 15 Қыркүйек, 2022

Шетелдік журналистер қызығушылығы жоғары

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігі «Жаңа Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» жетінші халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттады. Байқау қорытындысы бо­йынша Ұлыбритания, Грузия, Канада, Кувейт, Марокко, Түркия және Оңтүстік Кореяның БАҚ өкілдері үздік деп танылды.

Шетелдік журналистер қызығушылығы жоғары

Жалпы сараптап айтатын болсақ, бай­қауда үздік деп танылған шетел жур­налистері елімізде жүргізіліп жатқан рефор­малар мен «Жаңа Қазақстан» тұжырым­дамасы, Президент Қ.Тоқаевтың халыққа Жол­дауының мазмұны және АӨСШК ал­тыншы саммиті секілді елдегі маңызды іс-шаралар туралы хабардар. Елдің сырт­қы саясаты туралы да пайымдары салмақты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысу қарқыны мен қы­зығушылығы артып келеді. Осы жы­лы әлемнің 40 елінен 50-ден астам са­­раптамалық материал қабылданған. Ше­тел­дік журналистердің басым бөлігі «Жа­ңа Қа­зақстан» аясында экономикалық жә­не әлеу­меттік реформалар тақырыбын қозғаған.

Британдық блогер Тристан Хьюздың The Ancients/«Ежелгі Қазақстан: Ұлы да­ланың алтыны» подкасты, грузин саясаттанушысы, журналист Гүлбаат Рцхиладзенің Қа­зақстан мен Грузия арасындағы тарихи байланыстар тақырыбындағы мақа­ласы, АҚШ журналисі Донован Маккен­зидің Ottawa Life Magazine журналын­да жариялаған мақаласы, The Korea Herald күнделікті газетінің тілшісі Санжай Ку­мардың мақаласы, Марокконың Le Matin және 12.ma басылымдарының тілшісі Дрисс Лякуби және ANKASAM-ның Орталық Азия мәселелері жөніндегі түрік сарапшысы Эмраз Кайнның жарияланымдары жоғары бағаланып, конкурс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «Туризм» номинациясы бо­йынша Кувейттен келген тревел-блогер Халид Альмутаири ел туризмін жоғары деңгейде насихаттағаны үшін жеңіске лайық деп танылды. Аталған блогер, журналистер Қазақстанға келіп, Нұр-Сұлтан, Бурабай, Түркістан және Алматымен танысты. Сол кезде елде өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне арналған іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алды.

«Қазіргі уақытта журналистер қоғамдық дипломаттар болып табылады. Халықтар мен елдер арасындағы сенім азайды, сондықтан кәсіби журналистиканың рөлі біздің заманымызда ерекше маңызды. Шетелдік журналистердің біздің елге деген қызығушылығының артуы қуантады. 2014 жылдан бастап берілетін өтінімдер саны ғана емес, сонымен қатар қозғалатын тақырыптар ауқымы да өсті, атап айтқанда туризмнен қоғамдық-саяси мәселелерге дейінгі барлық тақырыптар қамтылды», деді жеңімпаздарды марапаттау жиынында Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай. Ал Kazakh Tourism Ұлт­тық компаниясы АҚ Басқарушы дирек­торы Даниель Сержанұлы: «Бұл бай­қау­да «Туризм» номинациясының қосы­луы кездейсоқ бола қойған жоқ. Еліміз атал­ған саланы дамыту мақсатында бірнеше бағыт­ бойынша жұмыс жүргізуде. Кувейт тілшісінің еліміздің туризм саласы туралы жа­рыққа шыққан электронды жолсілтемесі араб елдерінен келетін туристер санының артуына септігін тигізеді деген үміттемін», деді.