Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2022

Ислам және әйел мәртебесі

579 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде әйелдердің теңдігі, қоғамдағы рөлі толық деңгейде айқындалып келеді. Олардың ерлермен тең дәрежеде еңбек етуге, пікір білдіріп, тіпті ел басқаруға да мүмкіндігі бар. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде сарапшылар алғаш рет әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесін талқылады.

Ислам және әйел мәртебесі

«Әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың рөлі» тақырыбында өткен съездің төртінші секция жұмысында әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың атқаратын рөлі сөз болды.

Басқосу барысында Ислам ынтымақтастық ұйымы жанындағы Ислам тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының басшы­сы Махмуд Эрол Килич, Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен, БАӘ-нің Төзімділік және бірге өмір сүру министрлігі кеңсесінің бас директоры Афра Мұхаммед әл-Саабри, «Ақ­ниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының теологі Нұржан Стамбакиев, UniãoPlanetária президенті Исис Мария Боргес де Ресенде, UNICEF ізгі ниет елшісі Динара Сәдуақасова, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі Жұлдызай Ысқақова баяндама жасап, әйелдердің қоғам­дағы рөліне тоқталды.

Әлемде әйелдердің қоғам дамуына қоса­тын үлесі, алатын орны туралы пікірталас көп. Дегенмен «әйелдердің елдің тұрақты ілге­рілеуіне теңдессіз үлес қосып, отбасы мен балаларды қорғау арқылы адамзаттың өмір сапасын жақсартуда аса маңызды рөл атқарып отырғанын жасыра алмаймыз», дейді әлемдік қоғамдастық өкілдері.

Қазақстандағы отбасылық саясатты жүргізу, ондағы әйелдердің алатын орны туралы сөз қозғаған Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен Қазақстан БҰҰ-ның әйел құқығын қорғауға байланысты барлық құжатын ратификациялаған ел екенін айтты.

– Бүгінгі таңда БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мемлекеттік стратегиялық бағдар­ламаларға 79,9%-ға дейін интеграцияланған. Біз кешегі көшпенділерміз, осы ұлы даланың мұрагерлеріміз, ал көшпелі өмір салты адамдарды ерлер мен әйелдерге бөлмейді, оларға бірдей талаптар қояды, әрбір адамның өз рөлі, жауапкершілігі мен құқығы белгіленген. Бұл фактор бүкіл қоғамның аман қалуының кепілі болған. Екінші жағынан Қазақ елінің Азия мен Еуропаның тоғысқан тұсында орын тебуі халқымыздың салт-санасы мен дәстүріне Шығыс пен Батыс үлгілерінің қатар енуіне септігін тигізді. Бұл жағдай әйелдер салт-санасында да көрініс тапты. Қазақ әйелі ешқашан бетін жапқан жоқ, тұмшаланбаған, өз ойын ашық айта алды. Ислам құндылықтары ұлттық құндылықтармен сабақтасқан. Әр жастағы әйелдің иман әдебі, киім кию дәстүрі қалыптасқан. Бұл – үлкен аналарымыздан, әжелерімізден қалған құндылық, мұра. Осыны біз ұмытпауымыз керек, – деді сенатор.

– Қазір құндылықтар либерализацияға ұшыраған заман болғанымен, генетикалық кодымызда əйел-ананың болмыс-бітімі, түсінік-пайымы, діни көзқарастары жүйелі қалыптасқан. Отбасылық құндылықтар, қоғамдық діни, əдеп-тəртіптері қазір де сақталып отыр. Дінбасыларының «біріміз екіншімізге жол беруіміз, басқа адамды қабылдауға дайын болуымыз, жеке «эголар» қақтығысын тоқтатып, түсінісуге тырысу керек» деп айтқандары қазақ халқының қоғамдық қатынастарында ежелден бар. Және бұл мәселе әйелдерге жүктелген. Бір-ақ мысал келтірейін, үлкен әулеттің беделі сол үйдегі әйелдер татулығымен өлшенген. Бауырлардың әйелдері қазақи туысқандықта «абысындар» тату болуы керек болған. Бұл – үлкен институт ретінде қалыптасқан және насихатталған, бүкіл ел татулығының бір факторы. Осы дәстүрлерімізді қалпына келтіруіміз керек, – деді депутат.

Отырыс кезінде Ләззат Сүлеймен сондай-ақ «Қазақстандағы діни ахуал контексіндегі қыздар мен әйелдердің жағдайы» туралы жүргізілген сауалдама нәтижелерін ортаға салды. Сауалдамаға Қазақстандағы барлық дінді ұстанатын әйелдер қатысқан. «Дініне, ұлтына қарамастан жауап нәтижелері ұқсас. Бұл біздің қоғамдағы діни толеранттылықтың көрінісі», деген пікірін айтты депутат.

Сауалдама нәтижесі бойынша әйелдердің басым бөлігінің (67,9%) дінге сенімі жоғары, 56,1%-ы дін адамның Құдаймен байланысы, 30%-ы дін адамның рухани ізденісі екеніне сенім білдірген. 60,7% әйелдер діни меке­мелерге үнемі барып тұрады және діни ережелерді сақтайтын болып шықты. 52,7%-ы барлық дін қызметкерлеріне терең құрметпен қарайды.

Алайда депутат әйелдердің діни сауаты төмен екенін жасырмады. Өйткені сауал­да­мада әртүрлі жыныстағы балаларды тәр­бие­леудің діни ерекшеліктері туралы сұраққа бала тәрбиесіне жауапты әйелдердің көпшілігі жауап беруге қиналған. «Бұл орайда тиісті кешенді шаралар қабылдануы керек», деп санайды Л.Сүлеймен.

Сондай-ақ ол әлем бойынша статистикалық мәлімет келтіріп, жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің жалпы бөлігіндегі әйелдер мен қыздардың үлесі 49,5%-ды құрай­тынын айтады. «2021 жылдың қорытындысы бойынша Дүниежүзілік экономикалық фо­румның гендерлік алшақтық индексіне сәйкес Қазақстан 146 елдің арасында 65-орында тұр, 2011 жылы біз 80-орында болдық. Қазақстан соңғы 10 жылда 65-ші орынға көтерілді. Бұл индекс жекелеген елдердегі ресурстар мен мүмкіндіктерге қолжетімділіктің гендерлік айырмашылықтарын өлшеуге арналған. Бұл ретте «әйелдердің экономикалық қатысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші бойынша біз 29-шы, «денсаулық индексі» бойынша 44-ші және «білім деңгейі» бойынша 27-ші орындамыз», деді депутат.

Бүгінде 100 мыңнан астам қазақстандық әлемнің 130 елінде жоғары білім алуда. Оның ішінде Президенттің «Болашақ» стипен­диясымен мыңға жуық стипендиат білім алып жүрсе, олардың 48,7 пайызы әйелдер.

Жалпы, сарапшылар «әлем бойынша әйелдердің теңдігі, қоғамдағы орны бір-бірімен ұқсас, бір саясатқа негізделген десе де болады», деген пікірде. Мәселен, дінді берік ұстанатын араб елдерінің әйелдері ерлермен қатар дәрежеде қызмет атқарады. Ол туралы БАӘ-нің Төзімділік және бірге өмір сүру министрлігі кеңсесінің бас директоры Афра Мұхаммед әл-Саабри баяндады.

«Араб әйелі қоғамның қай саласында – саясат, білім беру, денсаулық сақтауда болсын діни құндылықты бірінші орынға қояды. Әйелдердің орны қандай да бір гендерлік теңдікке бөлінбейді. Ерлер секілді әйелдер де елдің, қоғамның дамуына теңдей үлес қоса алады. Қазір бізде Министрлер кеңесінде тоғыз әйел қызмет етеді. Жалпы, мемлекеттік секторда 66 пайыз әйелдер ерлермен иық тіресе жұмыс істеп жүр. Оның 30 пайызы мемлекеттің игілігі үшін жауапты шешім қабылдауға үлес қосып келеді», деген ол осының барлығы өз елі үшін кездейсоқтық емес, үлкен еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

«Көпшілігіңізді «Заманауи араб әйелі қандай?» деген сұрақ қызықтыратынын білемін. Біз де қазіргі заманғы тенденцияларға сай болуға ұмтыламыз. Елімізде түрлі сын-қатерлер мен тәуекелдер болды, діни алуантүрлілік бізге қиындық туғызды. Бірақ бұл әрекеттер әйелдердің құқықтарын қорғауға еш кедергі келтірген емес. Бұл жерде дін үлкен рөл атқарды. Біздің дініміз – ислам. Сондықтан әйелдерге әлеуметтік, экономикалық тұр­ғыдан тең құқық берілген. Болашақты құ­руда әйелдерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Бір ғана отбасы құндылығын өмірдің соңына дейін сақтап қалу көбіне со­ларға байланысты. Сондай-ақ әйелдердің зор­лық-зомбылыққа ұшырауы біздің елде көп кездеспейді. Жалпы, Араб Әмірлігі әлем­дік тәжірибелерді сараптап, егер пайдасы болса, оны қолдануға әрқашан әзір. Еліміздің осы тұсы қуантады. Әлемдік тәжірибе арқы­лы өзіміздің дербес қоғамымызды құрып, бейбіт, толерантты тұрғыдан дамуға ашық­пыз. Әйелдер қауымы қазір жоғары оқу орын­дарында қызмет атқарып, жас жеткіншектерді теріс діни ағымдардың жетегінде кетпеуіне зор ықпал етіп отыр. Біз діни экстремизмге қарсы күрес жүргізіп келеміз. Әмірліктердегі әйелдер төзімділікті, діни құндылықтарды, сүйіспеншілікті негізге ала отырып, балаларын, жалпы ұрпақты тәрбиелейді», деді Афра Мұхаммед әл-Саабри.

Секция жұмысын жүргізген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ислам дінінде әйелге айрықша мәртебе беріл­генін алға тартты. «Имандылық жолын ұстанған халқымыз қыз-келіншекті құрметтеудің ерекше үлгісін көрсеткен, тіпті төрге шығарған. Ал тәрбиесіне келгенде қыз­ды қырық үйден тыйған. Осы тыйымның бәрі әйелдің иманы мен құрметін, ары мен ұятын қорғайды. Жаратушы Құранның «Ниса» сүресінің 19-аятында «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болың­дар» деп бұйырған. Ал ардақты пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Иман тұрғы­сынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Сендердің ең ардақ­тыларың жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын – менмін», деп сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсеткен. Өкінішке қарай, бүгінде әлемде әйелді тауар ретінде қарау немесе оларға зорлық-зомбылық көр­сету, үйдің қызметшісі ретінде күшпен ұстау, түсік тастауға мәжбүрлеу немесе бала табу бақытынан айыру сынды мәселелер белең алды», деп Ислам дінінің негіздерін айтты.

Осылайша, әйелдердің теңдігі, қоғамдағы орны әлемдік деңгейде талқыланып, алдағы іс-шаралардың күнтізбесіне қосылды.