Таным • 18 Қыркүйек, 2022

Қараусыз қалған кесене

448 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әуелгі әңгімені ақсақалдар айтқан, әлі айтып та келеді. Жетісу өзі киелі жер екені әмбеге аян, ендеше бұл мекеннің әулиелерден кенде болмауы заңдылық. Кешегі елге еге болған Балпық, Ескелді билердің замандасы сөзі уәлі Қоғыл әулиені бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Ұрпақ ұмытқаннан ауыр жаза жоқ шығар. Әйтпесе бабатаным «өлі риза болмай, тірі байымайды» деп даналыққа жықпап па еді. Бірақ Талдықорған қаласының іргесіндегі жатқан баба кесенесін көргенде біздің ұйысқан ұлт тамырынан ажырап кеткендей күйге түскеніміз несі!?

Қараусыз қалған кесене

Ерлігіне ел сүйсінген

Әңгіменің әлқиссасын елден жеткен аңызбен әдіптейікші. Есті оқиғаны естуге құмар оқырман­ның көкейінде сайрап тұрсын... Сонау жаугершілік заманында қалмақ ханының көңілі Төле бидің сұлу қызы Мәмилаға ауған екен. Әуелгіде жолы болмай, маңдайы тасқа тиген екен де, ендігі жерде «берсе қолынан, бермесе – жолынан» – деп сес семсерін суырмақ болады. Мұндайдағы тоқтам сөз, әрине, Төле бидікі еді. Істің ақыры не боларын ойлап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған Балпық би бір қияннан желе жортып, Төле ағасының ауылына келеді.Түн қатып келе қалғаны қандай жақсы болған. Ел жақсылары ақ шаңқан үйдің шаңырағын көтеріп, ажарландырып жіберіпті. Төле ағаның оң тізесін баса отырған Ескелді биді, одан беріректе жайғасқан Қоғыл әулиені көріп, іші жылынып, қуанып қалады.

«Қыз – менікі, бауыр – сен­дердікі. Мен бір адаммын, сендер көпсіңдер, көпшілік айтсын түйінді сөзді», дейді Төле би.

Сонда ел тізгінін ұстаған Ескелді, Бал­пық билер мен Қоғыл әулие бастаған топ «Қан төкпелік. Оған көнбесе ойымызды жасырып, бойымызды бүкпелік. Қаскөйге қыз жоқ, қаскүнемге жол жоқ», деп Ақшыр ханды аттан түсіреді. Ертеңгі көретіні көзіне көрінді ме екен, қақалып-шашалып қалған Ақшыр ханның мұрнынан қып-қызыл қан саулайды. Ертеңінде қазақ жерін тастап, арғы бетке жан сауғалап қотарыла көшіпті.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Қоғыл әулие Ескелді би, Балпық батырлардың заманда­сы. Олармен бірге ел тілеуін тілеп, жоң­ғарлардың қазақ жерін шауып, қырғынға ұшыратқан кезінде, сонау Шу бойына ауып барып, атақонысқа қайта оралуға күш жұмсаған. Өзінің көрегендігімен жаудың жасырын жоспарын біліп отырған. Ел батырларына болжамдарын айтып, кеңес беріп, іс-жоспарын көрсетіп, жеңіске жетуге ықпал еткен. Сондықтан ол кісі заманында әулиелігімен алыс-жақынға аты тараған.

Қоғыл әулиенің кіндігінен он бір ұл тара­ған. Оның өзінен кейін де ұрпақтарының арасынан елге қадірлі, құрметке бөленгендер болған. Қоғыл Сарғалдақұлы­ның Әліке атасының Шұңғыр әулетінен тарайды. Қоғыл әулие­нің ұрпақтары Ескелді ауда­­­ны­ның Шымыр, Көксу ауданының Жарлы­өзек ауылында тұрады.

Ел арасындағы бір аңызда Қоғыл әулие Қора шатқалындағы жайлауында қайтыс болар алдында жақындарын шақырып: «Менің сүйегімді түйеге артып, бұйдасын босатып, қоя бе­ріңдер. Түйе қай жерге түнесе сол жерге жерлеңдер?» деп тапсырады. Ағайындары айтқаны бойынша істейді. Сонда түйе Талдықорғанның іргесіне ке­ліп, шөккен екен. Кейін жұрт бұл жерді қасиет тұтып, басына түнеп, қасиетті жер деп таныған. Бүгінде айналасында бірнеше бейіт орны бар шағын қорымның ортасында әулиеге арнап соққан кесене бар. Оның жайын алда айтамыз.

Тасадағы тарихи нысан

Өлкентанушы Қажет Андас­тың айтуынша, 2017 жылы «Қа­зақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында қос облыстан жалпыұлттық нысандар тізіміне – 17, өңірлік нысандар тізіміне іріктеліп 41-і енгізілді. Олар 2018 жылы киелі нысандар бойынша «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы шы­ғарған 2 томдық кітапқа кірді. Сондай-ақ 2019 жылдың қасиетті орындар қатарына енгізу үшін қосымша 12 нысан ұсынылып, оның тоғызы қосымша тізімге алынған болатын. Сол қатарға Сөк төре және Қоғыл әулие кесенесі бір нысан ретінде тізімге енгізілді. Себебі Қоғыл әулие кесенесі Сөк сұлтан Абылайхановтың жатқан жеріне таяу. Тірлігінде Сөк сұлтан да Қоғыл әулиені құрметтеп өтсе, арасына сызат түспеген қос алып, міне, осылай өлген соң да қатарласып жатқан көрінеді.

«Сөк төре (азан шақырып қойған аты – Сүйік, орысша документтерде Сюк Аблай­ханов) Абы­лайханұлы, ел айтқандай 52 жыл бойы Жалайыр, Шапыраш­ты (бір бөлігі) руларына төрелік етті. Ел аузында «...Шүйіркелескің келсе, Сөкке бар... Тентек көпке көнеді, көпке көнбесе Сөкке көнеді...» деген мәтелдер әлі күнге айтылады. Бұл жайлы кейін айтамыз. Бірін-бірі толықтап, ұрпаққа ұлылық пен ұрпақ қамын ұғындырған қос алыптың кесенесіне «мем­лекеттің қорғауына алынған нысан» деген бір тақтайшаны әлі күнге іле алмай жүргеніміз, өкінішті-ақ?» дейді Қ.Андас.

Талдықорған қаласына қа­расты Еркін ауылдық ақсақал­дар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанотың айтуынша, кесене тұрғызылған жер баяғыдан Қоғыл төбесі деп аталып келген. Кезіндегі Кеңес билігінің қылышынан қам тамып тұрған тұсында еркіндіктер осы төбедегі Қоғыл әулиенің зиратына жиі келіп, дұға жасап, болашаққа бақыт тілеп тұратын. Өткен ғасырдың 90-жылдары жанашыр азаматтар зират басына қарапайым кесене тұрғызып, маңайына көшеттер егіп, шамасынша абаттандырады. Бірақ уақыт өте келе кесене ескерусіз қалып, тозып, шатыры бұзылып, сәні кете бастайды.

Былтыр талдықорғандық кә­сіпкер қыз Айда Ыдырысова бастама көтеріп: «Әрине, аруақ сыйлаған, қасиетті жерді жанымыздан артық көретін халықтың перзентіміз ғой деп»,  қолында бар мүмкіндігін пайдаланып, кесененің шатырын бүтіндеп, терезелерін оңдап, ішінің тағанына кілем төсеп, әулие жатқан жерді ретке келтіріп, бірталай жұмыс атқарыпты. Енді бұл бастаманы бір қыздың иығына артып қоймай, ел азаматтары ұйысып қолға алатын жұмыс көп.

Жастарға қалай жеткіземіз?

Жоғарыда айтылғандай, аталған кесене Қазақстанның қасиетті орындарының өңір­лік маңызы бар нысандар тізі­міне енген. Демек мемлекет қор­ғауында болатын орынды ескерусіз қалдырса, өзге дүние­лер не болмақ?! Ұлттың бас­ты құндылығы – оның тарихы мен тілі. Тарихын ескермеген ұлтты болашақ та есіркей қой­майтыны анық. Қоғыл әулие кесенесі Талдықорған – Өскемен күрежолының бойында таяқтастам жерде жатыр. Жолдан кесенеге дейін көп болса 100 метр. Ол жер шаңы шығып, тозып, топырағы аспанға ұшып тұр. Сол аттам жерге асфальт төсеп, келіп-кететіндерге жағ­дай жасау көп қаржыны керек етпейді. Ал кесененің айналасында күн қақтаған бір­неше тал-терек шөлдеп, сұрқы қашып тұр.

Мемлекет басшысы­ның ел аумағында 2 млрд түп ағаш кө­­шетін егу бас­та­масы бойын­ша жыл сайын көк­тем-күз айла­рын­да қала аумағында көшет отырғы­зу науқаны жүргізіліп келеді. Кесененің айналасын абаттандыру ісін де осы жос­парға енгізіп, жасыл желекке көмкеріп тастауға болар еді. Әрине, бұл төбедегі бас­ты мә­селе – судың тапшылығы. Сонау еңісте Сарыбұлақ өзені ағып жатыр. Кезінде сол өзеннен мо­тормен су шығарып, осы дөң­ді игілікке жаратқан екен. Қазір оның ауылы алыс кеткен. Бірақ күн сайын болмаса да күн аралап Талдықорғаннан шығаберіс айналмадан әуежайға дейінгі жолдың ортасындағы көк шөпті техникамен суғарып жүргенін жиі көреміз. Кесене айналасындағы ағаштар мен шөптерге су шашып өте шығуды сол маршрутқа қосса, мәселе түбірімен ше­шілгелі тұр.

Ол-ол ма, Еркін ауылының аумағында Үйтас, Қоғыл әулие кесенесі, Сөк төре ке­сенесі, «Сы­рым­бет қырғыны», Жайнақ батыр төбесі, Балықты бойындағы ежелгі жәрмеңке,  тағы басқа тарихи нысандар жетерлік. Осыларды жас ұрпаққа жеткізу үшін қаладағы басқа оқу орындарын айт­пағанның өзінде, Еркін ауылын­дағы Е.Бер­лі­қожанов атындағы және №15, №26 мектеп оқушыларына өлкетану бағытындағы экспедициялар ұйымдастыру ісі қолға алынса, бүгінгі буын біле жүрер еді.

 

Жетісу облысы