Қоғам • 18 Қыркүйек, 2022

Қайраткердің аласармас асқары

475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқының дарабоз перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы Меркі жерінде сән-салтанатымен аталып өтті. Елдік деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға Мемлекет басшысының кеңесшісі, қаламгер Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, Президенттің құттықтауын жеткізді.

Қайраткердің аласармас асқары

«Асанбай Асқаров сынды елін сүйген, халықтың құрметіне бөлен­ген перзенттеріміз көбейе берсін. Той – тойға ұлассын. Бар­шаңыздың отбасыңызға аман­дық, шаңы­рақ­тарыңызға жақ­сылық тілеймін», де­лінген Пре­зиденттің құттықтау хатында. «Алаштың арда туған Асан­­байы» тақырыбында ұйымдас­тырылған республикалық ақын­дар айтысымен басталған мерейтой өзге де іс-шаралармен жалғасын тапты. Еліміздің әр қиырынан келген мәртебелі меймандар Алаш­тың ардақты ұлының бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым көрсетті.  

Көпшілік алдында сөз алған қай­раткер тұлғаның қызы Шол­пан Асқарова жұрттың құр­­ме­тіне деген ризашылығын жеткізді.

«Өз басым бүгін өте қатты тол­қып тұрмын. Өйткені уақы­тында елі үшін аянбай еңбек еткен әкеме деген зор құрмет айқын сезілуде. Жерлестердің ықы­ласы мен ниет-пейіліне қа­рап-ақ, әкемнің жоқ­таушысы, құр­меттейтін халқы бар екеніне кө­зім жетті. 98 жастағы Фатима анам Алматыда тұрады. Мерей­тойлық іс-шараға қатыса алмаса да, ризашылық сәлемін жолдады. Бұл – ас ішіп, аяқ босататын жер емес, тағылымның тойы. Сол үшін де сіздерге алғысымыз шексіз», деді ол өз ойын түйіндеп.

Іс-шара барысында аудан­дағы №1 мектеп­ке Асанбай Асқа­ровтың есімі беріл­ді. Бұл – қайраткер тұлғаның қалт­қысыз еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі. Меркіге арнайы кел­­ген Қазақстан Президенті архи­ві­нің ғы­лы­­ми қыз­меткері Аян Жол­да­сов жи­налған жұрт­шылық­тың наза­ры­на бірқатар тарихи құ­жатты ұсынып, таныстырды.

Білім ордасының мәжіліс залында «Туған жердің туын биік­теткен тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конферен­цияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек іс-шараға арнайы келген мейман­дар мен ғалымдарға алғысын жет­кізді. Конференцияны қалам­гер Нағашыбек Қапалбекұлы жүр­гізіп отырды.

«Қайраткердің өмір сүрген дәуірі де аса күрделі болды. Со­ған қара­­мастан, ол орыс тілін­де білім алып, 1939 жылы 17 жа­сында мектеп оқу­шыларына орыс тілінен сабақ берді. Уақыт өте келе облыстық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы, яғни облыс басшысы деңгейіне көтерілді. Меркі ауданында бі­рін­ші хатшы кезінде Шу, Талас өзен­дерін пайдалана отырып, өңір экономикасын дамытуға күш салды.

Кезінде Асқаров салдырған «Қазақстан» қонақүйі, «Медеу» мұзайдыны, «Сарбаздар үйі» Мем­­лекеттік сыйлыққа ұсы­ныл­­ды. Ал содан бері Алматыда еш­қан­дай ғимараттың құры­лы­сы мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсы­нылған емес.

Осыдан-ақ, Асқаровтың ұйым­­­­дастыру қабілеті, абыройы қан­­­дай болғанын біле беруге болады. Оң­түстік Қазақстан облы­сын бас­қар­ғанда да шыны, қорғасын зауы­тының жұмысын жандандырып, индустрия сала­сының дамуына үлес қосты. Шым­­кентте салынған сая­баққа шетелден неше түрлі жеміс ағаш­тарын әкеліп отырғызды. Адал еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері ата­нып, 5 рет Ленин орденін иеленді. Асқаровтың есімін неге бір ауданға бермеске?

Асанбай Асқаровтың өмірі­не, өнегелі істеріне арнап неге фильм түсірмеске?» деп тү­йін­деді өз ойын Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, академик Оразалы Сәбден. Өзге ға­лымдар да көкейде жүрген ойларын айтып, асқар тау алыстаған сайын биіктей түсетінін еске салды.

Бұл күні Асқар Тоқпанов атын­­дағы облыстық қазақ драма театры жазушы Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққа­йыңдары» драмасын сахналады. Сын сағаттарда рухы сынбаған тұл­ғаның бейнесі тағы да театр қо­йылымы арқылы асқақтай түсті. Іс-шара соңында екі күнге созылған ақын­дар айтысының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар қо­мақ­ты қаржылай сый­лықпен марапатталды.

п

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы