Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2022

Үшінші мегаполистің өндіріс ауқымы

273 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауын­да азамат, мемлекет және бизнестің арасында қарым-қатынас өзгеретінін айтты. Осыған орай Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыру бойынша ауқымды жұмыс қолға алынбақ. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков айтып берді.

Үшінші мегаполистің өндіріс ауқымы

Спикердің мәлімдеуінше, былтыр бизнесті дамыту, халықты кәсіпкерлік саласы бойынша ақпараттандыру бағы­тында «Бизнеске арналған үкімет» орталығы ашылған. Аталған мекемеде бизнесті қолдауға арналған түрлі мем­лекеттік бағдарламаларды түсіндіру, келу­шілерге бизнесті жаңадан қалай бас­тау керектігін үйрету, жол сілтеу бойын­ша сервистік қызметтер көрсетіліп, ке­­ңестер беріледі. Жыл басынан бері бұл орталықта Шымкент қаласының 5 мыңнан аса тұрғынына ақпараттық қолдау мен қызмет ұсынылды. Кеңес берумен бірге кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойған азаматтарға бизнес-жос­пар да жазып береді. Басқарма алдағы уақытта орталықтың мүмкіндігін кеңейту мақсатында қаланың әр ауданынан «Бизнеске арналған үкімет» мекемесін құруды ұйғарып, оны қалай іске асыру жолдарын қарастырып жатыр. Себебі сол кезде кәсіпкерлік бастамасына сервистік қолдау табу адамдарға қолжетімді бола түсер еді. Кез келген сауалмен жақын маң­­дағы орталыққа барып, өзіне керекті кеңес алып, бизнеске қатысты мәселесін оңай әрі тез шеше алады.

Кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлініп жатыр. Соның ішінде Шымкент қаласы­ның алар үлесі орасан. Осы арқылы кәсіпкерлік саласы жанданып, эконо­миканың аяққа нық тұруына, өркендеп алға жылжуына зор септігін тигізіп отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауда жас­тардың кәсіп бастауы үшін 2,5 пайызбен несие беріп қолдайтынын айтқан болатын. Осыған байланысты Шымкентте бұл жұмыстар былтырдан бері жүзеге асып келеді. Айталық, өткен жылы қанатқақты жоба ретінде «Мен кәсіпкер боламын» атты жергілікті бағдарлама қабылданған. Бұл жоба қаладағы 29 жасқа дейінгі жас­тар мен әйелдерге кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында қолға алынған. «Мен кәсіпкер боламын» – бағдарлама ретінде қабылданған жергілікті өңірлік іс-шаралар жоспары. Осы жобаның аясында бюджеттен 1 млрд теңгеге дейін қаржы бөлініп, 763 млн теңгеге 79 бизнес жоба қолдау тапты. Ендігі жерде бас­қарма Президент Жолдауындағы тапсырламаларды орындау мақсатында «Мен кәсіпкер боламын» жобасы аясындағы қаржы көлемін 10 млн-нан 30 млн теңгеге ұлғай­туды және жастардың кәсіпкерлік бас­та­маларына қолдау білдіретін тағы бір арнайы бағдарлама қабылдауды ойластырып жатыр.

Мемлекеттің жүзеге асырып жатқан экономикалық саясатының нәтижесінде, бүгінде отандық өнімдер шығаратын зауыт-фабрикалардың саны көбейген. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі жағдай мен бұрынғы ахуалды салыстыруға болмайды. Қазір жұмыс істеп жатқан, енді бастағалы жүрген кәсіпкерлерге мемлекет барынша қолайлы жағдай жасап беріп отыр. Мысалы, биылдың өзінде Шымкент қаласына шағын және орта бизнесті қолдауға 15,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл, әрине, үлкен қаражат. Себебі мұның алдында бизнесті өркендетуге мемлекет тарапынан 5-6 млрд теңге қаралып келген екен. Бөлінген қаржы – несие емес. Бұл қаражат – несие пайызын субсидиялауға, мәселен, 16 пайызбен берілген несие сомасын 6 пайызға дейін мемлекет есебінен өтеу үшін және несие аларда кепілзаты жетпей жатса, кепілдік орнына жұмсалатын кепілмүлік ретінде қаралған қаржылар. Әрі аталған қомақты қаражат – «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында бөлініп жатқан қолдау шарасындағы қаржының бір түрі. Бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген қаражаттың 8 млрд теңгесіне 2 150 жоба қаржылай нақты қолдау тапты. Осынау қаржылай көмектің әлеуметтік оң әсері де орасан зор. Себебі әрбір жобаның артында қаншама адам өзіне жұмыс тауып, өзін және отбасын асырауға мүмкіндік алып отыр. Әр жобада орта есеппен 3 адам еңбекпен қамтылады деп есептесек, сонда 6-7 мың адам мемлекеттік көмек арқылы өзін-өзі асырайтын шамаға жетеді.

Қалада кәсіпкерлік субъектілерінің саны да жылдан жылға ұлғайып жатыр. Дүниежүзілік пандемияға байланысты бизнес өкілдерінің саны 68 мыңға дейін азайып кеткен еді. Алайда шектеулердің алынып тастауына орай шағын және орта бизнес субъектілерінің саны биыл күрт жоғарылап 91 мыңға жетті. Мұны мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан, әсіресе пандемиядан зардап шеккен кәсіп­керлерге ұсынылған кең ауқымды қолдаудың жемісі деп түсінген абзал. Бүгінде сауда-саттық немесе өндіріс сала­сы болсын, барлығына да мемлекеттік көмек жеткілікті деңгейде көрсетіліп жатыр.

о

Статистикалық дерек бойынша Шым­кент қаласында бүгінгі таңда жалпы 757-ден астам өнеркәсіп орындары бар. Олардың барлығы да шағын және орта бизнес нысандары болып есептеледі. Ал оның экономикадағы жалпы өңірлік үлесі 42 пайызды құрап отыр. Бұл – республиканың үшінші мегаполисінде өнеркәсіптің дамып келе жатқанының, қала өзінше жеке табыс табу жолында ілгері қарай қадам басып келе жатқанының жарқын мысалы. Осы ретте жергілікті әкімдік шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді алдына меже етіп қойып отыр.

Шымкент қаласында өндіріс саласы­ның мақтанышы болған төрт өнеркәсіптік алаң бар. 743 гектар жерге осы төрт ин­дус­триалды аймақ орналасқан. Ол жерге мемлекет есебінен газ, жарық, су, жалпы, барлық инфрақұрылымы тегін жүргі­зілген. Сондықтан кәсіпкер үшін осы индустриал­ды аймақтарда бизнес жобасын жүргізу өте тиімді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл өнеркәсіп, инвес­тиция, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда секілді сауда-экономикалық барлық көрсеткіш оң динамикасын көрсетіп, жоғары өсіммен келе жатыр. Бұл – әлбетте, бүкіл елде жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың және жергілікті әкімдіктің тиісті тапсырмаларды тиянақты орындау арқылы мүмкін болған нәтижелер. Ал жоғарыда аталған төрт индустриалды аймақта бүгінгі таңда 195 жоба 315 млрд теңгеге іске асырылып келеді. 2010-2015 жылдары салынған алғашқы өндірістік алаңдар қазір кәсіпорындармен толып қалды. Енді бұған қосымша тағы бірнеше индустриалды аймақ ашуға жергілікті әкімдік күш салып жатыр. Ол – «Жұлдыз», «Бозарық» агроиндустриалды аймағы, Қазақстанда алғаш рет пайда болған жеке меншік «Стандарт» өндірістік алаңы. Бұл жеке меншік индустриалды аймақ баяғы қорғасын зауытының орнынан бой көтеріп жатыр. Ондағы қорғасын қалдықтары толық тазаланды. Және соң­ғысы, бұрынғы «Оңтүстік» арнайы эко­номикалық аймағының жанынан 200 гектар жерге қосымша тағы 175 гектар жер қосылмақшы. Бұдан бөлек, қалада тағы «Тассай» индустриалды және әуежай маңындағы көлік-логистикалық аймағы бар. Мәселен, бүгінгі таңда «Жұлдызда» 23 жобаны жүзеге асыру мақсатында зауыт-фабрикалардың құрылысы басталды. Бір ерекшелігі, индустриалды аймақта жер бір жыл мерзімге беріледі. Осы уақыт аралығында кәсіпкер ол жерде зауыт салып, жер учаскесін өз мақсатына сай пай­даланып үлгеруі қажет. Өз кезегінде арнайы экономикалық аймақтың индус­триалды аймақтан бір артықшылығы, онда төрт қосымша жеңілдік қарастырылған. Біріншісі, зауыт-фабрика ғимаратына ешқандай салық төленбейді. Сонымен бірге корпоративті табыс салығы және шетелден тауар әкелгені үшін экспорттық баж салығы ұсталмайды. Бірақ бұл жеңілдіктер барлық тауарға емес, белгілі бір өнімдерге ғана қатысты жүреді. Шым­кенттегі жағдайда ол көбінесе же­ңіл өнеркәсіп шикізаты мен тауарларына қатысты. Өйткені о бастағы жоспар бойынша мегаполисте тоқыма кластерін қалыптастыру мақсаты тұрды. Және бүгінде сол жоспар сәтті жүзеге асып келеді. Өйткені «Оңтүстік» арнайы эко­но­микалық аймағында Шымкент қана емес, бүкіл елге танымал және экс­порттық әлеуеті өсіп келе жатқан кілем мен кілем өнімдері және сапалы, әртүрлі шұлық өндіріледі. Айтқандай, кілем шығаратын «Бал текстиль» фабрикасы бүгінде Қазақстандағы кілем тоқитын бірден-бір фабрика саналады. Сонымен бірге сапасы мықты болған соң қазір екінің бірі «Әлем-БТ» компания­сы тоқыған отандық шұлықтарды кие бас­тады. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» индустриалды аймағында «Фирма Дана» компаниясы бүкіл есік-терезелердің әйнегін өндіреді. Алюминий құтылар шығаратын жоба да бүкіл ел, тіпті Орталық Азия аумағы бойынша бірегей зауыт болып саналады. Өйткені түрлі газдалған сусындарға арнап шығарылған алюминий құтылар бұрын-соңды Орталық Азия мемлекеттерінің бірде-бірінде өндірілмеген. Күнделікті тұрмыста пайдаланатын шыны құты­­лардың барлығы да «Еврокристалл» кәсіп­орнында шығарылады. Тізбектей берсек, Шымкентте өндіріліп жатқан ма­ңызды тауарлар саны өте көп. Мәселен, бүгінде қаланың медицина саласында қолданатын бүкіл инелерді «Экофарм» компаниясы қамтамасыз етіп отыр. Күн­делікті дастарқанға қойылатын тәтті кәмпит-күлшелерді «Нұртау дистрибюшн» өндіреді.

Айта кету керек, бүгінгі таңда негізгі мем­лекеттік бағдарламалар «Кәсіп­кер­лікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына» біріктірілген. Аталған ұлттық жоба аясында пайыздық мөл­шерлемені субсидиялау, мемлекет атынан банктерге кепілдендіру беру, зауыт-фабрикалар аумағына тегін инфрақұрылымдар тарту, кәсіпкерлерге қаржылай емес көмек беру, яғни оқыту, сервистік қызметтер ұйым­дастыру және қайтарымсыз грант ұсыну тетіктері қарастырылған.

Сондай-ақ басқарма жергілікті іс-шаралар жоспары ретінде қабылданған «Іскер қала» бағдарламасын былтырдан бері іске қосты.

«Бағдарламаның атын «Іскер қала» деп қоюымыздың өзіндік мәні бар. Себебі шымкенттіктердің көпшілігі болмысы­нан іскер, жеке бизнеске бейім болып келеді. Бағдарламаны осылай деп атауымыздың сыры да осында. Құдайға шүкір, қалада қолынан іс келетін азаматтар өте көп. Мәселен, ағаш ұстасы секілді әртүрлі кәсіп­пен айналысатын азаматтардың көпшілігі, қарап отырсақ, біреулердің ғимаратын қымбатқа жалдауға мәжбүр немесе жер­төле секілді тар жерлерде қиналса да көндігіп жұмыс істейді. Өздері де жағдай­лары туралы айтқанда бірінші кезекте тиісті орынның жоқтығына шам­данады. Алайда мегаполисте қара­жаттың жоқтығынан басқа да себептерге байланыс­ты жұмысы тоқтап бос тұрған кәсіпорын ғимараттары жетерлік. Осыларды талдай келе, неге екі жаққа да бірдей тиімді тәсілді қолданбасқа деген ой келді. Яғни бос тұрған ғимарат иесіне арендасын төлеп, қаржылай пайда әкелсек, екінші жағынан қысылып тар жерде іс жасап жүрген кәсіпкерге кең, жайлы орын қарастырып береміз. Осылайша, инфрақұрылымы дайын кәсіпорын ғимаратын тауып, әр шаршы метрін мың теңгеден арендаға беруге және оның бағасын көтеріп жібермеуге алдын ала келісіп алдық. Ал кәсіпкерге беретін көмегіміз, аяққа тұрып алғанша алғашқы жылы жалдау құнының 75 пайы­зын, екінші жылы 50 пайызын, үшінші жылы 25 пайызын біз, яғни басқарма өтеп беретін болды. Осы идеямызға жергілікті әкімдік тарапы үлкен қызығушылық танытып, қолдау білдірді. Былтыр қанатқақты режім ретінде осы бағдарламаны іске асырып көрдік. Біраз кәсіпкер келісім беріп, қазір Silkway кәсіпорнында шағын орындарды жалға алып, жұмыстарын істеп жатыр. Биыл тағы екі өндірістік алаңды осы бағдарлама аясында жалға алып көргіміз келеді. Silkway өндіріс орнында он шақты кәсіпкер бар кәсібін іске асырып жатқан. Әрқайсысының жалдап отырған аудан көлемі де әртүрлі. Кәсіпкерлерге осындай жағдай жасалған екен, ендеше, олар да өз тараптарынан мемлекетке пайдасын тигізуі керек. Ал олардан талап етілетіні, жалға алған аудан көлеміне қарай жұмыс орындарының санын да көбейтулері қажет. Мәселен, 100 шаршы метрге 1-2 адам, 100-200 шаршы метрге 3-4 адам жұмысқа қабылдануы керек. Осы ретте, шағын бизнес өкілдеріне қаржылай қолдау механизмін де ұсынып отырмыз. Яғни қажетті құрал-саймандар мен құрылғылар сатып алып, ұстаханасын жабдықтауға жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен 50 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік қарастырып бердік. Бірақ бұл қолдау шарасы тек өндірістік алаңда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге ғана қатысты нәрсе», деді қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқар­масының басшысы Береке Дүйсебеков.

Осы тұста айта кеткен жөн, жоғарыда аталған «Мен кәсіпкер боламын» іс-шара­лар жоспары жергілікті «Іскер қала» бағдарламасына біріктіріліпті. Осының аясында жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға 10 млн теңгеге дейін салалық шектеусіз 1%-дық несиелер беріледі. Және өндірістік алаңдардың резиденттеріне 50 млн теңгеге дейін 2%-дық жеңілдікпен жобаларды несиелеу қарастырылған. Осы мақсатқа орай «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп 2022 жылға шағын жобаларды несиелендіруге 800 млн теңге, ал пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 60 млн теңге бөлінген.

Аталған жергілікті бағдарламаға бүгін­де өзге өңірлерден де қызығушылық танытып жатқандар көп екен. Олар да осылайша кәсіпкерлікті дамытудың тың тәсілін қолға алып, бизнесін кеңейте алмай, кәсі­бін дөңгелете алмай жүрген жандарға қол ұшын созғысы келеді.

Сонымен бірге былтыр «Тассай» индустриалды аймағында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында бір жоба іске қосылды. Ол кәсіпорында бүгінде құрылыс жұмыстарына, күнделікті тұрмысқа қажетті арба, сылаққа арналған ожау, күрек, кетпен, кіржайғыш, саты секілді қарапайым құрал-саймандар шы­ғарылады. Киім үтіктейтін құралға дейін жасайтын бұл зауыт енді сол үтіктің өзін де жасап шығаруды жоспарлап отыр. Өз кезегінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруға Шымкент қаласына мемлекет қазы­насы­нан 3,9 млрд теңге қаражат бөлін­ген. Со­ның бүгінгі таңда 1,1 млрд теңгесінің игілігін кәсіпкерлер көріп отыр. Сондай-ақ аталған бағдарлама бойынша 74 жоба қаржылай қолдау тапты. Екінші деңгейлі банктің қарауында жатқан басқа да жобалар бар. Сондықтан жыл соңына қарай бағдарлама аясында қаржылай көмекке ие болған жобалар саны әлі арта түседі.

Ендігі жерде кәсіпкерлік саласы бо­йын­ша атқарылған жұмыстардың биылғы 7 айлық қорытындысының нәтижелеріне назар аударсақ, есепті кезеңде 507,6 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Қала экономикасына 219,1 млрд теңге инвес­­тиция тартылған. Инвестиция көле­мі өткен жылмен салыстырғанда 28,6 пайызға артып отыр. 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік даму жоспарындағы нысаналы индикаторлардың орындалу барысы көрсеткендей, өңдеу өнер­кә­сібіндегі өндіріс көлемі 445,2 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар 2022-2026 жылдарға арналып жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнының ашылуы көздейтін 300 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде жоспар бойынша 2022 жылы 165 млрд теңгеге 50 инвестициялық жоба жүзеге асы­рылуға тиіс. Сондай-ақ биыл 52,8 млрд теңгеге 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ететін 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспары тұр. Осы ретте бүгінгі таңға дейін 28,6 млрд теңгенің 5 инвестициялық жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде, 465 жаңа жұмыс орындары құрылды.

Шымкент қаласындағы өндірістік алаңдарды, яғни индустриалды аймақ­тарды құруға мемлекет тарапынан 17,8 млрд теңге жұмсалса, осы уақытқа дейін өнді­рістік аймақтардағы өнім өндіру­шілер­ден 36 млрд теңге салық түсті. Бас­қар­ма келтірген ресми дерек бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс­пен қамтылғандар саны 179,9 мың адамға жетіп отыр. Кәсіпкерлікке қатысты өзге де мәліметтерге көз жүгіртсек, «Биз­­нес­тің жол картасы-2025» бизнесті қол­дау мен дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде 2022 жылға қазы­надан 9,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда атал­ған бағдарламаға қатыс­қан 1 860 жо­баға 4 603 млн теңге сомасында қолдау көр­сетілді.

Сонымен қатар 2022 жылға бекітілген индикаторларды орындау мақсатында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Шымкентцемент» АҚ, «Зерде-Керамика» ЖШС, «Бал Текс­тиль» ЖШС, «Karlskrona LC AB» ЖШС секілді ірі кәсіпорындар өздерінің өндіріс жүйесіне цифрлық технологияларды енгізді. Өнім шығаруда келеше­кте цифрлық технологияларға иек артқысы келетін және сол жолда тиісті жұмыстар атқарып жатқан кәсіпорындар қатарында бүгінде «Рахат-Шымкент» ЖШС, «Барыс 2007» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Гауһар» тігін фабрикасы» ЖШС, «Шымкентдорстрой» ӨК» ЖШС, «Shymkent Temir» ЖШС, «Кazmedpribor holding» ЖШС және «Аsia trafo» ЖШС сияқ­ты компаниялар бар.

 

ШЫМКЕНТ