Руханият • 18 Қыркүйек, 2022

Алаш жолы – жанкештілік пен жасампаздық үлгісі

2091 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алаштанушы-академик Мәмбет Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» атты зерт­теу еңбегінде: «Алаш идеясы бірін­ші­ден – ұлттық демократиялық мемлекет құруын, екіншіден – жердің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қа­зақтың өзіне қызмет етуін, үшіншіден – қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекет азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуін, төртіншіден – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлт­тың тілі өзге ұлттарға қарағанда үс­тем болуын, бесіншіден – ұлттық дәс­түр­ге негізделген Жапония үлгісіндегі ұлт­тық де­мократиялық мемлекет құруды ұс­тан­ды» депті.

Қазіргі таңда бізге қажеті жоғарыда ай­тыл­ған Алаш идеясы мен оны негіздеуші қазақ зиялыларының Алаш жолы үшін жан­кешті әрекеті, олардың ұлтына, халқына, жеріне, еліне деген шексіз қызметі, теңдессіз сүйіс­пеншілігі. Ұрпаққа үлгі болатын дүние осы.

Мысалы, Алаш ардагері Әлихан Бөкей­ха­н естелігінде Абайдың озық шәкірт­те­рі­нің бірі Кәкітай Ысқақұлы жайлы былай дейді: «1906 жылдың январь (қаңтар) айында Керекуден Семейге қарай шыққан мені «ұстайды» деген хабар Семейге келеді. Омарбек пен Кәкітай мені қашыртпақ болып үш атпен бір адам жіберіпті. Тұзқалаға бір көш жетпей ұсталғанымды естіп кейін қайтты. Бірақ мен ана адамға жолықсам да қаш­пақ емеспін. Мен қашсам іздеп отряд шы­ғып қырдағы қазақты қор қылмай ма. Абақ­тыда бір кісі жатқаны жұрт қор бол­ған­нан ыңғайлы емес пе» деп, қайран Әлекең басына іс түскенде қара басын емес жұрттың қамын ойлаған ғой.

«Қазақ» газетінің 1914 жылғы са­нында былай делініпті: «Газеттің 80-ші санында жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф төлеу немесе үш ай абақтыға қамауға үкім етеді. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов газетаға мың жарым сом төлеу ауыр болатынан ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызды» дейді. Қазақтың көзі мен құлағы болған газетін сақтап қалу үшін Ахаң өзі барып түрмеге отырған екен.

Міне, бұлар Алаш жолы, Алаш үлгісі. Қа­зақ­тың көрнекті демократ қаламгері, ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы: «Дулатов, Бай­тұр­сынов, Бөкейханов, Білемін бұл үш ердің айтпай жайын, Кешегі қара күнде болмап па еді, Бірі күн, бірі Шолпан, бірі Айым, Солардан басқа кеше кім бар еді, Қа­зақ үшін шам қылған жүрек майын» деп бекер жырлаған жоқ. Өйткені бұлардың жолы, Алаштың жолы – «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз, Енді ешкімнің Алашты, Қорлығына бермейміз!» еді.

Осы орайда, тағы бір оқиға – Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1917 жылы 21-26 шілдеде өткен Бірінші жалпықазақ съезінен кейін ел­дегі саяси күштердің ара салмағын пайымдай келе, осы жылдың 5 қазанында Том қаласында ұйымдастырылған Сібір облысшыларының съезіне қатысып, бірден Орын­борға қайтпай қазанның 21 күні Семейге келеді.

Осы оқиғаның басы-қасында болған ақын Сұлтанмахмұт «Сарыарқа» газе­ті­нің 1917 жылдың 30 қазан күнгі №18 санында «Әлиханның Семейге келуі» атты жазбасын жариялаған. Осы мақалада: «Семейде, 21 октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, «Бостандық үйіне» қарай топ-тобымен ағыл­ған қазақ еді. «Сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай бәрі­нің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрды... Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қа­зақтар еді. Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қан­да­лаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде Алаш үшін зарығып бейнет еткен болса да қалың тұман, жарқылдаған түй­ме­ге ал­дан­баған, басқадай бір басы үшін жал­дан­баған, қайткенде Алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді» деп жазып, Әлекеңді құттықтаушылар қатарында өзі де болып, жастар атынан:

«Көш бастаған еріміз,

Қуанышта еліңіз,

Көкіректен бүгін кеткендей,

Сізді көріп шеріміз...

Алаш туын қолға алған,

Қараңғыда жол салған,

Арыстаным, келіңіз!» деп жыр толғағаны белгілі. Міне, біз жоғарыда атап өткен алаш­тық­тар әрекетінен тек жанкештілік пен жа­сам­­­паз­дықты көреміз.