Үкімет • 18 Қыркүйек, 2022

Астана – бас қала

303 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жұма күні Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиын барысында тарихи шешім қабылданды. Елорданың бұрынғы атауы қайтарылып, енді Астана деп аталмақ. Сондай-ақ жиын барысында Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық мерзіммен шектеу, Конституциялық сот мүшелерін тағайындау секілді мәселелер де қаралды.

Астана – бас қала

Президент мерзімі шектелді

Жиынға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы, сондай-ақ Конституциялық кеңес­тің, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары сот кеңесінің төрағалары, Үкімет мүшелері қатысты.

Бірлескен отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Консти­туциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын қарады. Бұл мәселе жөнінде Әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, құжат Мемлекет басшысының саяси бастамаларына сәйкес, сондай-ақ Парламент депутаттарының ұсынысы бойынша әзірленген.

«Заң жобасы арқылы бес бапқа өзгеріс және бір бапқа толықтыру енгізіледі. Түзетулер үш блоктан тұрады. Бірінші, Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйекте жасаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқы­на Жолдауында  Президент өкілеттігінің мерзімі және ұзақтығын қайта қарау қажеттігі туындағанын атап өтті. Президент мандатына шектеу қоюды ұсынды.

Депутаттар тиісті түзетулерді енгізуді жеделдетіп, оларды президенттік сайлау­ға дейін қабылдауды ұсынды. Әйтпесе, олардың пайымдауынша, биылғы күзде президенттікке сайланатын адамға Конс­ти­туцияның қолданыстағы редакция­сының ережелері бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлауға мүмкіндік бере­тін заңды жағдай туындауы мүмкін. Осыған байланысты заң жобасы кейіннен қайта сайлау құқығынсыз ұзақтығы жеті жыл бір президенттік мерзім туралы ережелерді қамтиды», деді Қ.Мусин.

Министрдің айтуынша, ұсынылған Конституциялық жаңашылдық биліктің монополиялану тәуекелдерін едәуір төмендетеді. Билікті қалыптастыру мен жұмыс істеуінің өркениетті қағидаттарын белгілеп, саяси тұрақтылықты, қоғамдық құрылыстың қазақстандық моделінің орнықтылығын нығайтады.

«Депутаттар ұсынғандай, Прези­дент­тің мандатын қайта сайлану мүмкін­дігінсіз бір мерзімге шектеу осы заң жобасы күшіне енгеннен кейін жеті жыл мерзімге Президент болып сайланған адам­дарға қолданылады. Сондай-ақ Конс­титуцияның Президенттің өкілеттік мерзіміне және оны қайта сайлау жөнін­дегі шектеулерге қатысты ережелерінің өзгермейтінін белгілейтін түзету көз­делген. Бұл болашақта Президент өкілет­тігінің еселігін немесе мерзімін ұлғайтуға жол бермейді. Осылайша, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу туралы норма Конс­титуцияның ажырамас бөлігіне айналады және кейіннен қайта қаралмайды», деді Қ.Мусин.

Құжаттың екінші бағыты Конс­титуциялық сот судьяларының өкілеттік мерзіміне байланысты. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын адамдардың өкі­леттік мерзімінен ұзақ болуы керек. Мысалы, Германия, Италия, Испания, Порту­галия және басқа да бірқатар елдің конс­титуциялық соттары осылай қалыптасады.

«Бұл – Конституциялық сот судья­ларының әртүрлі саяси күштердің ықпалына түспеуінің негізгі кепілі. Осыған байланысты заң жобасында Конституциялық соттың судьялары қайта тағайындалуына шектеу қоя отырып, Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімдерін сегіз жылға дейін ұлғайту көзделген.

Үшінші, Қазақстан Республикасы астанасының атауын «Астана» деп өзгерту. Елорда атауын өзгерту мәселесін азаматтар ұзақ уақыт бойы кеңінен талқылады. Кездесулер барысында және референдум кезінде азаматтар үндеу жасады. Сондықтан қоғамдық пікірді ескере отырып, депутаттардың бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді. Елорданы қайта атау бойынша бастаманы «Әділетті Қазақстан» депутаттық тобы ұсынды», деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, құжат шеңберінде көзделген конституциялық новеллалар Мемлекет басшысының саяси бастамалары мен депутаттардың ұсыныстарын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, саяси жүйенің мүлдем жаңа стандарттары белгіленбек.

Атауды қайтарудың шығыны қанша?

Депутаттар заң жобасын талқылау барысында президенттік өкілеттік мер­зімі неліктен 7 жыл деп белгіленгенін сұрады. Әділет министрі мұның себебін саяси бәсекелестікті арттыру­ға мүмкіндік беретінімен түсіндірді. Ведомство басшысының пайымдауынша, 7 жыл –Мемлекет басшысының бағдарламасын іске асыру және Жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешу үшін жеткілікті мерзім.

Мәжіліс депутаты Наталья Де­ментьева­ның айтуынша, Нұр-Сұлтан атауы халыққа сіңісіп кеткен жоқ. Тұр­ғын­дар күнделікті өмірде еліміздің бас қа­ласын әлі күнге дейін Астана деп атап жүр. Сондай-ақ ол Парла­ментке елорданың Астана атауын қайтару туралы көптеген өтініш түскенін айтып өтті.

«Қазіргі таңда мұны қоғам талап етіп отыр. Депутаттардың бастамасы да дұрыс қабылданды. Алайда қаланың атауын қайта атау қазақстандықтарды әбігерге салмауға тиіс. Осыған байланысты, мынандай сұрақ туындайды. Азаматтардың құ­жат­тарын жаңа атаумен сәйкестендіру секілді қандай да бір қосымша шаралар қажет пе? Бұл қала тұрғындарының күнделікті өміріне қалай әсер етеді? Астанаға бұрынғы атауын қайтару үшін қаншалықты қаржылық шығын қажет?» деді Н.Дементьева.

Әділет министрінің сөзіне сүйенсек, елорданың атауы өзгергеннен кейін тұрғындарға құжаттарын ауыстыру қажет емес. Бұрын алынған құжаттардың заңды күші сақталады.

«Азаматтарға құжаттарын шұғыл түрде ауыстыру қажет емес. Астананың бұрынғы атауы көрсетілген құжаттар жарамсыз емес. Сондықтан қазіргі қолданыстағы құжаттар жарамды. Бұдан басқа, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының филиалдары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдар мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құжаттарды бұрынғы режімде қабылдайды. 

Қаражат жағына келсек, қалалық мәслихат қосымша шығын көп болмайтынын айтып отыр. Өйткені көшелердегі тақтайшаларды шұғыл ауыстыру қажет емес. Бұл жоспарлы түрде, бөлінген бюджет қаражаты есебінде жүргізіледі. Қазіргі таңда құжат айналымы цифрлы түрде жүргізілетіндіктен, оған қосымша шығынның керегі жоқ», деді Қ.Мусин.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бір­лескен отырыста еліміздің болашағын айқындайтын аса маңызды, тарихи шешім қабылданатынын жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, жаңа саяси жүйе арқылы мемлекет пен қоғамдағы барлық жаңаруға жол ашылатыны анық.

«Президенттің жалпы өкілеттігі екі мерзімнен бір мерзімге қысқарады. Бұл жаңа нормаларды биылғы Президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бо­йынша биыл президент болып сайланатын адамға жаңа нормалар бойынша жетіжылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заң туындайды.

Бұл құрғақ сөз емес. Мысалы, демо­кратияның атасы дейтін Америка Құрама Штаттарында кезінде сондай жағдай заңды деп танылған. АҚШ Консти­туциясына 1947 жылы енгізілген 22-ші толықтыруда: «Бір адам екі мерзімнен тыс президент бола алмайды» деген талабымен қоса «бұл талаптың енгізілген кездегі президент болып тұрған тұлғаға қатысы жоқ» деп айқын жазылған.

Осы халықаралық дәстүрге сай егер бұл Конституциялық өзгерістер президент сайлауынан кейін енгізілсе, Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 2022 жылы 5 жылға сайланса, онда жаңа сайлау заңына байланысты тағы да 7 жылдық президент сайлауына қатысу құқы болады. Онда үшінші рет сайлауға түсіп, өткен жағдайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы 7 жылдық мерзімі 12 жылға созылып, 2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталар еді. Ал бұған халықаралық заңдылық бо­йынша ешқандай күмән жоқ. Осы 5 жыл айыр­машылық, артық мерзімді Қ.Тоқаев аза­маттық ерік-жігермен бір мерзімдік президенттікті ұсы­нып, де­мо­кратиялық қадамға жол ашып отыр.

Яғни Конституцияға түзетулер ал­дағы сайлауға және Президент жетіжыл­­дық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолғы Президентке және одан кейінгі барлық мемлекет басшысына Президент сайлауына қайта қатысуға заңмен тыйым салынады. Бірден айтарымыз, Президентті бір реттік мерзімге сайлау демократиялық алға басудың айқын қадамы және саяси реформалардың жалғасы», деді Қ.Иса.

Демократияға нық қадам

Бұдан кейін пікір білдірген Жанарбек Әшімжан Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан Президент өкілеттігіне байланысты ұсынысы ел арасында, сарапшылар ортасында және әлеуметтік желілерде қызу талқыланғанына назар аударды.

«Республика жұртшылығы бұл ұсы­нысты негізінен ізгілікті демократиялық қадам деп бағалап, қолдады. Жасыратыны жоқ, «бұл өзгерістер таяу мерзімде жүзеге аспайды» деушілер де болды. Күдік пен сенімнің тайталасы болғандықтан, Парламент Мәжілісінің депутаттары Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді. Бұл жаңа үлгі бойынша, Президентті екінші мер­зімге қайта сайлау құқығынсыз, 7 жыл­дық бір мерзімге сайлау тәсілімен өтеді.

Сол себепті, Конституцияға Президент сайлауы өткеннен кейін емес, оған дейін тиісті өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде жоғарыда айтылған мәселені құқықтық жолмен реттейді. Осылайша, президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады. Бұл биліктің жаңа және әділ тепе-теңдігін орнатады», деді Ж.Әшімжан.

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы бүкіл саяси жүйені өзгертуді өзінен бастап отырғанын алға тартты. Соған байланысты мемлекеттік құрылымдағы реформалар жаңа ережелер бойынша жүргізіледі.

«Аталған өзгеріс Әділетті Қазақ­станның болашағына жол ашар құқықтық норма. Бұл норма ел тізгінін ұстар жаңа саясаткерлер мен жаңа саяси лидерлердің, сондай-ақ беті ашық, жүзі жарқын, ары мен алақаны таза, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді. Құқықтық демократияның бұл үлгісі жаңа саяси тұлғалардың жоғары лауазымды билікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Һакім Абайдың сөзімен айтқанда, «еңбегін сатып» ел тізгінін ұстар ұстанымы берік жас­­тар саясат аренасына шығады. Соны­мен қатар бұл – елдің ішін алатайдай бүл­діріп, көш соңында «үрит-соқтап» жүретін емес, әр салада көшті бастайтын жаңа тұлғалар қалыптастыруға жасалған нақты қадам. Бұл өзгерістер барлық саяси жүйенің жаңа тәртіп бойынша жаңаруына бастайтын жол», деді Ж.Әшімжан.

Осы орайда, билік сом алтын секілді, көзді де, көңілді де арбайтынын жеткізген депутат биліктің майлы жілігінен айы­рыл­мауды аңсайтындардың ендігі таңда жолы кесілетініне екпін берді. Бұдан бөлек, Ж.Әшімжан жұрт назарында тұрған тағы бір мәселе – елорданың бұрынғы атауын қайтару жөнінде әңгіме қозғады.

«Қазақстан тұңғыш Президенттің мемлекет іргесін бекітудегі тарихи еңбегін жоққа шығармайды. Елорданың өзінде халықаралық әуежайдың, бір­не­ше ескерткіштің, саябақтың, оқу орнының ол кісінің есімімен аталуының өзі құрметтің белгісі. Ал халықтың негізгі талабы – кезінде өзінің пәрменімен елордаға берілген Астана атауын қайтару. Депутаттар сол себепті сайлаушылардың өтініштерінің негізінде арнайы бастама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Пікір сан алуан, бірақ мемлекет жалғыз» деген ойды айтқан еді. Сондықтан ел – ортақ, жер – ортақ, елорда – ортақ. «Бүгін – ерте болса, ертең – кеш. Асығу зиян болса, кешігу – қауіпті». Адамзат тарихы осындай алды-артын болжап болмас саяси-әлеуметтік, турбулентті құбылыстарды бастан кешуде. Қазақ қоғамының да басынан алағай да бұлағай кезеңдер көшіп жатыр. Сондай кезеңдерде елдің көшін – ер түзесе, әділетті ердің ісін – ел жақтаса керек. Бүгінгі қоғам талқысына салынып, алуан пікірдің көрігін қыздырған мәсе­лелер­дің құқықтық тұрғыдан бағасы бері­лу үшін осы заң жобасын қолдауға барша әріптесімді шақырамын», деді депутат.

Бірлескен отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов та пікір білдірді. Спикердің айтуынша, еліміздің болашағын айқындайтын, мемлекеттік құрылымды жаңаша қалыптастыратын өте маңызды шешім қабылданды. Қазақстан – жаңа сая­си дәуірге қадам басқалы тұр.

«Біз сол ұзақ жолдың алғашқы қадамын бастадық. Бұған дейін бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған конс­титуциялық реформа саяси жаңғырудың негізін қалады. Ал бүгінгі қабылданған шешім сол реформалардың нүктесін қойып, мемлекетіміздің жаңа саяси модельге көшуіне жол ашады. Еліміз демо­­кратияға қарай нық бағыт алды. Мем­лекеттік құрылым түбегейлі өзгереді.

Осылайша, біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңайына топтасып, әділетті қоғам құрып, ел байлығының халыққа теңдей бөлінуіне жағ­дай жасап, азаматтарымыздың әл-ауқа­тын арттырып, бейбіт те берекелі өмір­дің орнығуын қамтамасыз етіп отыр­­мыз. Баршаңыздың ел игілігі, ұрпақ келе­­шегі жолында атқарып жатқан жұмыс­­тарыңызға табыс тілеймін», деді Е.Қошанов.

Тал­қылау мен пікірталас аяқтал­ған соң Сенат және Мәжіліс депутаттары ұсынылған заң жобасын қа­былдады. Жиын соңында Парламент пала­таларының регламенті бойынша бірлескен комиссия құрылып, оның мүшелері сайланды.