Медицина • 19 Қыркүйек, 2022

Хирург балақанның тұсауын кесті

450 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері дертті болып өмірге келген Ерсайынға асқазан-ішек жолдарының туабітті кінәраты – трахеоөңештік жыланкөз деген диагноз қояды. Мұндай кеселмен туған нәресте тамақ іше алмайды. Сондықтан сәби екінші күні перзентханадан балалар хирургиясы ауруханасына ауыстырылған.

Хирург балақанның тұсауын кесті

«Сол күні баланы операцияға дайындадық. Оған біздің орта­лық­қа тиесілі жаңа технология бо­йынша торакоскопиялық әдіс­пен өңештің тікелей анастомозы жасалды. 10 күн ішінде кішкентай пациент стационарымызда емделіп, үйге шығарылды. Ол біздің клиникамызда 1 жасқа толғанша бақылауда болды. Қазір бала бір жас екі айға толды. Бүгін оның ата-әжесі мен әке-шешесі ұлттық дәстүріміз – тұсаукесер рәсімін маған тапсырды. Олар баласының болашақта дәрігер атанып, басқалардың өміріне араша түсетін мамандық иесі болғанын қалайды. Бұл дәс­түр­ді тек таңдаулы адамға ғана сеніп тапсырады. Баланың болашақ тағдырына қатысты бол­ғаныма, осындай қастерлі мін­дет бізге бұйырғанына қуа­ныштымыз. Жыл сайын осындай 5-6 баланың тұсауын кесе­міз», дейді балалар хирургі, қа­был­дау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев.

Айтқандай, мұндай операциялар Балалар жедел меди­ци­налық жәрдем көрсету орта­лы­ғын­да 2013 жылдан бері жасалады. Тоғыз жыл ішінде 60-қа жуық жаңа туған нәрестеге операция жасалды. Былтырдың өзінде нео­натальды хирургтер 10 сәбиге операция жасады. Дәрігерлердің тә­жіри­бесі мен біліктілігі 100% жағ­дайда оң нәтижеге қол жет­кізуге мүмкіндік береді. Бүгінде аурухана Алматы қаласының тұр­ғындарына ғана емес, үлкен қа­лаға еліміздің өзге өңір­ле­рінен ем іздеп келген бала­лар­ға да көмек көрсете алады.

 

АЛМАТЫ