Теннис • 19 Қыркүйек, 2022

Елена Рыбакина Словения турнирінің финалында жеңіліс тапты

131 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ші ракеткасы Елена Рыбакина Порторож WTA 250 турнирінің финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстанның теннис федерациясына сілтеме жасап.

Елена Рыбакина Словения турнирінің финалында жеңіліс тапты

Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 82-ші орында тұрған чехиялық Катержина Синяковамен бас жүлдеге таласты.

Бірінші сетте Рыбакина қос брейк жасап, 5:0 есебімен алға кетсе де, Синякованың таразы басын тез теңестіріп, есепті 5:5-ке жеткізді. Рыбакина бірнеше сет-пойнтты да пайдалана алмады. Дегенмен тай-брейкте қарсыласын тығырыққа тірей білді - 7:6 (7:4).

Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасағанымен, чехиялық теннисші сол бойда есе қайырды. Есеп 4:4 болды. Бұл жолы тай-брейкте Синякова сәтті ойнады - 7:6 (7:5).

Үшінші, шешуші сетте Синякова брейкпен алға озып, есеп 4:2-ге жетті. Елена Рыбакина есепті теңестіргенімен, чехиялық ойыншы қайта брейк жасады. 

Бұған дейін Рыбакина сегіз рет WTA додаларының финалына өтіп, соның екеуінде ғана үздік шыққан еді.