25 Мамыр, 2010

ӘКЕ – ҮЙДІҢ ТІРЕГІ БОЛҒАН ЖАҒДАЙДА БАЛА ТӘРБИЕСІ ҚАЛЫПҚА КЕЛЕР ЕДІ

1395 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Бағзы заманда бір жас жігіт Меккеге қажылық парызын өтеуге аттанады. Ол кезде қазіргідей көлік жоқ, жігіт көшке ілесіп, жаяу-жалпылап күннің ыстығына, ауа райының қолайсыздығына шыдап, көштен қалмай еріп жүреді. Құдіреттің күшімен ол Қағбаға да жетеді. Сол кезде оған сол жердегі бір ғұламаның көзі түсіпті. Жігіт Қағбаны айналу кезінде де, одан кейін де арқасындағы қомақты бір дорбаны тастамайды екен. Орайы келгенде әлгі ғұлама жігітті шақырып алып, “балам,ана арқаңдағы дорбаң не?” деп сұрайды. Сонда жігіт, “кешіріңіз, бұл дорбаның ішінде менің әкем отыр еді. Ол мені осы жарық дүниеге әкелді. Бағып-қақты, тәрбиеледі. Қазір қартайып, аурушаң болып қалды. Балам, қажылық парызымды өтейінші деген соң, арқама салып әкелдім” деп жауап береді. Сонда ғұлама: – “Сен үлкен жақсылық істеп, сауап алып отырсың, бірақ есіңде болсын. Еліңе қайтқаннан кейін әкеңе бір рет “түһ” деп ренжісең, не кейістігіңді білдірсең,осы жасаған жақсылығыңнан түк қалмайды. Барлық ама­лың­ның сауабы жойылып кетеді”, – деген екен. Мұны айтып отырғанымыз, бала үшін әке­нің алатын орны ерекше. Алайда, әкелер де әртүрлі. Балаларын тірі жетім етіп тастап кете­тіндер де, шарана іште жатқанда бас тартатын да әкелер бар. Өкінішке қарай, соңғы кезде біздің қоғамда әкенің алатын орны тіпті төмендеп кетті. Бұл сөзімізге өз басын алып жүре алмайтын маскү­нем, отбасын асырай алмайтын, жұмыс істемейтін ең соңында баласына қарамай, балалар үйіне өткізетін әкелердің көбейіп бара жатқаны нақты дәлел бола алады. Иә, бүгінде жігіттеріміз жеті елдің қамын жемек түгілі, қыз-қырқынның өмірін бір түндік ойынға айналдырып, соңында некесіз туған балалар қаптап кетті. Сәбилер үйіне барсаң қаптаған көгенкөз жетімдер. Олардың басым бөлігі қазақтар екендігін байқағанда, ішің удай ашиды. Тастанды балаға әке фамилиясын бермек түгілі, маңынан да жүрмейді. Бұл жерде тәрбиелеуге, баланы асырап өсіруге мемлекет қана шығын­данады. Сонда мемлекетіміздің болашағы қандай болмақ деген заңды сұрақ туындайды. Енді бұл мәселені қалай реттеуге болады? Бәлкім, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін бірнеше бала тәрбиелеп, өсірген әкелерге де лайықты құрмет көрсетіп, мәселен “Заңғар әке” деген марапат берілсе оның еш айыбы жоқ сияқты. Ең бастысы, әкенің тәрбиесін, отбасын сақтаудағы тәжірибесін үлгі ғып көрсету керек. Себебі, қазіргі жастар жаһандану заманында өмір сүріп отырғандықтан да олар қаптаған батыс фильмдерін көреді. Ал онда негізінен қаталдық, махаббаттың атын жамылған зина­қорлықты насихаттайды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, ғалым Ерлан Сыдықов былай дейді: – Қазір әйел адамдардың дені мұғалімдер. Біздің кезімізде мұғалімдер кілең ер адамдардан тұратын. Сабақ үстінде ер адамнан ығып, тыныш отырасың, тіпті далада доп теуіп ойнап жүрсек, алыстан мұғаліміміздің келе жатқанын көріп, амандасу үшін тәртіп сақтап тұра қалатынбыз. Сондықтан да педагогика саласына неғұрлым ер адамдарды тартқан жөн. Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев та осы ойды сабақтап, қалың қауымға өз пікірін білдіруден қалыс қалмады. “Әке деген сөз мақтанышпен айтылуы тиіс. Ол ана деген сөз сияқты асқақ естілуі керек деп білемін. Өйт­кені, отағасы бар отбасы – бақытты. Мұндай шаңырақтағы балалардың балалық шағы бақытқа толы болады. Осындай шаңырақты бақытқа бөлеп отырған көпбалалы әкелерді марапаттауымыз керек. Қоғамда әкенің рөлін көтермей, көптеген мәселелерді шеше алмай­мыз. Біздің қоғамда қылмыс күн сайын өршіп барады. Балалар колониясы мен әйелдер ко­ло­ниясына қаржы бөлінеді, жыл сайын мыңдаған адамды түрмеге жабамыз. Ал сол қылмысты тоқ­татуға болады емес пе? Ол үшін, әрине, жарық дүниеге келген баланың тәрбиесіне мән беруіміз керек. Әкелерге жауапкершілік жүктеуіміз керек. Сонда әке мен ана бала үшін қиындықты бірге көтереді. Біздің сәбилеріміз өмірін жетім балалар үйінде бастап, түрмеде немесе қарттар үйінде аяқтамайтын болады”. Иә, ер адамның, азаматтарымыздың беделін көтерудің жолдарын іздестіруіміз қажет. Бұдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. ӘЙЕЛГЕ ЖІБЕК МІНЕЗ ЖАРАСАДЫ Қазақта “Ауруын жасырған өледі” деген ащы мақал бар. Бәрі жақсы деп кемшілігімізді жылы жауып қойғанымызбен, біз қоғамда өмір сүреміз. Осы ортада талай са­намызға жат келеңсіз жағдай­лар­дың орын алғанын көрдім. Оның бірі қызғаншақтық ауруы әлденеше отбасының ойранын шығарғанын білемін. Әсіресе, күйеуін басқа әйел­дерден себепсіз қызғанған еркетотай­­лар­дың оғаш қылықтары жанымда жатталып қалғанын жасыра ал­май­мын. Жас кезінде махаббат, сүйіспеншілік сезімдерін бастан кешпеген адамдар кемде-кем шы­ғар. Жігіт бозбала, қыз бой­жет­кен болып, көңіл қосып, үй­ле­ніп, шаңырақ тігіп, балалы-ша­ға­лы болады. Әрбір отбасының өзіндік қалыптасу сыры, жолы бар. Ме­нің айтайын деп отырған оқи­ға­ларым, көптеген отбасында кезде­сіп отыр деген ойдан мүлдем ау­лақ­пын. Бірақ, қанша жылдар өт­се де сол бір қызғаншақ әйел­дер­дің жат қылықтарынан қазіргі кез­дегі жас отау иелері аулақ бо­лып жүрсе екен деген шынайы тілек менің қолыма қалам алғызды. “Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады” деген мақал әлі күнге дейін өзінің мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Әлі есімде, әжептеуір қызмет атқарып, ел-жұртына сыйлы бола бастаған мекеме бастығы туралы “Әйелі қызғаншақ, қисыны кел­­сін-келмесін, күйеуімен күле сөй­лескен қыз-қырқынның соңына түсіп, маза бермейді, байқаңдар” деген сыбыс тараған. Ол кезде ке­ңес дәуірі еді, дүниенің дүркіреп тұрған кезі. Әлгі дөкейдің әйелі ұжымда қызмет атқаратын күйеуі­мен ажы­расқан жас келіншектің соңынан шырақ алып түсіп ал­ға­ны. Қолы­мыздан келер шара жоқ, іштен тынып, қарсы дау айтып, қорғай алмаймыз. Бәріміз күні­міз­ді көріп, бала-шағамызды асырап отырған қызметке тәуелдіміз. Он­ың үстіне қауесет сөзден қауіп­те­неміз. Ал бастықтың әйелі болса қысқа күнде қырық рет әлгі жас келіншекті телефонмен тергеп, есін шығарады. “Арадан қорықпа, жаладан қорық”деген сөздің өмір­шең екенін сонда білдім. Бастық­тың әйелінің негізсіз күдігінің өтірік екенін білеміз. Бірақ, кімнің аузына қақпақ боласың, желді­ауыз­дар айналада аз емес. Ақыры әлгі, жалғызбасты әйел қызметтен өз еркімен кетіп, енді барлығы­мыз­дың иығымыздан ауыр жүк түскен­­­­дей, кең тыныстай бастап едік. Тағы да әлгі бастықтың әйелі “Ана бір келіншектен күйеуін қызғанып жүр екен” деген сыбыс тарап үл­гер­ді. Әлгі жас келіншектің күйеуі бар. Бірақ, көңіліне күдік ұялаған әйел оған қарасын ба, ұялмай-қызармай келіншекке күнұзақ екі-үш рет телефон шалып, тексереді де жатады. Көңілі жабырқаған жас келіншекке бастыққа кіріп мұнысы сорақы қылық деп айтпайсың ба дейді ғой айналадағылар. – Осылай деуге аузым бармай­ды. Менің сөзімді керісінше түсі­ніп, отбасыма қаракүйе жаққалы отырсың ба десе, қай бетімді айтамын, – деп батылы бармай-ақ қойды. Оған “Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды”, ақ болса айтар еді ғой деген желауыз адам­дар да табылды. Ақыры күбір-сыбыр әңгіме оның күйеуіне жетіп, аяғы ұрыс-керіске ұласып, жас келіншек баласын алып, төркініне кетуге мәжбүр болды. Әлгі сөздің жала екенін бәріміз білеміз, оқсыз-ақ, пышақсыз-ақ адамның жанын жаралауға болады екен. Әйелі кет­кен соң ері арақ ішіп, басын тауға да тасқа да соғып жүргенін көріп, жанымыз қатты ашыған. Келіншегі қайтып оралмады, сөйтіп, бір отба­сының ойраны шықты. Бала жетім қалды. Енді тындық па деп жеңіл­деніп қалып едік, онымыз тағы бекер болып шықты. Күйеуінің маңында қызмет істейтін барлық жібі түзу келіншектерді құбыжық­тай көретін қызғаншақтық қауіпті аурудың бірі екен. Үйінде жатып, қызғаныш ішін күйдірген әйелдің көзіне бірде олпы-солпылау жүре­тін жас келіншек іліккен. Бас­тықтың әйелінің басынғаны сонша, әр сағат сайын телефон шалып, тектен-текке, балағаттауға дейін барды. Ең сұмдығы сол, әрқайсы­мыз басымызға қара бұлт қай күні келіп үйіріледі екен деген үрейде жүретін болдық. Бастыққа тура қарап, амандаспақ түгіл, қарасы көрінсе қашатын хал­де жұмыс іс­те­дік. Атымыз жаман­атқа іліксе, оны жанымызда жүрген жанжары­мызға түсіндірудің өзі қиямет-қайым екенін білетінбіз. Кім жалаға шыдайды дейсің, ұрыс-жанжал қан­ша сүттей ұйыған шаңырақтың шырқын бұзғаны өзімізге белгілі. Қызғаныш деген қызыл ит шы­­найы махаббат пен сүйіспенші­лік­пен, сыйласым­ды­лықпен үйлесе бермейтінін осын­дай әйелдердің білмейтіні өкінішті-ақ. Кейбіреулер адам шын сүйсе қыз­ғануы тиіс дейді.. Ал, шын ма­хаббат сенім бар жерде гүлдейтін сезім екенін өмір көрген, самай шашыма ақ қырау кірген жасқа келгендіктен айтып отырмын. Күндердің күнінде әлгі жігіт ағасы жұмыс бабымен басқа аймақ­қа ауысып кетті. Шынын айту ке­рек, өте адал адам еді. Ел-жұртына қолынан келген жақсылығын аямайтын. Бірақ, әйелінің жат қылығы, оғаш мінез-құлқы оның беделіне нұқсан келтірмей қойған жоқ. Артынан қызметтен біржолата босапты деген хабар алдық. Ол жігіттің қызметтен неге кеткені жөнінде біраз күдігіміз болды, бірақ айтпаса да белгілі, әйелінің қызғаншақтығы, сол қылығымен еріне ор қазғаны анық. Отбасында қазан-ошақ сылдыр­ламай тұрмайды ғой,бірақ жас әйелдер тектен-текке күйеулерінің басына қамшы үйіріп, әмірлерін қалт еткізбей орындатуға машық­танып алғаны өкінішті-ақ. Бір жап-жақсы отбасын білуші едім. Бір-бірін тауып қосылған, ізетті жастар еді. Бала-шағасын өсіріп, өз беттерінше тіршілік етіп өмір сүріп жатқан. Неден шу шығып, екі құ­лағы тік шыққанын білмеймін,әлгі жігіттің әйелі өзімен құрбылас келіншектің үйіне барып, жұлысып, жаға жыртысыпты, ол да қарап қалмайтын долының бірі екен, полиция шақырып, іс аштырыпты деген хабарды естідім. Бар пәленің басы, өтінген соң сол келіншекті әлгі әйелдің күйеуі көрші ауылға мәшинесімен апарып келіпті. Сыпсың ауыздар ары қарай болған оқиғаны әрлендіріп, түрлендіріп, жігіттің әйелінің құлағына жеткізсе керек. Қазақта “Ақылды қасыңнан қорықпа, жарымес досыңнан қорық” деген мақал бар. Сөйтіп, жап-жақсы отбасы бүлініп, ша­ңырағы ортасына түсе жаздады. Ағайын-туысқаны жабылып жүріп, айыппұл төлеп, жас әйелге бұза­қылық жасады деген іс аштырмай, алып қалды. Бұдан кім ұтылды, кім ұтты?! Оны өздері сарапқа сала жатар. Түптеп келгенде, қызғаншақтық деген қасіретке душар болудан әр отбасы сақтанып жүргені дұрыс. Қазір біздің облысымызда әрбір үшінші неке бұзылып, балалар же­тім қалады екен. Осындай келеңсіз оқиғаларға себеп болатын жайттар қатарында ерлі-зайыптылардың бір-біріне сенімсіздік білдіретін жаман мінездері де жоқ емес. Жанжал болған соң, бір-бірінің көңілін қалдырар неше түрлі сөздер де ашумен, қардай борары анық, оның соңы бас жарылып, көз шығуға әкеп соқтырады. Оны көрген өсіп келе жатқан бала-шағаның алар тәлім-тәрбиесі қандай болады деген көңілде алаңдаушылық та жоқ емес... Ғұмыр бойы күйеуін қызғанып, оның әрбір ізін аңдып отыратын бір әйелдің кесірінен осал жігіт араққа салынып, қаңғырып кетке­нін де білемін. Жап-жақсы жігіт еді, бірақ әйелінің ащы тіліне шыдай алмады. Енді оның ешкімге керегі жоқ. Ең сұмдығы сол, қыз­ғаншақ әйел қаңғыбасқа айналған күйеуін бүгінде үйіне кіргізбейтін көрінеді. Сөзді түйіндей айтқанда, ерлі-зайыпты адамдардың арасын­дағы бір біріне деген сенімсіздік, қызғаншақтық – қауіпті дерт де­мекпін. Өйткені, орынсыз ки­кіл­жің, отбасындағы жанжал адам төзгісіз жан азабына алып келетіні белгілі. Сондықтан да өздері сүйіп қосыл­ған жас жұбайларға абай болыңдар, бір-бірлеріңді сыйлап, қадірлей біліңдер.Өмір деген дөңгеленген төрткүл дүние. Көзді ашып, жұм­ғанша бақытқа толы күндерің өтеді де кетеді. Жаман­шылық шақырып, өз өмірлеріңе өздерің ойран салып, шаңырақ­тарыңды шайқалтар жаман мінезге бармаңдар деп сақтандырғым келеді. Нұрила БЕКТЕМІРОВА. Алматы облысы, Көксу ауданы. СӘН! СӘН! СӘН!.. Талғамға талас жоқ. Қанша адам болса, олардың талғамы да әрқилы дейміз. Біздің қазақтың қыз-келін­шектері сән әлеміне, оның ішінде киінуге, боянуға қалай мән беріп жүр? Қоғамның жалпы сәнге деген талғамы қаншалықты өскен деген мәселеге келсек, арамызда әлі де әлем-жәлем киінуге, бетін баттастыра бояп, өзге жұрттан ерекше боп көрі­нуге әуес жастардың аз емес екенін байқауға болады. Оның үстіне ізде­генге сұраған дегендей, киім дүкен­деріне және базардағы киім үлгіле­рі­не қарасаңыз, барлығы дерлік шетел­ден әкелінген. Содан да шығар жұрт Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Ба­тыс, Еуропа, араб елдерінен әке­лін­ген киімдерді киеді. Шетелден әке­лінген киімдермен бәсекеге түсе алатын “Қазақстанда жасалған” деген этикеті бар отандық киімдерді тап­пайсыз. Тапсаңыз да өте сирек. Бұл біздің қолда барды тұтынып, содан арыға аса алмайтынымызды айғақ­тайды. Оған қоса, сән әлемінің ли­дер­лері жыл сайын бір үлгіні анық­тап, нарыққа жаппай шығарып оты­рады. Сөйтіп, бәріміздің де айналып келгенде, бір үлгімен және оның түр-түрімен киінетімізді жоққа шығара алмайсыз. Ал сол пәлен ақшаға алған қымбат киіміңіз келесі жылы-ақ жарамай қалып, орнын басқа сән үлгісі басады. Сіз амалсыздан тағы да жаңа үлгінің “құрбаны” боласыз. Айналып келгенде, сән әлемі адам­дардың бейнетпен тапқан ақшасын жыл сайын жымқырып отырады. Сол сияқты, косметикалық заттар да шеттен, сырттан тасылған дүниелер. Олардың да әсемдікке құштар ететін сиқыры сізді арбап, әдемілік үшін ақшаңызды аямайсыз. Қоғам дамуы алыс-берістен дамитыны сияқты, бер­сеңіз аласыз, алсаңыз бересіз. Демек, сән әлемі де сауда-саттықты, елдің эконо­ми­касын көтеретін баспал­дақ. Бірақ, бұл басқа әң­гіме. Ал біз бүгін ұсынық­­­ты киіну, талғаммен бояну мәдениеті жайлы айтсақ деп едік. Несін жасырамыз, бү­гінде сән қуамыз деп қа­зақтың қыз-келіншектері шаштарын күйдіріп, қаста­рын жұлдырып, тылтиған шалбарлар мен кіндігі кө­рініп тұратын желбегей жаздық киімдерге әуесте­ніп алды. Қаншама жерден жаңашылдықты қабыл­дауға даяр тұрсақ та, қазақ қоғамы өздерінің қар­а­көздерінің өзгенің “қаң­сығына” тез бой алдырып, жалаңаштанып шыға кел­генін құптамады. Баспасөз өкілдері қанша шуласа да, жастар сол сорақы киім­дерге құмарта түсті. “Ит қорыған жерге өш” де­мекші, батыстың да, орыс­тың да, қытайдың да сапалы, сапасыз дүниеле­рінің бәрін қып-қызыл ақшаға сатып алып жатыр. Дегенмен, жұрттың бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Бүгінде бірқатар қазақ жастары бұндай келеңсіз қасиеттер­ден жайлап-жайлап арылып келеді. Сән үлгісінің уақытша құ­бы­лыс екенін, оның соңы дарақылыққа апаратынын түсінгендей. Дегенмен, теледидар мен журналдарда күн сай­ын, сағат сайын тақылдап сән әлемі мен косметикалық заттарды жарна­ма­лайтындар өздерінің тауары өтпей, сұ­раныссыз қалғанын қала­майды. Әсі­ресе, желілік жүйе арқылы қазақ қыз-келіншектерінің арасына жыл­дам тарап үлгерген “Орифлейм”, “Мэ­ри Кэй”, “Эйвон”, “Фаберлик” т.б. фирмалардың косметикалық зат­тары өз тұтынушыларын тез тап­ты. Рас, қыз-келіншектер де кос­мети­ка­лық заттарға талғам көзімен қарай бас­тады. Қайсы фирманың тауары жақ­сы, қайсы фирманың та­уары жа­рамсыз екенін бірден біле қояды. Бұл қазіргі күннің талабы. Дегенмен, бет­терін баттастырып бо­­­яп, бетіне түрлі татуажды салдырып, со­яудай тырнақ өсіруді көркемдік деп ұғынатын қыздар да аз емес. Қазақ қыз-келін­шектерінің тым асыра боянып, осы­лай­ша то­ты­құстай әлем­іш­теніп шы­ға келгені көз­ге түр­пі­дей көріне­ті­нін олар­дың білмейтіні өкінішті-ақ. Сәнмен киіну, талғаммен бояну – адамның жеке басын құрметтеуі, жас қал­пын сақ­тауға, салауатты болуға ұм­тылуы десек, бет күтімі үшін сапалы косме­ти­калық заттар тұтынған дұрыс-ақ. Бірақ, қазақ қыздары баттасып боян­баса да, табиғи қалпымен, қою қара шашы­мен, құлын мүсініне жара­сымды қара­пайым киімімен-ақ әсемдіктің нағыз өзін си­пат­тай алатынын ұмытпаса екен дейсің. Өйт­кені, қазақ қызы деген сөздің өзі әдемі емес пе?! Кім бол­масын ақыл­­шыны емес, жол нұсқау­шы­ны жақсы көреді. Рас, қо­ғам тауардың түр-түріне бай. Бұрынғы кеңес заманында­ғы­дай киімдер мен косметика­лық заттар тапшы емес. Қай­та керісінше, “қай­сысын таң­да­­сам екен” деген ойдан ба­сы­­ңыз қатады. Осы жолда қазақ қызы киінсе де, боянса да, ішсе де, жесе де, қазақы тек-тамырын жоғалт­пай, ар-ұяттан аттап, сәннің жөні осы екен деп жала­ңаштануға тұ­ра ұмтылмай, бір сәт сара­лай білсе ғой. Осы орайда сән әле­мінің әлеміш-жәлеміш түрін қууға рухани болмысы төмен адам­дар тез елігетінін де айта кеткен жөн. Сондықтан да жұртқа күлкі болмай, жарасымды киімімен, көзге ұрмайтын макияжымен ай­налаңа жақсы әсер қалдыруға, сән әлемінің “мазағы” емес, жеңім­пазы болуға ұмтыла білгенге не жетсін. Сон­дықтан да құр­быларыма тал­ғаммен киіне білу де өнер де­мекпін. Жансая СЫДЫҚБАЙ.