Спорт • 20 Қыркүйек, 2022

Сербияда сенім ақталмады

283 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сербияда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жексенбі күні еркін күрес шеберлері ең соңғы үш салмақ дәрежесінің медальдарын сарапқа салды. Жүлделі орындардан үміттілер қатарында 65 кило салмақтағы Әділ Оспанов та бар еді. Бастапқы бәсекелерінде молдовалық Виталий Буничи мен қырғызстандық Әлібек Осмоновты ойсырата ұтқан ол ширек финалда ирандық Рахман Амоузадхалилиден айласын асыра алмады. Ал жұбаныш бәсекесінде мажарстандық Исмаил Мусукаевқа жол берді. Осылайша, Әділге Белградта жүлде алу бақыты бұйырмады.

Сербияда сенім ақталмады

АҚШ-тың алдына ешкім түсе алмады

Былтыр Ослодан өткен әлем чемпио­натында өте күшті бәсекелестік белең алып, жалпыкомандалық есепте кімнің озатыны ең соңғы сәтке дейін белгісіз болып келді. Нақтылап айтсақ, сол жа­рыста америкалықтар мен парсылар 3 алтын, 3 күміс және 1 қола ме­дальды олжалады. Ресейдің әнұра­ны үш мәрте шырқалғанымен, басты бәсе­келестерінен екі күмісі кем болды. Есе­сіне олардан үш қола артық жинады.

Ал биылғы жарыста АҚШ құра­масы алдына жан салмады. Бұл елдің талай дүбірлі дүрмекте ысылған апай­төстерінің тегеурініне шыдас беру мүмкін болмады. Нәтижесінде, 4 алтын мен 4 күмісті олжалаған америкалықтар жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Екінші орынға Иран құрамасы табан тіреді. Парсы елінің пехлевандары 2 алтын, 3 күміс және 2 қоланы олжалады. Бір айта кетерлігі, осы екі мемлекеттің балуандары финалда өзара төрт рет тартысты. Сол бәсекелердің екеуінде америкалықтардың асығы алшысынан түссе, екі ретінде ирандықтардың мысы басым болды. Үздік үштікті Жапония құрамасы түйіндеді. Күншығыс елінің өкілдері бас жүлденің екеуін еншіледі. Қалған қос алтынды Түркия мен Алба­нияның өрендері иеленді.

Жоғарыда аталған командалардан бөлек, Словакия (0 алтын+2 күміс+1 қола), Моңғолия (0+1+2), Грузия (0+0+4), Қырғызстан мен Әзербайжан (0+0+2) және Армения, Италия, Украи­на, Қазақстан, Үндістан және Мажар­станның (0+0+1) балуандары Белград­тағы бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілді.

Олжаға кенелген оғландар

Будапештте 79 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Джордан Барроуз әлем чемпионатының алтын тұғырына алтыншы мәрте көтерілді. 34 жастағы АҚШ-тың апайтөсі алғаш рет 2011 жылы Ыстанбұлда жалауы желбіреген жарыста алдына жан салмады. Содан кейін 2013, 2015, 2017, 2021 және 2022 жылдары ұйымдастырылған дүбірлі додаларда дараланды. Одан бөлек, Барроуздың аталған бәсекеде жеңіп алған тағы үш қола медалі бар. Барлығы – 9 жүлде. Бұл – осы күндері өнер көрсетіп жүрген еркін күрес шеберлері арасындағы ең үздік нәтиже. Десек те америкалық балуанның КСРО-ның алыбы Александр Медведь пен Болгарияның беткеұстары Валентин Иордановқа әлі жете алмағанын айта кетейік. Әлем чемпионаттарында олар жеті реттен жеңімпаз атанды. Ал Сергей Белоглазов (КСРО), Арсен Фадзаев (КСРО) және Бувайсар Сайтиев (Ресей) алты реттен алтын медальды мо­йын­дарында жарқыратты.

Грек-рим күресінен өткен жарыс­та 32 жастағы түркиялық Риза Каялп Белградта бес дүркін әлем чемпионы атанса, 30 жастағы армениялық Артур Алексанян төрт мәрте сондай құрметке бөленді. «Классиктер» арасындағы толағай табыс даңқы жер жарған Алек­сандр Карелинге тиесілі. Әуелі КСРО, кейіннен Ресейдің намысын қорғаған «Орыс аюы» қатарынан тоғыз жарыста теңдессіз деп танылды. Парсы елінің пехлеваны Хамид Сорианға бұл белес алты мәрте бағынды. Бес рет чемпиондық атаққа қол жеткізген санаулы балуандардың арасында қазақстандық Валерий Резанцевтің барын біз зор мақтанышпен айтамыз.

Әйелдер күресінен Саори Ёсиданың алдына түсетін ешкім жоқ. Ол өзі қатысқан 16 әлем чемпионатының бар­лы­ғында бас жүлдені олжалады. Каори Итё 10 мәрте топ жарса, Хитоми Сака­мота сегіз рет алтыннан алқа тақты. Бұл балуандардың барлығы да – Жа­пониядан. Канадалық Кристин Нордхаген мен жапониялық Яю Урано алты додада дара шықты. Ал Сербияның астанасында Юи Сусаки мен Маю Му­каида сынды Күншығыс елінің қыздары үшінші алтындарын алды.

Легионерлерге арқа сүйейді

Будапешттегі жарыста өзге елдердің атынан шыққан легионерлердің қатары қалың болды. Мәселен, грек-рим күре­сінен Сербия құрамасына бас жүл­де сыйлаған Али Арсалан мен Зураб Датунашвилидің екеуі де өзге мем­лекеттің түлектері. Али – ирандық, Зураб – грузин. Болгарияға күміс медаль әперген Эдмонд Назарянның тегі армениялық. Кезінде оның әкесі Атланта мен Сидней Олимпиадаларында алтын тұғырға көтеріліп, Афинада қола медальды мойнына ілген. Армен Наза­рянның әлем мен Еуропаның сан мәрте чемпионы деген атақтары тағы бар. Міне, әке жолын қуған 20 жастағы Эдмон да дүбірлі додаларда даралана бастады. Қазірдің өзінде-ақ оның күресу мәнеріне қарап, «болашағы жарқын» деп нық сеніммен айтуға болады. Данияның туы астында өнер көрсетіп, күміс медальды иеленген Турпал Бисултанов – чешен ұлтының өкілі.

Албанияның еркін күресі тарихында алғашқы алтынның иегері атанған Зелимхан Абакаров та Чешенстанның тумасы. Бұрындары Ресей чемпионатында көзге түсіп, кейіннен Қырғызстанға қоныс аударған Арсалан Будажапов Сербиядағы сайысты үшінші орынмен қорытындылады. Бірақ «айыр қалпақты» ағайындарымызға оның еш бөтендігі жоқ. Арсаланның әкесі бурят болғанымен, шешесі қырғыздың қызы. Словакия құрамасының қор­жынын түрлі-түсті медальмен толық­тырған Таймураз Салказанов, Борис Макоев және Батырбек Цакулов осетиндер. Мажарстан бұл жарыста бір ғана жүлде алды. Оның иегері – балқар Исмаил Мусукаев. Италияның мақ­танышына айналған әлемнің екі және Еуропаның төрт дүркін чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Франк Чамисонның Бостандық аралында туып-өскенін барша жанкүйер жақсы біледі. Белградта оған қола медаль бұйырды.

р

Саясаттың салқыны тиді

Содыр саясаттың салқыны спортқа да тиюде. Біріккен күрес әлемінің (UWW) шешімімен Ресей мен Беларусьтің аталған жарыстан шеттетілгені белгілі. Әйтпегенде, бәсекелестік әлдеқайда күшті болар еді. Егер статистикалық мәлімет­терге сүйенсек, әлем чемпионат­тарының тарихында ең көп жүлде алған Ресей құрамасы екеніне анық көз жеткіземіз. 1993 жылдан бері сол елдің грек-рим күресі шеберлері 98 (44 алтын+26 күміс+28 қола) жүлде алды. Еркін күрестен олжалаған медальдар саны – 123 (63+20+40). Дәл осындай көрсеткішімен басқа командалардың бірде-біреуі мақтана алмайды. Олар күрестің осы түрлері бо­йын­ша әлемнің үздік командасы саналады. Беларусьтің де балуандары осал емес. Олардың нәтижелері мынадай: грек-рим күресі – 17 (2+7+8) жүлде, еркін күрес – 18 (2+4+12) жүлде.

Иранның да ұстанған саясаты түсі­ніксіз. 70 кило салмақ дәрежесінің тұсау­кесер кездесуінде Амирмухаммед Бабак Яздани израильдік Джошуа Стюарт Фенесильвермен белдесуге тиіс еді. 21 жастағы бұл балуан – Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін жеңімпазы Хасан Язданидің туған інісі. Өзі де атақ-даңқтан кенде емес. Былтыр Ослода өткен дүниежүзілік додада Амирму­хаммед күміс медальды мойнына ілді. Ол Белградқа алтын жүлдені аңсап келген еді. Бірақ осыдан біраз жыл бұрын Иран үкіметі өз өрендеріне Израиль­дің өкілдерімен күш сынасуға тыйым салған. Егер ол талап орындалмаса, тек спортшы ғана емес, бүкіл делегация мүшелері қатаң жазаланады. Соны қаперге алған Яздани бозкілемге шығудан бас тартты.

Жоғарыдағыдай жағдайды кезінде Иранның атақты дзюдошысы, әлем чемпионы Саид Моллаеи де басынан кешірген еді. 2019 жылы Токиодағы әлем чемпионатының жартылай финалында ол бельгиялық Маттиас Кааспен күресуі керек еді. Оны ұтса, финалда оны израильдік Саги Муки күтіп тұрды. Сол кезде Парсы елінің спорт басшылары Моллаеиді Каастан жеңілуге мәжбүрледі. Олар өз отандастарының Мукимен күрескенін қаламады. Соған наразы болған балуан Германиядан саяси баспана сұрады. Одан кейін Моңғолияға қоныс аударып, сол елдің азамат­тығын алды. Бұл тәуекелге Саид бекер бармаған екен. 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында ол күміс медальды кеудесінде жарқыратты. Бұл күндері 30 жастағы дзюдошы Әзербайжанның туы астында өнер көрсетуде.

Еркін күрестен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

57 кило:   1. Зелимхан Абакаров (Албания), 2. Томас Гильман (АҚШ), 3. Занабазар

                  Занзанданбуд (Моңғолия) пен Стеван Мичич (Сербия).

61 кило:   1. Рэй Хигучи (Жапония), 2. Реза Атри (Иран), 3. Арсен Артутюнян                            (Армения) мен Нармандахын Наранхуу (Моңғолия).

65 кило:   1. Рахман Амоузадхалили (Иран), 2. Джон Диакомихайлис (АҚШ),

  1. Бажранг Бажранг (Үндістан) пен Исмаил Мусукаев (Мажарстан).

70 кило:   1. Таиши Нарикуни (Жапония), 2. Зейн Ретерфорд (АҚШ), 3. Ерназар                        Ахматалиев (Қырғызстан) пен Зураб Якобишвили (Грузия).

74 кило:   1. Кэйл Дэйк (АҚШ), 2. Таймұраз Салказанов (Словакия), 3. Алиакбар                       Эмамичогаей (Иран) мен Франк Чамисо (Италия).

79 кило:   1. Джордан Барроуз (АҚШ), 2. Мохаммад Находи (Иран), 3. Арсалан                        Буджапов (Қырғызстан) пен Василий Михаилов (Украина).

86 кило:   1. Дэвид Тэйлор (АҚШ), 2. Хасан Яздани (Иран), 3. Борис Макоев                                               (Словакия) пен Азамат Дәулетбеков (Қазақстан).

92 кило:   1. Камран Гасампур (Иран), 2. Майкл Кокс (АҚШ), 3. Осман                                          Нурмагомедов (Әзербайжан) пен Мирани Майсурадзе (Грузия)

97 кило:   1. Кайл Снайдер (АҚШ), 2. Батырбек Цакулов (Словакия), 3. Гиви                                             Матшарашвили (Грузия) мен Магомедхан Магомедов (Әзербайжан).

125 кило: 1. Таха Акгюл (Түркия), 2. Лхагвагарел Мунхтур (Моңғолия),

  1. Гено Петриашвили (Грузия) мен Амир Хоссейн Заре (Иран).

Сөйтіп, Сербияның астанасында өткен әлем чемпионаты аяқталды. Қазақ­станның балуандары бұл жарысты үш жүлдемен қорытындылады. Атап айтсақ, әйелдер арасында Жәмила Бақбергенова күміс алса, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали мен еркін күрестен Азамат Дәулетбеков қола медальды мойын­дарына ілді. Жер-жаһанның мықты балуандары жиналған байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілген бұл спортшыларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Десек те дәл бұл көрсеткішке көңіліміз толды деп айта алмаймыз. Балуандық өнерде бай дәстүрі бар Қазақ елінің тұғыры бұдан да биік болуға тиіс еді. Ең өкініштісі, қарт құрлықтағы ең көне қалалардың бірінде алпауыттарды айтпағанда, алақандай ғана Сербия, Қырғызстан, Армения, Албания, Молдова секілді елдердің әнұрандары шырқалып жатқанда, жанарымызбен жер шұқыдық. Иә, Қазақстанның балуандарына ондай бақ бұйырмады.