Қоғам • 20 Қыркүйек, 2022

Қару тапсырғандар қомақты қаржы алды

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз бойынша тіркелмеген қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сатып алу акциясы Жамбыл облысында да қарқынды түрде жүргізіліп, бірер күн бұрын іс-шара толық аяқ­талды. Акцияның басты мақсаты – атыс қаруын қолданумен жасалатын құқық бұзу­шылықтардың алдын алу. Осы мақсатта Жамбыл өңірі үшін республикалық бюд­жеттен 10 млн 404 мың теңге бөлінген.

Қару тапсырғандар қомақты қаржы алды

Деректерге сенсек, өңір тұрғындары полиция қызметкерлеріне ұзын саны 160 қару тапсырған. Олардың ішінде 16 ойық, 140 тегіс ұңғылы және 4 травматикалық қару-жарақ бар. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, акцияның алғашқы жылдарында қолөнер немесе сирек кездесетін қарулар тапсырылған болса, қазір жұртшылық негізінен туыстарынан мұра боп қалған, аң аулауға арналған қаруды өткізіп жатыр екен.

«Қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін өңір тұрғындары жалпы сомасы 10 млн 401 мың 948 теңге төлемақы алды. Жалпы алғанда акция ой­да­ғыдай жүргізілді. Бізге тапсырылған бар­лық қару түрлері жойылады», дейді об­лыстық полиция департаменті әкімшілік полиция бас­қар­ма­сының басшысы, полиция под­пол­ков­нигі Жайдарбек Құттыбаев.

Құзырлы орган қызметкерінің айтуынша, тапсырылған қару-жарақтың басым бөлігі екінші санатқа жатқызылған. Екінші санатқа негізінен атуға жарамды, бірақ бастапқы қалыбын жоғалтқан және ақаулары бар қарулар жатады. Өткізілген қарудың 149-ы дәл осы санатқа енгізілген. Техникалық ақауларға байланысты одан әрі пайдалануға жарамсыз немесе пайдалануға қауіпті болып есептелетін 11 қару полиция қызметкерлерінің қолына түскен. Бұл қарулар тиісінше үшінші санатқа жатады.

Естеріңізге сала кетейік, қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтардың іс-әрекеттерінде қандай да бір қылмыстық істің құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

 

Жамбыл облысы