Қоғам • 20 Қыркүйек, 2022

Тығырықтан шығар жол таппай...

356 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алуға болады десек те, дүниенің төрт бұрышында әр қырық секунд сайын бір пенде бақидан пәниге аттануға әрекет жасап, соның көбі трагедиямен аяқталып жатады. Өкінішке қарай, бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеген ресми дерек. Осылайша, жер бетінде күнделікті өз-өзіне қол жұмсайтындардың саны шамамен 2 200-ге жетіп жығылады, бұл бір тәулікте болуы ықтимал 15 ұшақ апатына тең.

Тығырықтан шығар жол таппай...

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін халықаралық деңгейдегі құзырлы мекемелер де қарап отыр­мағанын білеміз. Мысалы, ДДҰ-ның 2013-2030 жылдарға арналған пси­хи­калық денсаулық іс-қимыл жос­пары аясында ДДҰ-ға мүше мемлекет­тер 2030 жылға қарай елдердегі суицид деңгейін үштен бірге азайту мақ­сатында жаһандық міндетті мо­йын­дарына алғаны аян. Алайда жағдай оңғарылды деп айтуға бола ма?

Осыған дейін де қоғамды алаң­датып келген мәселеге неге қайта оралып отырмыз? Өйткені жыл сайын 10 қыркүйек күні – бүкіл әлемде суицидтің алдын алу күні атап өтіледі де, қайғылы көрсеткіштерге шолу жасалады. Себебі бір жылда жер шарының 1 миллион тұрғыны жарық дүниемен өз еркімен қоштасады. Халықаралық ұйымның дерегіне сүйенсек, осындай жағдай жалғаса берсе, мұндай өлімнің саны алдағы жылдары екі есе артуы мүмкін. Қайғылы жағдайдың басым бөлігі зорлық-зомбылық салдарынан болатыны дәйектелген.

Ал елімізде соңғы алты айда 1 834 адам өз-өзіне қол салған. Былтыр, яғни 2021 жылы бұл қайғылы дерек

1 942 адамды алып кетсе, биыл суицид оқиғасы 5,6%-ға төмендеген. Осы арада ойлантатын жағдай, мына дүниеден баз кешіп, жарық дүниемен қоштасуға қыз-келіншектерге қарағанда, ер азаматтар бейім, тіпті екі есе көп деуге болады. Былтыр 386 әйел өмірімен қоштасса, 1 430 ер кісінің, кәмелет жасқа толмаған 65 жасөспірімнің отбасы қара жамылған.

Бірақ елімізде суицидтің алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйым­дастырылып жатады. «Жастар орта­лықтарында, профилактикалық, кон­сультациялық-диагностикалық, ме­ди­циналық-әлеуметтік, психо­логиялық және заң аясында көмек көрсету біріздендірілген», дейді мамандар.

Биыл өз-өзіне қол салған қайғылы оқиғалар, мәселен үш бірдей баласын балконнан лақтырып қайтыс болған әйел оқиғасы жұртты шулатқан кезде, осыған ұқсас фактілердің жиілеуіне журналистерді айыптағандар да болды. Мұның соңы осы сәуір айында БАҚ-та өз-өзіне қол жұмсау фактілеріне жауаптылықты күшейту туралы пікірталасқа ұласты.

Бұл іс-шараға Еуропалық Одақтан бастап, Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы, Денсаулық сақтау министр­лігі, сондай-ақ Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің қолдауы­мен Қазақстан Медиа Альянсы да қатысты.

Сол кезде Қазақстан Медиа Альян­сы елордадағы өкілдігінің директоры, Atameken Business медиахол­дингінің бас директоры Қанат Сахария: «Қоғамда суицидтің алдын алуда БАҚ маңызды рөл атқара алады. Өз-өзіне қол жұмсауды ойлайтындардың көпшілігі өз әрекетінде екіұдай сезімде болады. Олар шын өлгісі келетініне күмәнмен қарайды. Әлсіз адамды өз-өзіне қол салуға итермелейтін факторлардың бірі БАҚ-та суицид туралы ақпараттың жиі жариялануы. Яғни суицид оқиғаларын кеңінен тарату суицидке бейім адамдарға кері әсер етуі мүмкін», деген еді.

Осы жиында журналистер мен бас редакторларға арналған декларация жобасы ұсынылып, онда кәсіби қауымдастықты БАҚ-та суицид тура­лы ақпараттарды егжей-тегжей жа­рия­­ламауға шақырды. Яғни материал­да өзіне-өзі қол жұмсаудың орны, әдісі, себептері сияқты мәліметтерді ашпау, бүге-шігесіне дейін баяндамау керектігі айтылды. Себебі суицидке бейім адамдар мұны өмірмен оңай қоштасудың «нұсқаулығы» ретінде қабылдайтын көрінеді. Психологияда бұл «Вертер эффектісі» деп аталады.

Дегенмен суицид туралы сөз қоз­ғаған кезде отбасындағы озбыр­лық пен әскердегі, мектептегі, интернат­тардағы әлімжеттік, әлеуметтік әділет­сіздік мәселесінен аттап өтуге бол­майды. Өлгің келмесе де өлуге итер­мелейтін жайттармен нақты жұмыс істемей, өзін ажалға қия беретіндер қай кезде де табылады.

Ішкі істер министрлігі де соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдеді. Әсіре­се жа­һан­дық індетке байланысты жария­лан­ған төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжалдар 41,7 пайызға өсті. Оның ішінде отбасылық жанжалдан бас­тап, әйелдердің күйеуінің тарапынан қысым көруі, тіпті бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайлар бірнеше рет қайталанғанын кім жоққа шығарады?

Сарапшылар өз-өзіне қол жұм­саған­­­дардың дені «өлімге итермелеген, яғни себепші болған мыналар» дегендей қолхат қалдырып кететінін алға тартады. Олардың 44 пайызы ажалына мына адам кінәлі деп қолхаттарында атап көрсетеді екен. Бұл көрсеткіш былай жіктеледі: «барлығы» дейтіндер – 20%, «жақын адамым» – 12%, «бастық» – 8%, «ешкім емес» дейтіндер – 4%.

Енді не істеу керек деген сұраққа оралсақ, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы «Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» жобасы аясында мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында әзірленген оқыту бағдарламасын жетілдіріп жатқан жайы бар.

Бұл бағдарлама ЮНИСЕФ-тің «Қазақстанның білім беру және денсау­лық сақтау жүйелеріне жасөспі­рімдер арасында психикалық денсаулықты нығайту және суицидтің алдын алу аспектілерін енгізу» жарияланымына бейімделе отырып, Қазақстанда жасөспірімдер арасында психикалық денсаулықты нығайтуды, суицидтің алдын алуды көздейді. Сонымен бірге жасөспірімдер мен олардың замандас­тары, қамқоршылары, мұғалімдері, медицина қызметкерлері мен басқа адамдар тарапынан суицидке, психи­калық дерттерге, осы саладағы меди­циналық қызметтерге байланысты стиг­матизацияға қарсы шараларды күшейту қарастырылған.

Бұған қоса 15-17 жастағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бағдарламасы барлық өңір­­де қолға алынып отыр. Қазір атал­ған бағдарлама Ақмола, Атырау, Қызыл­орда, Солтүстік Қазақстан облыс­тары мен Астана қаласында әдіснамалық тұрғыда іске қосылған. Сегіз ай бойы осы бағдарламаның аясында 471 денсаулық сақтау саласы­ның маманы арнайы білім алған. Өңірлік жатт­ықтырушылық міндетті атқару үшін психиатрлар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер арасынан 50 адам іріктеуден өткен.

Бұл қадамдар – суицид көрсеткішін азайтуға қаншалықты септесетінін уақыт көрсетеді.

«ДДҰ-ның қолдауымен еліміздегі медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдары дәрігерлерінің психикалық денсаулық саласындағы сауаттылығын арттыру жөніндегі бағдарлама (MhGAP) енгізіліп жатыр. Жоба психикалық ауруларды, жүйке сырқаты өз-өзіне қол жұмсауға жетелейтін пациенттерге көмек көрсету мәселелерін қамтиды. Бұл жоба денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлеріне психологиялық-психиатриялық көмек саласында білім алуға мүмкіндік береді», дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми практикалық орталығының  бас директоры Қуаныш Алтынбеков.

Осы орталық емханалардағы психо­логиялық мамандығы жоқ отбасы­лық дәрігерлер мен бұрынғы учаскелік дәрігерлерге арнайы дәріс беріп отыр. Мамыр айында Алматыда ұлттық жаттықтырушыларды дайындау үшін өткізілген тренингке 20 адам қатысқан.

Қалай десек те, өмірден түңіліп, тығы­рықтан шығудың амалын ізде­ген жанға демеу болып, тағдырын өзгерту­дің басқа (аутодеструктивті емес) жолын таңдауға көмектесу психо­­лог маманның ғана емес, оның айнала­сында­ғы жақындарының да қолынан келе­тін іс. Кейбір жағдайларда тәжіри­белі маман әңгімелесу арқылы суицид­ке бейім жанға қиындықты жеңуге жігер беріп, оң шешім табуға көмектеседі.

Республикалық психикалық ғылы­ми-практикалық орталықтың бөлім меңгерушісі Ринат Мұзафаров психолог, психотерапевт, психиатр­лардың көмегіне жүгінуге кеңес бере отырып: «Қазіргі таңда пси­хи­калық, мі­нез-құлқындағы өз­геріс­терге алаң­даған, күйзеліс дің­ке­леткен адамдар психиатрға жүгінсе, динамикалық бақылау тобына тір­кейді деп алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Созылмалы кеселдері анық­тал­ған, психикалық аурулар бойынша мүгедектігі расталған адамдар ғана есепте (диспансерлік есепке қою) тұрады. Сондықтан сіздің туыстарыңыз немесе жақындарыңыз психо­логиялық көмекке мұқтаж болса, мамандарға хабарласыңыз, олар сізге әрқашан көмектеседі», дейді.

Қоғамдық ұйымдар суицид жағдай­ларының алдын ала отырып, өз-өзіне қол жұмсауға бір рет әрекет еткен адамдарға бұл тығырықтан шығудың жолы бар екенін көпшілікке жария ету, қиын кезде қолұшын бере алатын адамдардың бар екенін хабардар ету жолында жұмыс істейді.

Өз-өзіне қол жұмсау – тығырықтан шығар жол емес, оның сұрауы да шари­ғатта өте қатал екенін есті адам білгенімен, көп адамның ішінде жал­ғыздықтан жаны шырқырап, айналасы­нан түсінбестік пен жанашырлық таба алмай, күйзеле келе ақылынан адас­қандарды арашалау – баршаның ісі.

 

АЛМАТЫ