Пікір • 21 Қыркүйек, 2022

Бетбұрыс кезеңдегі байыпты Жолдау

240 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кемелдік пен кеңдік дейміз. Мақсат пен міндет күлкі емес, көркем болуы шарт дейміз. Осы бір шарапаты мол түсініктерді кейде мен ұлтыма да теңегім келеді. Ұлт дегеніміз – халықтың жетілген, парасатты түрі. Өзін-өзі сақтауға, дамытуға, қорғауға айрықша ден қоя алатын қабілеттің түрі.

Бетбұрыс кезеңдегі байыпты Жолдау

Достоевский «Құдайлар ұлтқа бөлінгенде, олар өледі», дейді. Демек ұлтты ұйыстыратын – дүниетаным. Ал оны аздыратын, тоздыратын – алауыздық. Аяғы үзеңгіден шықса да, тізесі жерге тимеген Алаш жұрты азапты ғұмыры мен ұзына тарихында басынан небір дәуір өткізді. Ащысын да, тұщысын да сарқа татты. Ащысы тұсында жасқанып, тұщысы тұсында мастанып көрген емес. Жеңіп те көрді, жеңіліп те көрді. Бірақ осыны сезіну – саяси өмірдің ең бір қиын сәттерінде бізге бір берік рухани медет болғандай.

Бүгінгі Ақордалы Қазақстан кешегі Алтын ордалардың тікелей мұрагері. Тәуелсіздік – ырыс, дамудың кепілі. Ал тірегі – бірлік. Бірақ бүгін заман басқа. Қарудың орнына қалам, қаламның орнына компьютер келген заман. Техно­логияның өзі күнде өзгеріп, өсіп бара жатыр. Толқынды толқын қуа­ды, толқыннан толқын туады. Әлем асығыста. Өмірдің өзі күнде өзге­ріп жатыр. Сондықтан, не ілгері баса­сың, не кейін кетесің. Басқа жол жоқ.

«Саясат» деген терминді біз­дің дәуірімізге дейінгі IV ғасыр­да Аристотель енгізген екен. Ол оны «мемлекетті басқару өнері» деп атапты. Міне, осы жерде айналамыздағы халықаралық, ішкі саяси ахуалды, жұртының мұңын тамыршыдай тап басып отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлтының үніне үн қоса, ой тастады.

2019 жыл. «Сындарлы қоғамдық диалог Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі», деп атады сол кездегі Жолдауын. 2020 жыл. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан – іс пен қимылдың кезеңі» деп ұран тастады. 2021 жылы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп өрелі ойын жалғастырды. Ал 2022 жылдың наурызында «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы» деп көрсетті. Осыдан бір­неше күн бұрын, 2022 жылы 1 қыр­күйекте «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп үш та­ған­дық қағидатты алға тартып, халқын бірлікке шақырды. Тұжы­рым – бұл бес Жолдау Мемлекет басшысы халық пен мемлекет жағында екендігін көрсетті.

Күні кеше елімізде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының жетінші съезінде әділетті әлем мәселесін қозғады. Рим Папасын қарсы алған кезде Мемлекет басшысы «Сіз біздің елге адамзаттық бетбұрыс кезінде келдіңіз», деп парасатты ойын жалғады. Бес Жолдаудың ішінде халқының бүкіл мұң-мұқтажы қамтылды. Бірақ соның ішінде 1 қыркүйектегі Жолдаудың атауының өзі көңілге үлкен сенім ұялата­ды. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам». Яғни әділетті мемлекетте тұратын біртұтас ұлт берекелі қоғамға кепіл. Әрине, Жол­даудың ішінде шоқтығы биік небір шешімдер бар. Соның ішінде – халық қорынан келешек ұрпақтарымызға ашылатын есепшот. Кешегі алпа­уыттар пышақ үстінен үлестірген миллиондаған гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды. Қаңтар оқиғасы кезінде аса ауыр қылмыс жасамағандарға кешірім жасалды.

Сондай-ақ алдағы жарты жыл ішінде биліктің бар тармағы – Президент, Парламент, Үкімет түгелдей сайлаудың сүзгісінен өтетін болды. Ең ғажабы – Мемлекет басшысы президенттік өкілеттік мерзімін қысқартып сайлауға түскелі отыр. Бір қарасаң, аталы нар тәуекел. Шешімі – Қасым-Жомарт Тоқаев астындағы тағын емес, халқының баянды бағын ойлағандығы деп білемін. Күні кеше қолындағы билігін сүтті сиыр­дай қаттап сауған заманмен салыс­тырғанда. Шәкәрім қажы айтпақшы, бұл ән бұрынғы әннен өзгерек боп шықпай ма?! Дәл солай!

Президентіміздің жоспарлары сан салалы. Арман-мұраттарын сапалы баспалдақтармен әкеле жатыр. Әрине, мұның бәріне уақыт керек. Дей тұрғанмен, пысықталған, қорытындыланған дүниелердің барлығын жүзеге асыруға мүмкіндік беруіміз қажет. Біздің міндетіміз – біртұтас саналы ұлт, берекелі қоғам болып, сөзінде пәтуа, ісінде тиянақ бар ел басшысына ең игілікті реформаларын жүзеге асыруына мандат беруіміз керек.

Осының барлығын ойлай, салыстыра келе, Президент билігінің мерзімін жеті жылға бір реттік етіп жасауды ұсынды. Біріншіден, жеті жыл – қазақта қасиетті сан. Қазақ «Жетіге келгенше, жерден таяқ жейсің» дейді. Бұл – балдырғанның аяқ басып кету кезеңі. Ал есті, саналы пендеге жеті жыл ақыл толтыру, бар тәжірибені ортаға салу, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, содан нәтиже шығару. Міне, осы ойдың барлығы Мемлекет басшысының қаперінде. Сондықтан, осы шешімді халық болып барлығы қолдауда. Сондықтан, бұл шешім түбегейлі ақиқат шешім деп ойлаймын. Шешімнің ертеңі – халқымыздың ризығы.

Жоғымызды бардай ету, барымызды дардай ету – елімізге сын. Найзаның ұшын тат басар, шоқ­парлар шоққа тасталар толайым заманға да жетерміз. Тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз мәңгілік болғай. Тарихтың тар өткелінен сүріндірмей өткізген бабалар шапағаты бізге де тигей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ағайын!

 

Досқан ЖОЛЖАҚСЫНОВ,

Қазақстанның халық әртісі