Бірінші терімнің өзінде өнімділік гектарына орта есеппен 18 центнерді құрап отыр. Сала мамандарының айтуынша, биылғы науқанда мақталықтың 80 пайызға жуығын техникамен теру жоспарланып отыр. Жалпы, шитті мақтаның түсімділігі гектарынан 27,3 центнерден болып, 333,4 мың тонна жиналады деп болжануда. Қолда бар 595 бірлік комбайнның 92%-ы
жиын-терін жұмыстарына дайын. Бұл салада жалпы 25 мыңнан астам агроқұрылым еңбек етеді. Ақ ұлпаны техникамен теруді бастағандардың бірі – Жетісай ауданындағы Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Бақдәулет» шаруа қожалығы. Иелігіндегі 20 гектар жерге қосымша 30 гектар егістікті жалға алған қожалық төрағасы Серікбай Ахынов «Мақтаарал 40-11» сұрыпты шит сеуіп, гектарынан 20 центнерден өнім алуда.
«Қазіргі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, жаппай мақта жинау науқанын бастап кетті. Аудан бойынша 29 673 мың гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, 7 мақта зауыты мен 81 мақта қабылдау пункті биылғы науқанға толықтай дайын тұр. Күзгі жиын-терін науқанын жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз сәтті өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз», дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Абуов.
Одан бөлек, аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына қатысатын 1 897 ауылшаруашылық техникасының 224-і мақта терімге арналған комбайндар болса, бір ғана Ынтымақ ауылдық округінде 151 ауыл шаруашылығы техникалары мен агрегаттары науқанға дайын тұр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Сондай-ақ мақта бағасы биыл 400 теңге көлемінде болатыны болжанған еді. Әзірге баға одан төмен болып тұр. Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Былтыр шитті мақтаның тоннасы 320 мың теңгеден қабылданды. Бүгінде 1 тоннасы 374 мың теңге болып отыр. Мақтаны 18 өңдеу зауытының 209 бекеті қабылдайды. Зауыттар тарапынан тауар өндірушілерге жиын-терін жұмыстары үшін 150– 250 мың теңгеден алдын ала төлем жасалуда. Ал мемлекет тарапынан күзгі жиын-терін жұмыстары үшін 48 мың тонна жанар-жағармай және 522 түрлі минералды тыңайтқыш құнының 50%-ын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар 653 түрлі өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 521,4 млн теңге қаржы қаралса, агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға 600 млн теңге бөлінген.
Негізгі күнкөрісі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы аграрлы секторға тікелей байланысты аудандардың диқандары үшін ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалану аса маңызды. Сондай-ақ диқандар өндірілген барлық мақта шикізатын елімізде толық терең өңдеуге мүмкіндік жасалып, жеңіл өнеркәсіп дамыса, халық тығыз орналасқан өңірде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылатынын айтуда. Ерте көктемнен басталатын еңбек еш кетпеуі үшін өнім бағасы көтерілетінінен үмітті диқандар қырманның берекелі болуын да тілеп отыр.
Түркістан облысы