Әлем • 21 Қыркүйек, 2022

Садыр Жапаров Нью-Йоркте қырғыз-тәжік қақтығысы жайлы баяндады

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеп, қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға тоқтала кетті, деп хабарлайды Egemen.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Садыр Жапаров Нью-Йоркте қырғыз-тәжік қақтығысы жайлы баяндады

Жапаров қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі жағдайында БҰҰ Жарғысында бекітілген жоғары мақсаттар мен міндеттерді, атап айтқанда халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау маңызды екенін еске салды.

Қырғыз көшбасшысы қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайдың кезекті шиеленісуі аясында өңірде қалыптасқан жағдайды баяндап берді. Ол өз сөзінде Қырғызстан 1996 жылы ҚХР-мен және 1999 жылы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы Қазақстанмен шекаралық реттеу мәселелерін сәтті аяқтағанын да сөз етті.

«Біз қазір бірлескен жұмысты толығымен аяқтадық және Өзбекстан Республикасымен Мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қоюға әзірміз», деді ол.

С.Жапаровтың айтуынша, қырғыз тарапы Тәжікстанмен шекаралық мәселелерді реттеу бойынша жұмыс барысында өзіне алған халықаралық міндеттемелерге толық сәйкес әрекет еткен.

«Осы жылдың 14, 15 және 16 қыркүйегінде Қырғызстанның оңтүстігінде ауқымды әскери қақтығыстар болғанын хабарлау маған ауыр тиді. Бұған дейін қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды бұза отырып, тәжік тарапы қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының бүкіл периметрі бойынша шекаралық және азаматтық объектілерге шабуыл жасады», деді ол.

Жапаров Қырғызстан тәжік тарапымен кез келген форматта келіссөздер процесін жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

«Көршілеріміздің заңға қайшы соңғы әрекеттерінің нәтижесінде біздің сеніміміз әлсірегенін атап өту қажет. Дегенмен, біз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ қоса алғанда, келіссөздерді жалғастыруға және халықаралық делдалдыққа дайынбыз», деді ол.