Алла тағалам Мойынқұмның маң даласына құт-береке, байлығын аямай-ақ бере салған ғой, шіркін. Осынау кең дала Менделеев ақсақалдың әйгілі кестесіндегі бар қазынаны «менікі, менікі» деп қайшымен қиып алып, қойнауына жасырып тастаған секілді. Әйтеуір, шөл далаға «шөп» болып тұрған сексеуілді былай қойғанда, құт қонған осы өлкеде алтын, күміс, қола, көмір, кокс, қалайы, қызыл түсті гранит, барит, бәрі-бәрі бар. «Амангелді» газ кеніші ұңғыларының басым бөлігі осы ауданның аумағында жатыр. Содан болар, Жамбыл облысының жартысын алып жатқан Мойынқұм ауданының түкпір-түкпірінде білекті түріп тастап, тірнектеп дүние жинап, тірлік етіп жатқан компаниялар көп.
Алайда, алтын шыққан жерді белшеден қазып жатқан осынау компаниялардан жергілікті қазынаға анау айтқандай пайда түспей тұр. Қайбір күнгі жиында Жамбыл облыстық салық департаментінің басшысы Азамат Мелдебеков осы жәйтті жайып салды. Оның мәліметіне қарағанда, бүгінде облыс аумағында басқа өңірлерден келген 20 салық төлеуші компания жерасты қазбаларын пайдаланып жатыр. Бірақ, бұл кәсіпорындар сол басқа өңірлерде тіркеу есебінде тұрғандықтан, негізгі салықтар мен төлемдер басқа облыстың бюджетіне төленеді. Мысалы, «Ер-Тай» ЖШС 28 жылға келісімшартқа тұрған. Бірақ, Алматы қаласы, Медеу ауданына тіркелгендіктен өткен жылы сол жаққа 528,3 миллион теңге салық аударған. Мойынқұмға небәрі 28,1 миллион теңге төлепті. Ал, «Алтай полиметалл» ЖШС Екібастұзға тіркеліп, былтыр оның бюджет түсімі 759,5 миллион теңгені құраған. Ал, Мойынқұмның қоржынына соқыр тиын да салмапты. Сондай-ақ, «Жартас» ЖШС бір жылда 104,6 миллион теңгені Алматы облысына асырып, Жамбыл облысына небәрі 400 мың теңге төлепті. Мойынқұм ауданында ең ірі салық төлеуші мекеме – «Восточное рудоуправление» ЖШС саналады. Бұл кәсіпорын бір жылда 300 миллион теңгеге дейін салық төлейтін. Неге екенін қайдам, аталмыш мекеме өткен жылдың қаңтар айында бұл жақтан тіркеуден шығып, Алматы облысына барып тұрақтапты. Аудандық әкімдік пен облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшылары «Восточное рудоуправление» ЖШС-нің бастығына бірнеше мәрте «әке-көкелеп» барып, қайтып оралуын өтінген. Бірақ, бастық әзірге «Әне келем, міне, келем» деп, тек уәде берумен ғана шектелуде екен.
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қайбір күнгі жиында осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, тиісті басшыларға салық түсімін көбейтудің барлық жолдарын қарастыруды тапсырды. Әрине, Салық кодексінде басқа облыстардан келген кәсіпорындар міндетті түрде жұмыс істеп жатқан жеріне тіркелу керек деген нақты талап жоқ. Сондай-ақ, «сырттан келген» деп сыртқа тебудің де қажеті жоқ. Бәрі осы тәуелсіз еліміздің кәсіпкерлері. Ел ортақ, жер ортақ, тірлік ортақ. Бұл әрине, «Байдың асын байғұс қызғаныптының» кері емес, бірақ, шынын айту керек, байлықтың үстінде отырған ел сол қазынаның титтей де қызығын көре алмауы арға да, заңға да сыймайтын тірлік емес пе? Қазір нарық заманы. Бұл дегеніңіз тамағын ішіп-жеп, ақшасын басқа кафеге барып төлеп кеткен сияқты дүние ғой. Бұл компаниялардың көпшілігі 20-25 жылға келісімшартқа тұрған. Сонда осыншама жыл бұл кәсіпкерлердің табысынан Жамбыл жеріне тамшы да тамбайды деген сөз бе? Қалай айтсақ та, осы мәселені өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын керемет дипломатиялық шеберлікпен шешу керек болып тұр. Бірақ, қалай? Бара берудің де, пара берудің де қажеті жоқ, бірақ, компания басшылығы өздері ақылға салып, таразылап, өздері бұрқыратып қазып жатқан Жамбыл жұртының жағдайына да бір сәт көңіл аударса дұрыс болар еді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.