Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

Айтыстың аққан жұлдызы

494 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Айтыс ақыны Әзімбек Жан­құлиевтің сахнадағы өнері ха­лықтың жүрегінде сақталған. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен тұлғаның әуені мен тапқырлығы жұрт жадынан ешқашан өшпек емес.

Айтыстың аққан жұлдызы

Жақында Байзақ ауданында Әзімбек Жанқұлиевтің 60 жылдығына орай «Өнердің ақ­қан жұл­дызы» атты еске алу кеші ұйым­дастырылды. Әл-Фараби атын­дағы мәдениет үйінде өткен іс-шараға жер­гілікті халық көп жиналды.

Ақынның аты ардақталған іс-шара барысында еліміздің еңбек сіңір­ген әртісі Асқарбек Сейілхан, айтыс­кер ақындар Ербол Қамбатыров пен Есет Досалы айтыс ақынының кісі­лік келбеті, азаматтық ұстанымы туралы естеліктерін ортаға салды. Сондай-ақ олар Әзімбектің үлкен айтыстарда орайы­н тауып айтқан ұтымды шумақтарынан үзін­ділер келтірді. Об­лыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйы­мының төрағасы Керім Ізбасаров пен жергілікті ақын Жа­натбек Тұр­ғынбайтегі жылы естелік­терімен бөлісті.

«Талантымен талайларды там­сан­дырған Әзімбектің еліміздегі үлкен ай­тыстарда жасындай жарқы­рағанын баршамыз жақсы білеміз. Әдемі әуе­німен, шырайлы шумақтарымен дараланған Әзімбек Өзбекстан, Түркия елдерінде өткен жыр додаларында да жүлдегер атанған болатын», деді жергілікті ақын Қасқырбай Нарбатыр замандасы туралы сыр шертіп.

Бұл күні Әзімбектің әлеміне үңіл­гендер ақынның өлеңдерін оқыды, жүрекке жылы тиген әндер шырқалды. Іс-шара соңында Әзімбектің ағасы Алтынбек Жанқұлиев еске алу кешін ұйымдастырған азаматтарға риза­шылығын жеткізді. Әзімбекті айтыс өнеріне баулыған Қасқырбай Нар­батырдың иығына зерлі шапан жапты. Өз кезегінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәу­летов марқұмның ағасы Алтынбек пен әпкесі Мейізкүлге құрмет көрсетті.

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы