Ахмет Байтұрсынұлы • 21 Қыркүйек, 2022

Жарық жұлдыздар ешқашан сөнбейді

4113 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ халқында текті туған, ғұмырын ізгілікке арнап, ел дамуы жолында атсалысқан азаматтар баршылық. Солардың арасында шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы десек, артық айтпағанымыз болар.

Жарық жұлдыздар ешқашан сөнбейді

Ол – саналы ғұмырын қарапайым халықтың көзін ашуға ұмтылған жан, қазақтан шыққан атақты ағартушы. Өзінің өткір тілді өлеңдері, жыр-жинақтары арқылы халқының құлағына маса болып ызыңдап, ұйықтап жатқан халықты оятуға талпынып, болашаққа зер салуды насихаттады.

Ұлт ұстазы сондай-ақ араб жазуы негізінде жасалған тұңғыш әліпбидің дүниеге келуіне де себепші болды. Ол әліпби әлі күнге дейін өзінің маңызын жоймай, құнды дүние ретінде бағаланып отыр. Ал «Тіл – құрал» – ізашар оқулық. Онда тек жазылу, оқылу емлесі ғана көрсетіліп қоймай, нақты дәлелдермен анықтамалар, грамматикалық ережелер, терминдер кеңінен қарастырылған. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауы­ш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөздер, т.б. нақты анықтамалар беріліп, осының бәрі сауат ашуға негіз қалаған.

Талай жанның өміріне шуақ болып шашылып, талай жанның шамшырағын жағуға ықпал еткен азамат тек білім саласында ғана орасан тер төгіп қоймай, баспа ісінің дамуына да үлкен көмегін тигізді. Тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына түрткі болған да дәл осы Ахмет Байтұрсынұлы еді. Саясаттан хабар-ошар таратып, халықпен тікелей байланыс орнатқан басылым адамдарды үнемі білімге де үгіттеп отырды.

Сонымен қатар ол қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі ретінде тарихта қалды. Тіпті отаршылықтың отты лебі оның отбасына да өз кесірін тигізіп, қазақтың текті ұлына жала да жабылды. Әрине, ұлттың ұранын ұлықтаған жанды патша өкіметінің аса жақтыра қоймағаны анық. Алайда ұлт ұстазы нақ қазақ үшін қашанда биік тұғырда тұратыны талассыз.

 

Пестифаль БОЛАТ,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы,

Қоянды ауылы