Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

Ғарыш мониторингінің мүмкіндігі мол

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бүгінде ғарыш мониторингі нәтижесінде облысымызда пайдаланылмай жатқан 857 мың га жер бар екені анықталды, соның 42,4 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, 438,6 гектары ауыл шаруашылығы айналымына қосылды. Сол сияқты өңірдің әр қиырынан белгіленбеген жерге қоқыс төгілген 154 орын анықталды, соның 109-ы жойылды». Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасы, белгілі ұшқыш Айдын Айымбетовпен кездесуде осылай деді.

Ғарыш мониторингінің мүмкіндігі мол

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында космомониторинг саласындағы ынты­мақтастық байланыстарды кеңейту мәселесі талқыланды. Өңір басшысы Жетісуда ауыл шаруашылығына ерекше ден қойылып отырғанын жеткізді. Сондықтан ғарыштан мониторинг жасау мақсатты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтауға септігін тигізіп, бұл үдеріске жаңа қарқын бермек.

А.Айымбетов республикалық бюд­жеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін тегін қызметтерге тоқ­талып, жуырда іске қосылған Kaznedra және JerInSpectr цифрлы жаңа платформалары туралы айтты.

Бизнесті дамыту және халық­ара­лық ынтымақтастық департаменті Халықаралық ынтымақтастық бас­қармасының бастығы Рустам Абдрах­мановтың сөзіне сүйенсек, «Қазақ­стан ғарыш сапары» ҰК» АҚ ғарыш мониторингі саласында 40-тан астам бағытта жұмыс істейді, соның 8-і алқаптарды, ормандарды, су нысандарын, жайлауларды, жер пайдалануды, төтенше жағдайларды, қалдықтар мен жер қойнауын пайдалануды мониторингілеу бағыттарында қыз­мет көрсетеді. Мәселен, өсімдіктер кос­момониторингі күн сайын өсім­­діктің жай-күйін, ластануы мен шығымдылығын бағалауға қатыс­ты ақ­па­рат жинауға мүмкіндік бере­ді, сондай-ақ өсімдіктің түрін анық­тауға көмектеседі. Ал суармалы жер­­­­лердің мониторингі өсімдік­тер­дің суарылу көлемін және суды тұ­ты­нуын қадағалайды. Бұл – ға­рыш мониторингінің зор мүмкіндік­терінің шағын бір бөлігі ғана.

«Экологиялық мәселелер бізді де алаңдатады. Өңірде қараусыз қал­ған қалдық қоймалары аз емес, қазір бізге инвесторлар рекультивация жасауға ұсыныс білдіріп жатыр. Бізді қалдық қоймаларының жағдайы, жер қойнауындағы қор көлемі сияқты көптеген мәселе толғандырады. Осы бағытта да сіздермен бірігіп жұмыс істесек», деді облыс әкімі Б.Исабаев.

Р.Абдрахмановтың айтуынша, ар­найы тапсырыс берілсе, ғарыш мони­торингі құралдарының нәти­жесінде мұндай бағытта да толық ақпарат жинақтап беруге мүмкіндік бар.

Б.Исабаев облыс ғарыш мони­торингімен ауыл шаруашылығы, стихиялық қоқыс орындарын, заңсыз құрылыстар мен жер қойнауын пай­далануды анықтау бойынша ынты­мақтаса жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді. Төтенше жағдай орын алған жағдайда орман және дала өрттерінің таралу бағытына болжам жасау, сол сияқты заңсыз ағаш кесу оқиғаларын анықтау мәселесі де өзекті. Осыған байланысты тиісті облыстық басқар­малар мен департаменттердің басшыларына тапсырмалар берілді.

«Бұл бағдарламаны толық қол­даймыз. Ол, расында да, пайдалы, біз­ді қызықтыратын нысандарды анық­тауға кететін уақытты бірнеше есе қысқартады. Ортақ мәселелерді бірлесіп талқылағанымызға қуаныш­тымын. Енді әр бағыт бойынша тығыз байланыс орнататын боламыз», деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.

«Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ төрағасы Айдын Айымбетов ақпараттың ашықтығы мен қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету, сол сияқ­ты бюрократия мен жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал ету ғарыш мониторингінің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

 

Жетісу облысы