Экология • 21 Қыркүйек, 2022

Табиғатқа жасалған тағылық

6874 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде атмосфералық ауасы ластанған 10 қала бар. Соның бірі – Атырау шаһары. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің пікіріне сүйенсек, ластанудың басты себептері – жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, сондай-ақ көмірді пайдалану. Шындығын айтқанда, тек мұнайлы шаһар ғана емес, бұл өңірдің аудандарында да табиғатқа қарсы қолдан жасалатын тағылық азаяр емес.

Табиғатқа жасалған тағылық

Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ

Ауаға жағылған алау

Облыс орталығының іргесінде Атырау мұнай өңдеу зауыты тұр. Зауыт Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Жеңіс күнінің «қызуы» басыла қоймаған 1945 жылы іске қосылған. Содан бері тауарлы мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарады. Оның ішін­де сұйытылған көмірсутекті газдар, автомобиль жанармайы, дизель, реактивті қозғалтқыштарға ар­налған, пеш пен кеме отындары, вакуумдық газойль, мазут, мұнай кокстары, техникалық күкірт, параксилол, бензол секілді өнімдер бар. Зауыттың мұнай өңдеу қуаты жылына 5,5 млн тоннаны, ал өңдеу тереңдігі 86,4%-ды құрайды.

Рас, бұл зауыттың отандық эко­номиканы әртараптандыруға қосатын стратегиялық маңызы орасан. Дегенмен табиғат жанашырлары шаһар іргесіндегі зауыттан қоршаған ортаға, ауаға зиянды заттар көбірек шығарылатынын алға тартып отыр. Осыған байланысты облыстық экология де­партаментінің мамандары 18 тамыз бен 5 қыркүйек аралығын­да «АМӨЗ» ЖШС-ның қызметіне қа­тысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.

– Тексеру кезінде зауытты элек­трмен жабдықтаудағы кер­неу­дің істен шығуына орай тех­нологиялық қондырғылардың толық тоқтатылғаны анықталды. Осыған байланысты жабдық­тың қауіпсіздігі мен сақталуын қам­тамасыз ету үшін көмірсутегі га­зының артық қысымы қысқа мерзімге алау жүйесіне жіберіл­ген. KEGOC АҚ тарапынан электрмен жабдықтауды қалпына кел­тіргеннен кейін тауарлық өнім өн­діруге арнал­ған технология­лық тізбектің қалыпты жұмысы қал­пына келтіріліп, техно­логия­лық қондырғылар қайтадан іске қо­сылған. Жобалау құжаттарын зерде­леу кезінде кәсіпорында алау­да газ жағу үшін эмиссияға рұқ­сат жоқ екені анық­талды. Бірақ «АМӨЗ» ЖШС ПГПН алау қондырғысында 73 мың текше метр, ППНГО қондырғысында 6 мың текше метр газды ауаға алау ретінде жаққан. Бұл еліміздің эко­логиялық заңнамасына сәйкес реттеуге жатпайды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Департаменттің дерегіне сү­йенсек, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұндай бұзушылық жүйелі түрде байқалады. Кәсіпорын осындай ұқсас фактіге бір жыл­да үш рет жол берген. Сөйтіп, кәсіп­орын қоршаған ортаға эмиссия­лар нормативтерін жүйелі түрде асыр­ған. Осыған байланысты зауытқа Қазақ­стан Республикасы Әкімшілік құ­қық­бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы хаттама толты­рыл­ды. Іс материалдары соттың қа­рауына берілді.

Жалпы, мұнайлы шаһарда атмос­фе­ралық ауа жиі бұзылады. Дерекке жүгінер болсақ, биылғы 31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған түні Атырау қаласының ауасында жағымсыз иіс пайда болды. Сол себептен облыстық экология департаменті «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мамандары ұсынған ауа сапасын бақылау стансаларының мәлі­меттеріне талдау жүргізді. Тал­дау нәтижесінде, Денсаулық сақ­тау министрінің 2022 жылғы 2 та­­мыздағы №ҚР ДСМ-70 бұйры­ғымен бекітілген «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнер­кәсіптік ұйымдар аумақтарында­ғы атмосфералық ауаның гигие­налық нормативтері» құжа­тын­дағы рұқсат етілген шекті шо­ғырланудан кү­кірт­сутегі көрсет­кішінің бірнеше есеге өскені анық­талды. Демек аталған гигие­налық нормативтер талабы бұзылған.

«Мәселен, №109 «Восток» стан­сасында – 5,3 есе, №103 «Ша­ғала» стансасында – 5 есе, №112 «Әкімдік» стансасында – 3,2 есе, №114 «Загородная» стансасында –  3,9 есе және №108 «ТКА» стансасында 9,23 есе өсу дерегі тіркелген. Талдау көрсеткендей, сол мезгіл­де желдің бағыты оңтүстік-шығыс­тан соққан. Жел екпіні 4 метр/секунд, ылғалдылық 760, ауа температурасы +320С болған. Бұл бағытта «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның нысандары орналасқаны белгілі болды» деп мәлім етті департаменттің бас­пасөз қызметі.

Жалын шарпыған жағалау

Каспий теңізінің жағалауы өрттен көз ашпайтын болды. Те­ңіз жағалауында өскен қамыс жыл сайын көктемде және күзде өртенеді. Мәселен, қамыс өрті 14 қыркүйектен бері сөнген жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, кеше, 21 қыркүйекте Каспий теңі­зінің жағалауында қамыс өртін сөн­діру үшін «ҚазАвиаҚұт­қа­ру» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тар­тылды.

Өйткені жағалауды шарпы­ған жа­лын бой берер емес. Бұған теңіз жағала­уындағы батпақ та кедергі келтіріп тұр. Бұл өрт сөндірушілерді лапылдап жан­ған қамысқа жақындай алмай, сырттай бақылауға алуына мәж­бүр етті. Бір апта бұрын өрт аумағы 6 гектарды құраса, 20 қыр­күйекте отқа оранған жер 60 гек­тарға жетті. Жолындағының бәрін тып-типыл ететін жалын «Ақ­жайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жайылды. Осыдан соң өрт сөндірушілер жалын шарпыған аумаққа жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігімен баруға талпыныс жасады. Алайда бұл көлік батпаққа батып, өрт ошағында қалып қойды. Көліктегі екі өрт сөндірушінің өміріне қауіп төнді. Алайда құтқарушылар жедел қимылдап, екі өрт сөндіруші қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.

Әзірге облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің басшылары өрттің тұтану себебін айта қойған жоқ. Бірақ жұртшылық мұны «Аңшылардың ісі болуы мүмкін» деген пікірді ұстанады. Неге? Өйткені Каспий теңізінің жағала­уында қамыс өрті 14 қыр­күйекте тұтан­ды. Ал 15 қыркүйек­те күзгі аң аулау мау­сымы бас­талды. Облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Нұрлан Иманғалиевтің айтуынша, аң аулау маусымы 15 желтоқсанға дейін жалғасады.

– Аң аулаудың да өзіндік ере­жесі бар. Мәселен, құстарды, оның ішінде үйрек, қаз, кекілікті аулауға 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, қабан үшін 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, қоян, қарсақ аулаудың қысқы маусымына 1 қарашадан 15 ақпанға дейін жолдама алуға рұқсат етіліп отыр. Ал қасқыр аулауға 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген, – дейді Нұрлан Иманғалиев.

Оның мәліметіне қарағанда, қазір өңірде сүтқоректілердің – 21, құстардың 114 түрі мекендейді. Қабан, қасқыр, қоян, түлкі, қарсақ, үйрек, қаз, кекілік аулау үшін аңшылық жолдамада көрсетілген санына ғана рұқсат беріледі.

– Әрине, әр нәрсенің өлшемі бар. Баршаның міндеті – табиғат байлығын қорғау, тыныштығын сақтау. Ережені елемей, аң аулау тәртібін бұзушылар жауап­кершілікке тартылады. Аңшы­да аңшы куәлігі, аңшылық ша­­руашылығы нысанының жол­дамасы, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген, жеке аң­шы­лар үшін қару мен оқтарды сақтауға, алып жүруге рұқсаты болуы керек. Ал жыртқыш құстарды төлқұжат болғанда ғана аулауға рұқсат беріледі, – деп мәлім етті Нұрлан Иманғалиев.

Атырау облыстық орман ша­руашы­лығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметіне сүйенсек, былтыр аң аулау ережелерінің талаптарын бұзған 11 адам анықталған. Олар табиғатқа 862 млн 703 мың 200 теңге шығын келтірген. Қазір Атырау облысында ресми тіркелген 6 мыңнан аса аңшы бар. Алайда 3 мыңға жуығы ғана аңшылықпен тұрақты түрде айналысады.

Теңіз жағалауындағы қамыс өртіне кінәлілер анықтала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Деген­мен атыраулықтарды қол­қаны қабат­ын түтіннің иісі алаңдатып отыр. ­Тіпті шаһар көшелерінде қамыс­тың күлі ұшып жүр. Түтін де, күл де адам денсаулығына зиян ғой. Бірақ жұтар ауасы жұпар емес, экологиялық ахуалы нашарла­ған өңірдің бұл проблемасына ешкімнің «бас ауыртқысы» келмейтіні өкінішті-ақ.

Қара жерге төгілген қара май

Табиғатқа қарсы тағылық әре­кетке баратын қара жерге мұ­найға ұқсас қара майды төгуді тоқтатар емес. Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Исатай ауданындағы Жанбай ауылының маңында үш жерге мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілгені анықталды. Бүлінген жердің аумағы 323 шаршы метрді құрайды.

– Экология департаменті­нің мамандары әлеуметтік желіге жүктелген видео, фотоларға ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Сондай мониторингтің бірі 17 қыркүйекте жүргізіліп, мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілген жерлерге назар аударылды. Кейін департамент мамандары белгісіз біреулердің Исатай ауданындағы Жанбай ауылынан 3 шақырым қашықта мұнай өнім­дері тәріздес сұйықтықты ашық далаға төгіп кеткенін анықтады. Жедел әрекет ету мақсатында департамент мамандары аталған орын­ға барып, тексеру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Қоршаған ортаға зиян келтір­ген­дердің заңсыз әрекетінен бү­лінген үш аумақтан зертхана­лық талдау жаса­латыны даусыз. Осы мақсатта лас­­танған то­­пырақтан сынамалар алын­­ды. Та­­биғатты бүлдіру дерегі бо­йын­ша қарау хаттамасы толтырыл­ды. Бүлінген аумақтар фото және бейне­жазбаға түсірілді. Кінәлі адамдарды анықтау мақсатында тиісті құжаттар жинақталып жатыр.

Осындай тағы бір дерек Мақат ауда­нында да тіркелді. Әлеуметтік желі­ге Доссор кентінен шамамен 15-17 ша­қырым қашықта ор­наласқан Жың­ғылды елді меке­нінің тұсында кен орнын пайда­ланғаннан кейін қараусыз қал­дырып, мұнаймен сол аумақты бүлдір­гені туралы бейнежазба жүктелген. Осы­ған орай департамент мамандары 19 қыркүйекте аталған аумақта тексеру жүргізді. Оған аудандық прокуратураның, аудан әкімдігі мен аудандық полиция қызметкерлері қатысты. Тексеру ке­зін­де Доссор кентінен шамамен 15 ша­қы­рым қашық­тық­та орналасқан кен орны­ның аумағындағы топыраққа мұнай өнімдеріне ұқсайтын сұйықтық төгілгені анықталып отыр.

Департаменттің зертханалық талдауды бақылау бөлімінің маманы бүлінген жердің топырағынан сынама алды. Қазір департамент мамандары кен орнының қай кәсіп­орынға тиесілі екенін анық­тау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Міне, мұнайлы өңірдегі таби­ғатқа қар­сы жасалған тағылық осылай жалғасып жатыр. Мұндай әрекет қашанға дейін созылады?

 

Атырау облысы