Таным • 21 Қыркүйек, 2022

Поль Лаббе: Қазақ даласының қайталанбас суреттері

2107 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қоржынымызға түсіп отыр­ған кезекті тарихи су­реттер топтамасы осыдан 125 жыл бұрын Қазақ даласында түсіріліпті. Ақ-қара бейнедегі 47 фотосурет бізге өткен замандағы халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық ортасын, ұлттық ерекшелігін білдіреді. Аталған топтаманы аппарат көзіне түсіріп, өз мұрағатында сақтаған, сосын кітабында жариялаған жиһанкездің есімі Поль Лаббе.

Поль Лаббе: Қазақ даласының қайталанбас суреттері

Осыдан бір ғасыр ілгері біз­дің даламызға келген Поль Лаббе (1867-1943) жай адам емес еді. Ол  лингвист, антрополог, этно­граф, Француз географиялық қоғамының мүшесі, Сібір, Ор­талық Азия және Қиыр Шығыс халықтары бойынша үздік са­рапшылардың бірі болатын. Біз үшін маңыздысы – ол сол реткі сапарында жинаған қазаққа қатысты материалдар Париждің бірнеше мұражайында сақтаулы тұр. Оның бірден-бір үлкен еңбегі саналатын 1897 жылғы Labbe фотоальбомын парақтап қарасаңыз, ішіндегі ескі фотосуреттер көзіңізге оттай басылады.

Оның «Еділден Оралға де­йін» атты кітабы тарихшылар мен Орталық Азия даласын зерт­теушілер үшін таптырмас оқу­лық іспетті. Осы еңбектен біз оның 1898 жылдың жазын­да Еділ бойына, Оңтүстік Орал­ға және Қазақстанның өзге өңір­­леріне жасаған сапары ту­ра­лы ақпарат ала аламыз. Сол кез­дегі қазақ даласының күн­де­лікті тұрмысымен, құнды этно­графиялық мұраларымен та­нысқан ол әрбір деректі көзінің қарашығындай сақтайды. Тіпті ол үшін сапарда кездескен әр­бір адам, ат ізін салған әр елді ме­кеннің өзіндік сыры бар сияқ­танған.

Бала жасынан жетім қалған ол Франциядағы Мишелет ли­це­йінде, содан кейін заң факуль­тетіне түсіп оқиды. Тарихқа деген құштарлығы оның Шығыс тілдері мектебінде оқыған ке­зінде басталса керек, сондағы ұс­таздарының бірі оның тілге деген ерекше дарындылығын бай­қап, оны орыс тілін үйрену­ге бағыттайды. Ол осы бағытта 1896 жылы диплом алады.

о

Лаббе кейіннен Ресейдегі өз­ге халықтардың этнографиялық ерек­шелігін және діни сенімін зерттеумен айналысады. Біздің даламызға сапары осы сәтте бас­талса керек.

Поль Лаббе «Ресей жолда­рында» атты кітабында Еділ бо­йындағы қалалардың тұрғын­дарымен, башқұрттар және Жайық казактарымен қарым-қатынасын суреттейді. Оның бұл жазбалары тез оқылатын, ұғынықты тәсілмен жазылған жеңіл жазбалар. Лаббе жергі­лікті тұрғындармен болған әңгі­мелерін кірістіріп, олардың әдет-ғұрыптарын оқырманына түсіндіреді. Тіпті ол статистиканы өте қысқа қорытындылайды, мұның бәрін фотосуреттермен көрсетеді.

о

Француз саяхатшысы Поль Лаббе Ресей империясының көп бөлігін аралайды: Сібірде, Түркістанда, Қазақстанда, Саха­линде, Моңғолияда, Маньч­журияда болды. Оның сол сапары бес кітапқа жүк болды, әр­бір деректі жіті зерттеген ол бес кітап жазып, Орталық Азия туралы құнды мәліметтерді еуро­палық оқырманмен бө­лісті. Ол еңбектерде ХІХ ға­сыр­­дың аяғындағы Ресей им­пе­рия­сында өмір сүрген халық­­тар­дың ішкі өмірі, әдет-ғұ­рып­тары мен дәстүрлері өте дәл, кейде тіпті аздап ирония­мен сипатталған. Оның осы зерт­теулерінің нәтижесінде Ре­сей бодандығындағы аз санды ха­лықтардың географиясы мен этнографиясы әлемге кеңінен танымал болды.

Орал мен Еділ бойының зерт­теушісі Лаббе өз саяхатын 1898 жылы маусымда Ярославль мен Костромадан бастады, ол Еділ бойымен Астраханға, одан ке­йін кемемен Қазанға жетіп, әрі Уфаға қарай бет ала­ды. Саяхатшы-этнографты ең ал­ды­мен Ресейдің байырғы ха­лық­тарының өркениетке қолы жет­­пеген өңірлері қатты қы­зық­тырды.

о

Бір ғасыр бұрын кең даламыз­ды аралап, ұлттық салт-дәс­түр­лерімізді насихаттауға үлес қос­қан ғалым туралы қазақ ті­лін­де бірде-бір еңбек, зерттеу жұ­мысы жоқ екені қынжыл­та­ды. Ал Францияның өзі Лаб­бе­ні әл­деқашан ұмытып кет­кен сияқты.

Енді оның ғасыр бұрын тү­сірген фотосуреттері туралы сөйлейік. Семей өңіріндегі бір реткі көштің суреті ең алдымен көзге түседі. Суретте көшеміз деп әбігер болған ауыл тұрғындары бейнеленген. Ауыл, түйелер және көшке керекті ағаш жабдықтар да аппарат көзінен тыс қалмаған.

Ал келесі бір сурет Ертіс өзе­нінің көрінісін, кемеге шық­қан әртүрлі киінген адамдарды және бірнеше жылқыны көрсетіп тұр. Шамасы өзеннің бір жағасынан келесі жағына қарай өтіп бара жатқан тұрғындар сияқты. Кеме үстінде тағы екі офицер бар, ақ түсті форма киген екеуі алыстан менмұндалайды. Одан кейінгі фотоларда ат жетелеген ауыл адамдары, оларға ерген балалар және үш ақбоз ат көрініс тапқан. Киіз үй алдында түскен топтық суретке «Сұлтан Шезманов» деп ат қойылыпты. Орта жастағы жігіт ағасы қолына бүркіт ұстап, асқақ қалыппен тұр. Қасында ақ шылауыш тартқан әжелер мен әйелдер көзге шалынады. Тарантастың үстінде тұрған қазақ балалары фотосуретке алғаш рет түсіп тұрған сияқты. Таңғалып, тіпті күдіктеніп те тұрғандай. Бірақ қимылдары ширақ көрінеді.

ьо

«Киіз үйдің құрылысы» деп француз тілінде түсініктеме берілген фото қазақ халқының сол кездегі өмірін айнытпай бе­ріп тұрғанын байқайсыз. Ал қо­лына кітап ұстап тұрған ауыл балаларының бейнесі тіптен тамаша шыққан. Үмітті, жігерлі жас өркендер киіз үй алдында ауыл молдасымен бірге фотоға түскен. Ар жағында ақ шаңқан боз үй, шамасы дала мектебі сол болса керек. Басына ыңғай бөрік киген ақсақалдарды автор «Қырғыз билері» деп түсіндір­ген. Төрт ауыл тұрғыны би десе дегендей сергек қалыппен аппарат көзіне тураланыпты.

Поль Лаббе «Saba» деп ат бер­ген фотода жайлау өмірі, қы­мыздың иісі, ауыл тірлігі қаз-қал­пында берілген. Атқа арба жегіп, саба толы қымызды әлдебір жаққа апара жатқан ауыл азаматтарын Лаббе жол үстінде кездестірген болуы мүмкін. «Сұлтан Ақбай» делінген фотода екі кісі аппаратқа тесіліп тұр. Мойнына медаль тағып, басына тақия киген сақалды кісі мен ап­пақ киім киген ат жақты қарт дала­ның көне көз қарияларын көз алдымызға елестетеді.

т

Қапал жақтағы бекет те Лаб­бенің назарынан тыс қалмаған. Арбаға жеккен аттарын шылбырынан ұстап, «ал түсір бізді» деген қазақтардың тұрысы мен әлдебір салтанатқа жиналған ауыл адамдарының қуанышты сәті, Қапал беткейлерінің бірінде өгізбен жүк тасып жүрген жігіт­тердің бейнесі, «Верный өңірі» деген топтамадағы керуен жетелеген қос қазақтың шаң сорған жүзі тарих бетінде қалыпты.

т

Күллі Еуропа оқырманына жеткен аталған еңбектің айтары бөлек, берер тағылымы мол бола бермек. Кейінгі жылдары Париж коммерциялық география қоғамының содан кейін Француз альянсының бас хатшысы болған Поль Лаббе өзі көрген өмірді, ұлттар тіршілігін мәңгілік еңбек етіп жазып кетті. Ал сол еңбектердің ішінен біз өзімізге керектісін тауып алып, мұра­ғат қоржынымызды толтырсақ дегіміз келеді.  

т

т