Салтанатты кешке қала әкімі Ерболат Досаев, белгілі ғалымдар, жазушылар, эстрада жұлдыздары, блогерлер, университет оқытушылары мен студенттер қатысты. Дәстүрлі мереке бірінші курс студенттері шеруінен басталып, салтанатты іс-шараға жиналған 5 мың адам Әнұранды бірге орындады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев бірінші курс студенттерін айтулы күнмен құттықтай отырып, университеттің қазіргі жетістіктері туралы баяндады. Әлемдік рейтингтегі көшбасшы оқу орындарының қатарына қосылған университетке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл алғаш рет келіп, жастармен кездесіп, университетті дамыту жөнінде бірқатар тапсырма бергені белгілі. Мемлекет басшысының қолдауымен биыл Түркияның Ыстанбұл қаласы мен Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте ҚазҰУ филиалдары ашылды. Сонымен қатар ҚазҰУ-да Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды.
Бүгінде университетте 25 мыңға жуық студент оқиды, олардың 2,5 мыңға жуығы – әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер. Жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға 7 690 студент қабылданды. Мемлекеттік грантты 5 156 талапкер ұтып алса, ақылы бөлімге 2 534 студент түсті. Олардың ішінде 672 Алтын белгі иегері, 619 үздік аттестат иегері, 12 ғылыми жоба жеңімпазы, 69 халықаралық және республикалық олимпиада жүлдегері бар.
ЖОО басшысы өз сөзінде университеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы толыққанды білім алуға қызмет ететінін жеткізді. «Былтырдан бері жатақханалар мен оқу корпустары күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Алдағы уақытта жаңа жатақхана салу жоспарда бар. Осы игілікті дұрыс пайдаланыңыздар. Ғылымды игеріп, білікті маман болыңыздар», деп студенттерге үндеу тастады ректор.
Биыл салтанатты рәсім форматы дәстүрлі кілт беруден өзгеше, жаңа технологияларды пайдалана отырып жүзеге асты. Бірінші курс студенттері сахнадан дербес QR-кодын сканерлеп, ерекше сәтке баршасы атсалысты. Салтанатты оқиға концерттік бағдарламаға ұласып, сахнада «Ұлытау» этно-рок-тобы, танымал әнші Гүлнұр Оразымбетова, MALIKA YES, «Меломен» тобы және өзге де эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.
Мерекеде ҚазҰУ-дың талантты, креативті жастары өз өнерлерін көрсетті. Химия және химиялық технологиялар, Биология және биотехнологиялар факультеттерінің студенттері университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтарының тұсаукесерін өткізді. Көрермендер «ҚазҰУ студенттерінің спорттық жетістіктері» композициясын және «Чемпион» әнін қошеметпен қарсы алды, оның аясында ЖОО спортшыларына – халықаралық және ұлттық жарыстардың жеңімпаздарына кубоктар табыс етілді. Қыздар квартеті «Қазақ, қырғыз бір туған» әнін әуелете шырқады. Сондай-ақ «Фараби қыздары», RAIM тобы да сахнада ән шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Жастар ұйымдарының комитеті дайындаған түрлі түсті флешмоб мерекенің сәнін келтірді. Студенттер мерекесі лазерлік шоу мен би кешіне ұласты.
АЛМАТЫ