Жиынның ресми бөлігін ашқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Қазақстанның қазіргі геосаяси жағдайдағы Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізі екенін, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік беретін негізгі халықаралық көлік желілерімен байланысы тығыз екенін айтты. Елімізде Транскаспий бағыты бойынша транзит көлемін арттыру үшін теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Ақтау портының базасында контейнерлік хабты дамыту мәселесі пысықталуда. Ақтау мен Баку порттары арасында тұрақты контейнерлік қатынас, сондай-ақ Құрық-Баку паром қатынасы жолға қойылған. Соның нәтижесінде жыл басынан бері аталған бағыттар бойынша жүк тасымалдау көлемі 2,5 есеге дейін өсіп, жеті айда 1 млн тоннадан астам жүк тасымалданған.
«Хабты құру «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілген. Жобаның жалпы құны 10,4 млрд теңгені құрайды. Қытайдан Еуропаға транзиттік жүктің бір бөлігін Транскаспий халықаралық көлік бағытына қайта бағыттау және Түрікменбашы – Ақтау – ҚХР контейнерлік желісін дамыту жоспарлануда», деді А.Ыдырысов.
Жоба нәтижесінде, 2025 жылға қарай Ақтау теңіз порты арқылы жүк тасымалдау көлемі 40 мыңнан 133 мың жиырма футтық эквивалентке артпақ. Бұдан бөлек, логистикалық маршруттарды жалғайтын 10 паром, 18 жүк тиеу танкеріне арналған флот құрылысын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынуда. Сонымен қатар Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы мен Достық – Мойынты теміржол дәлізін жаңғырту жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобаларды іске асыру Ресей – Орталық Азия, Қытай – Еуропа транзиттік бағыттары бойынша жүктерді тасымалдау жылдамдығын бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік бермек. Осы ретте айта кетерлігі, жыл басынан бері Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік жүктер ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артып, 499 мың ЖФЭ-ні құрады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Логистика жөніндегі басқарушы директоры Ерлан Қойшыбаев ҚТЖ халықаралық контейнерлік транзитті дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, өйткені бұл елдің стратегиялық ресурсы екенін жеткізді. Еліміздің географиялық орналасуы, компанияның дамыған инфрақұрылымы, активтері мен құзыреті былтыр 1 млн транзиттік контейнердің межелік деңгейін еңсеруге мүмкіндік берді. Жаһандық өзгерістер жаңа көліктік-логистикалық архитектураны құруды талап етеді. Сол себепті басты назар транзиттің рентабельділігін ілгерілетуге және арттыруға, сондай-ақ өңірлік хабтар құруға бағытталып отыр. «Біз тасымалдың қазіргі деңгейін сақтаймыз. Жүк айналымында тарихи максимумға қол жеткіздік. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 6 пайызды құрады. Тасымалдар көлемінде ең үлкен өсім транзитке баламалы бағыттардан жүктерді қайта бағдарлау және жаңа жүк ағындарын тарту есебінен келді», деді Е.Қойшыбаев.
Отандық экспорттаушыларға жүкті әлемдік өткізу нарықтарына тасымалдауда жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жүк жөнелтушілерге Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі арқылы Үндістан, Пәкістан және Парсы шығанағы елдері бағытында экспорттық тауарларды жеткізудің баламалы жолдары ұсынылды. Бұл ретте ТХКБ бойынша тасымалдау 2,7 есеге артты.
Экспорттаушылар сұранысының артуы нәтижесінде, Қазақстан-Қытай шекара өткелдері арқылы жүк тасымалдау көлемі өскені байқалды. Сондай-ақ Сарыағаш шекара өткелі арқылы Орталық Азия елдері бағытындағы бағдарға басымдық беріле бастады. «Контейнерлеу бағытында оң өзгерістер бар. Егер өткен жылдың басында жүк тасымалдарының жалпы көлемінде контейнерлердің үлесі тек 3%-ды құраса, қазір 5,4 пайызға дейін өсті. Контейнерлік тасымал әлемдегі ең танымал және жылдам дамып келе жатқан жүк тасымалдау түрі. Жүк тасымалы нарығының 90 пайызы осы сегменттің үлесінде», деп атап өтті Е.Қойшыбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Иран және Түрікменстанмен контейнерлік тасымалдау тарифтерін төмендетуге келісті. Бұл ретте Иран өз елі арқылы 7 млн тоннаға жуық жүк өткізуге дайын екенін растады. Маусым айында Павлодардан Түрікменстан, Иран арқылы Түркияның оңтүстік порттарына контейнерлер жолға шығып (6 мың шақырым), қажетті нүктеге 12 күнде жетті. «Еліміздің ірі экспорттаушылары Қытай мен Транскаспий көлік дәлізінде контейнерлеудің белсенді процесін бастады. 2022 жылдың сегіз айында контейнерлердегі экспорт 57 пайызға өсті», деді Е.Қойшыбаев.
BCG компаниясының аға серіктесі әрі басқарушы директоры Григорий Рубин Қазақстанның транзиттік әлеуетінің дамуына сервистік қызметтің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны себеп болып отырғанын айтты. Геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен Солтүстік-Оңтүстік дәліздеріне де сұраныс артқан. Қазірдің өзінде жалпы сұраныс Батыс бағытта 29 млн тоннаны, Шығыс бағытта 9 млн тоннаға жетті. Шығыс-Батыс желісі негізінен мұнайды, мұнай өнімдерін, контейнерлерді және химия өнеркәсібінің өнімдерін тасымалдайды. Г.Рубиннің айтуынша, соңғы уақытта жүк тасымалы өсімінің баяулауы байқалады. Бұған тағы да бақылау бекеттеріндегі жұмыстың көптігі мен кептеліс себеп болып отыр. Одан бөлек инфрақұрылым ескірген, жаңа технология жетпей жатыр. Қазір инфрақұрылымды кеңейту қажет деген пікірді ерінбегеннің бәрі айтады. Бірақ қолдағы барды тиімді пайдалану да кемшін түсіп жатыр. Себебі техника тілін білетін маман аз. Оның үстіне, бұл мәселе Транскаспий халықаралық көлік дәлізі ортақ барлық елге қатысты. Сарапшының болжамы бойынша, егер қызмет көрсету мәселелері шешілсе – елдердің бақылау-өткізу пунктері цифрландырылса, жаңғыртылса және үйлестірілсе, бес жыл ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілеті жылына 15 млн тоннаға немесе одан да көп болуы мүмкін. Былтыр бұл көрсеткіш 3,5 млн тонна болатын. Г.Рубин бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін көлік дәлізінде қысқа және ұзақ мерзімді перспективада баға белгілеу принциптерін бекітіп, барлық қатысушы ел арасында тұрақты операциялық және коммерциялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қажеттігін айтады.
Ал KAZLOGISTICS басшысы Ерлан Әбсатов өз кезегінде қазіргі уақытта Қазақстанның Ресей арқылы Еуропаға транзитпен өтуіне ешқандай шектеу жоқ екенін жеткізді. «Біз бұл мәселені шешу үшін екі елдің үкіметтерімен жұмыс істеуіміз керек», деді ол. Геосаяси өзгерістерге байланысты қазақстандық жүк тасымалдаушыларға сұраныс артқан. Оның болжамы бойынша олардың табыстылығы 1,5 есеге өсуі мүмкін. Бұл бағытқа күш беру үшін қазіргі уақытта шамамен 7,5 мың көлікті құрайтын көлік паркін ұлғайту қажет.
Өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстан мен Латвия арасындағы жүк айналымының көлемі 23 пайызға өскені белгілі болды. Латвияның Көлік министрінің орынбасары Улдис Рейманистің мәлімдеуінше, жүк Қазақстаннан келетін теміржолдағы транзиттік жүктер, әсіресе көмір есебінен артқан. «Биыл тауар айналымын тағы 10 пайызға ұлғайтсақ деп ойлап отырмыз. Тасымалдау жағынан әзірге қиындық жоқ, барлық мәселе шешілген. Біз бүгін Қазақстан делегациясымен тасымалдау, жылдам және кедендік қызмет көрсету тақырыбын талқылаймыз. Инфрақұрылымға келер болсақ, ол транзиттік тасымалдауға қатысты барлық мәселеге сәйкес келеді», деді Улдис Рейманис. Ол форум аясында делегаттар теңіз және теміржол тасымалдарын дамытуды талқылағанын, сондай-ақ екі елді мультимодальдық тасымалдар байланыстыратынын атап өтті.
Сонымен қатар форумда көлік саласындағы жаңа мүмкіндіктер, халықаралық автомобиль тасымалдары, теңіз және теміржол логистикасы мен салада кадрлар даярлау мәселелері талқыланды.
АЛМАТЫ