Саясат • 22 Қыркүйек, 2022

Саяси жүйені жаңартудың бастауы

1679 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақ­стан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойып, халыққа арнаған үндеуінде бетбұрыс кезең «елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін» атап көрсетті. Президент, сондай-ақ, сайлаудың қатаң түрде заңға сәйкес өтетінін айтып, барша халықты азаматтық жауапкершілікті сезініп, заң мен тәртіпті қатаң ұстануға шақырды.

Саяси жүйені жаңартудың бастауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында тың бастама көтеріп, Президент мандаты ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынғанын сарапшылар қазіргі әлемдік және өңірлік сын-қатерлермен байланыстырады. Таяуда осыған байланысты Парламенттің бірлескен отырысы өтіп, депутаттар тағдыршешті саяси бас­таманы бірауыздан қолдады. Мұндай қадам демократияның даңғыл жолына түсуде үлкен рөл ойнайды. Сондай-ақ жеті жылдық мерзімнің символикалық мәні де бар.

Жолдауда Қ.Тоқаев «Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақ­тығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», деген болатын.

Осыған орай қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу тура­лы» заң жобасында бірнеше мәселе қаралды. Соның ішіндегі ең маңыздысы – Президенттік өкілеттікті 7 жылдық бір мерзіммен шектеу мәселесіне тоқталсақ. Бұл бастаманың артықшылығы неде? Біріншіден, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтып өткендей, «7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең». Екіншіден, Пре­зидент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге белсене кірісуіне жол ашады.

Үшіншіден, қабылданған консти­ту­циялық жаңалық билікті монополизация­лау қаупін айтарлықтай азайтады. Себебі мемлекет тізгінін ұстаған адамның қайта сайлануға үміті болмайды. Сондықтан бүкіл күш-жігерін өзіне берілген жалғыз мүм­кіндікке арнап, мем­лекеттің мүддесі, халықтың қамы үшін игі істер атқаруға тырысатыны сөзсіз.

Жалпы, президенттік өкілеттікті бір мерзіммен шектеу – әлемде бар тәжірибе. Мысалы, бүгінде Оңтүстік Кореяда ел басшысы 5 жылдық бір мерзімге ғана сайлана алады. Одан кейін қайтадан саяси бәсекеге түсуге құқығы жоқ. Аталған мемлекетте бұл жаңалық 1987 жылы Конс­­титуцияға енгізілген өзгерістерден кейін қабылданды.

Содан бергі 35 жылда 8 президент ауыстырып үлгерді. Пак Кын Хеден басқасы 5 жылдық мерзімін толыққанды аяқтады. Өздеріңізге мәлім, Пак ханым 2017 жылы импичмент нәтижесінде қызметінен кеткен болатын.

Сонымен қатар президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеу тәртібі Латын Америкасында да жиі кездеседі. Мәселен, Колумбияда мемлекет басшысы 4 жылға бір-ақ рет сайлана алады. Гватемала және Гондураста да дәл осындай жағ­дай. Сальвадор мен Парагвайда бұл көр­сеткішті 5 жылдық мерзім деп бел­гілеген.

Мексика президенті 6 жылға сайланады, бірақ қайтадан саяси бәсекеге қатысуына тыйым салынған. Тіпті бұл қызметті уақытша атқарған саясаткер де мұндай шектеуден қашып құтыла алмайды. Ең қызығы сол, Мексикада штат губернаторларының да екінші мерзімге сай­лануға құқығы жоқ. Sexenio деп атала­тын мұндай жаңашылдық сонау 1928 жылы қабылданған. Осылайша, бір ғасырға жуық уақыт ішінде елді 15 адам басқарды. Бүгінде Андрес Мануэль Лопес Обрадор аталған мемлекеттің 65-ші президенті атанып отыр.

Израиль де мемлекет басқаруды бір мерзіммен шектеген елдер қатарында Ал АҚШ-та қазіргі таңда бір адам екі реттен артық Ақ үйді басқара алмайды. Мұндай өзгерісті Конгресс 1947 жылы 21 наурызда қабылдады. Ал құжат заңды күшіне тек 1951 жылы енді. Өйткені елдегі саяси жүйе бойынша Конституцияға енгізілген 22 түзетуді бүкіл штат ратификация жа­сауға тиіс болатын. Сондай-ақ «Бір адам екі мерзімнен тыс президент бола алмайды» деген талапқа «құжат енгізілген кездегі президент болып тұрған тұлғаға қатысы жоқ» деп айқын жазылған. Осы орайда, таяуда Қазақстан Парламенті қабылдап, Президент қол қойған заңда да осындай ерекшелік бар екенін айта кеткен жөн.

Мұхиттың арғы бетіндегі мемлекетті бекерге тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. АҚШ-та президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеп, 6 жыл деп белгілеу мәселесі талайдан бері талқыланып келеді. Тіпті XIX ғасырдың өзінде де америкалық қоғам мұны жан-жақты пікірталас өзегіне айналдырған екен. Алғаш рет мұндай ұсыныс 1826 жылы жасалып, Конгрестен кері қайтқан. Содан бері 160 мәрте аталған тақырып жоғары деңгейде талқыланған көрінеді. Ендеше, демократияның отаны саналатын АҚШ-та президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеп, 6 жылға ұзарту жиі-жиі көтерілуі бекерден-бекер емес. Бәлкім, келешекте америкалық қоғам осы жолды таңдауы мүмкін-ақ. Бұл уақыт еншісіндегі шаруа екені түсінікті.

Мұндай жаңашылдықты Ақ үй бас­шыларының біразы тиімді деп санағаны тарихтан мәлім. Мысалы, 15 президент осы әдіс дұрыс деп есептейтінін ашық түрде айтқан екен. Бұған түрлі деңгейдегі мемлекет қайраткерлерін, министрлер кабинеті мүшелерін, конгрес­мендерді, азаматтық қоғам белсенділерін қосыңыз.

Теодор Рузвельт президенттік құрып тұрғанда Өкілдер палатасының мүшесі болған Джордж Тинхэм бір мерзімдік өзгерісті қызу қолдағанымен танылған. Оның айтуынша, мұндай бастама «АҚШ-ты диктаторлықтан құтқаратын жол».

«Алты жылдық бір мерзім сайлаудан кейін саяси бәсекелестікті жойып, президенттік басқаруды жақсартады. Осы­лайша, президент құзыретін саяси және жеке мақсатына пайдаланбай, мемлекеттік қызметті жетілдірер еді. Қазіргі жүйе бо­йын­ша президент қайта сайлануды үнемі ойланады. Сондықтан келешекте көздеген мақсатына жету үшін саяси машина жасақтауға кіріседі...

Президент үнемі мүд­делі топтардың ықпалына тап келеді. Алда-жалда саяси себептермен оларға құлақ асса, қоғамдық мүдде міндетті түрде зардап шегеді», деп түйіндейді депутат.

Қайта сайлану дегеннен шығады. Сарапшылар Ақ үй тізгінін ұстаған адам міндетті түрде қайта сайланудан үміт­теніп, ел тізгінін қолына ұстаған сәттен бастап осы мақсатта әрекет етуге көшеді деп есептейді. Тіпті осы мақсатта түрлі қитұрқы әрекетке баратынын «Уоторгейт дауы» көрсетіп берген еді. Естеріңізде болса, АҚШ-тың сол кездегі президенті Ричард Никсон саяси бәсекелестерінен үстем шығу үшін олардың штаб-пәтерлеріне тыңдайтын құрылғы қоюға талпынған болатын.

Талай жыл АҚШ-тың бұрынғы президенті Линдон Джонсонның арнайы кеңесшісі қызметін атқарған Джек Валенти де мұндай өзгерісті қызу қолдаған еді. «Шынында, алты жылдық мер­зімнің басты артықшылығы – президент қоғам­ның мүддесі үшін қиын шешімдер қабылдайды. Келешекте бұл шешімі қайта сайлануына кедергі келтіруі мүмкін деген күдігін сейілтеді», дейді Д.Валенти.

Қайта сайлану мәселесі АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннеди үшін дилемма болғанын тарихшылар талай мәрте жазды. Вьетнам соғысы кезінде бірқатар сенатор Ақ үй басшысына қақ­тығысты тоқтатуды, АҚШ әскерін атал­ған елден шығаруды ұсынады. Бір­ақ Кеннеди мұндай қадамға барса, қоғам­ның қолдауынан айырылатынын ескеріп, одан бас тартады. Тіпті сенатор Майк Мансфилдке 1964 жылғы сайлау өткеннен кейін ғана әскерін шыға­ратынын айтқан екен. Осыдан-ақ пре­зидентті бір мерзімге сайлаудың түрлі саяси диллемалардан құтқаратынын аң­ғару қиын емес.

Бір мерзімдік, бірақ ұзағырақ президент өкілеттігінің тағы бір артықшылығы – ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Cаясат саласын зерттеп жүрген ғалымдар кез келген мемлекет басшысы қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы үш жылда бюрократиялық мәселелерді реттеуге жұмсайтынын алға тар­тады. Яғни халықтың қамы үшін ат­қарылатын жұмысты орындау үшін қа­жетті команданы жинақтауға осынша мерзім қажет. Содан кейін ғана Прези­денттің бағдарламасы өз жемісін бермек. АҚШ-та әділет министрі қызметін атқарған Гриффин Белл президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеуді, бірақ 6 жылға сайлауды қолдаған. Оның айтуын­ша, америкалық сайлау жүйесіндегі төрт жылдық мерзім ауқымды өзгерістер мен даму бағытына түсу үшін жеткіліксіз.

Бірнеше рет сайлануды шектеудің тағы бір артықшылығы мынада. Кез келген елдің президенті саяси додаға қайта түссе, қарсыластарынан бір бас жоғары тұрады. Мұны статистика да растайды. Мәселен, АҚШ-та президенттікке екінші рет үміткер атанған 32 президенттің 22-і қайтадан Ақ үй тізгінін ұстаған. Мұның пайыздық көрсеткіші 68 пайызды құрап отыр. Яғни билікті монополизациялау қаупі күн тәртібінен түспейді. Әрине, аза­маттық қоғамы дамыған АҚШ-та мұн­дай бола қоймас. Бірақ дамушы елдер үшін мемлекет тізгінін ұстаған адамның қайта-қайта сайлауға түсе беруі билікті монополизациялауға, узурпацияға жол ашатынын тарих көрсетеді.

Оның үстіне, сарапшылар екінші мерзім президентке оңайға түспейтінін, ауқымды өзгерістер алғашқы кезеңде жүзеге асатынына назар аударды. Ақыры АҚШ-тан мысал келтірген екенбіз, содан ұзамайық. Екі рет Ақ үй тізгінін ұста­ғандар тағы бір рет сайлауға түскен­нен кейін түрлі қиындыққа тап болған. Үлкен және кіші Джордж Буш, Билл Клинтон, Рональд Рейган, Ричард Никсон, тіпті Нобель сыйлығын алған Барак Обаманың өзі қайта ел басқарудың кермек дәмін аз татқан жоқ.

Бір қызығы, жоғарыда аты аталған президенттер өз өкілеттігінің алғашқы кезеңінде толағай табыстарға қол жеткізді. Буштың үлкені халықаралық аренада саясаткерлігімен танылып, Кувейт дағдарысын тиімді шешті, қырғи-қабақ соғысының салдарын жойды. Рейганның салық реформасын, Клинтонның бюджет дефицитіне қатысты бастамаларын, кіші Буштың қауіпсіздік саласындағы жетістігін, Обаманың денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерін америка халқы аузының суы құрып әңгімелейді. Мұ­ның бәрі сол президенттіктің алғашқы кезеңінде жүзеге асқан реформалар.

Жоғарыда келтірілген деректер президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеудің тиімділігін көрсетеді. Осындай қадам арқылы, демократиялық даму жолына түсіп, биліктің узурпациясына тыйы­м сала аламыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда ұсынған бастамасын жаңа саяси дәуірдің бастамасы ретінде қарастырсақ қателеспейміз.

Парламент қабылдап, Президент қол қойған заңда «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тəуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері, Республика Президенті жеті жыл мерзімге сайланады жəне бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды деген ережелер өзгермейді», деп анық көрсетілген. Енде­ше, осы өзгеріс арқылы келешекте 7 жыл­дық мерзімді өзгертуге тыйым салынады.

Қазіргі халықаралық және өңір­лік қақтығыстар кезінде, әсіресе постке­ңестік кеңістікте болып жатқан геосая­си жағ­дайларда мемлекеттілігімізді ны­ғайту ерекше маңызға ие. Саяси жүйе институттарын қайта жаңарту – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде сайлау халық бірлігін нығайтуға, азаматтық қоғам мен биліктің үйлесімді әрекет етуіне ықпал ететін болады. Демократиялық және орнықты жаңа саяси модельді қалыптастыру – Қазақстанның тұрақтылығы мен тұтастығын, оның сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарсы тұру қабілетін арттырады.

Бұл саяси бәсеке – ертеңім деген елдің қалауына, тірегім деген жердің талабына жауап беретін, асқары болар ағасы мен жалғасы болар іні үмітіне от жаға алатын, қиындықты сынақ деп, қуанышты бақ деп бағалай білетін ер­дің ерін, азаматтың азаматын таңдау. Ен­деше, бұған аса мұқият қараған жөн. Өйткені сайлау бір мезеттік саяси бәсеке ғана емес, Ұлы даланы мекендеген ха­лықты аңсаған мұратына жеткізу жо­лындағы үлкен қадамның алғышарты.

Ата Заңымыздың 40-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы ла­уазым­ды тұлға. Түсінікті тілмен айтсақ, алыс-жақын шетелде халқымыздың болмыс-бейнесін көрсететін азамат. Мем­лекет тізгінін ұстаған адамның сауаты­на, сая­саткерлігіне, іскерлігіне қарап әлем біз туралы түсінік қалыптастырады. Ендеше, «көлденең көк аттының», по­пулизмді ұран еткендердің мұндай жа­уап­ты лауазымға көз алартуы тұрақ­ты­лыққа ғана емес, мемлекеттілікке де зардабын тигізеді.

Демек алда бізді сын сағаты күтіп тұр. Қазіргідей геосаяси ахуал өршіген тұста бере­келі қоғам құруымыз да алдағы сайлауға тікелей байланысты. Қаң­тар қасіреті айрандай ұйыған елдің ұйыт­қысын бұзу әп-сәтте екенін дәлелдеп берді. Ендеше, әділетті мем­лекетті қалып­тастыру – ел тізгінін ұстаған аза­матқа ғана емес, мұқым елге артылар жүк.

 

Берік БЕКЖАНОВ,

Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі