Білім • 22 Қыркүйек, 2022

Бұл мектеп өзгелерден өзгерек

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнайлы шаһардағы Талқайраң шағын ауданында 900 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды. Екі жылдан соң пайдалануға берілетін бұл білім ордасының әдеттегі мектепке ұқсамайтын ерекшелігі көп.

Бұл мектеп өзгелерден өзгерек

Жаңа мектептің құрылысын салу үшін 3 гектар жер телімі бөлінген. Ал ерекшелігіне тоқ­тал­сақ, білім ошағында үш блок жоспарланып отыр. Бірінші блокта 1-4 сынып, екінші блокта 5-9 сынып, үшінші блокта 10-11 сынып оқушылары білім алады деп күтілуде. Білім ордасында 210 орындық мәжіліс залы, 312 орындық асхана, екі спорт зал мен екі кітапхана, медициналық бекет болады. Ал әрқайсысы 25 оқушыға арналған 36 сынып кабинеті заманауи үлгіде жасақталады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» деген еді. Біз осы міндетті жүзеге асыру үшін тағы бір жаңа білім ошағының іргетасын қаладық. Басты міндетіміз – құрылыс жұмыстарының мерзімінде сапалы атқарылуына қол жеткізу. Ел болашағы – білімді ұрпақ деген қағидаға сүйенсек, бұл іс – сол жолға жұмсалған инвестиция, – дейді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Мектептің сыртқы аумағы абаттандырылып, футбол алаңы, жүгіру жолы, спорттық тренажер, теннис корты мен волейбол алаңы бар стадион салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ алғашқы әс­кери дайындық сабағына ар­налған кеңістік жасалады. Білім ордасына оқушыларды та­сы­малдайтын автобус пен жеке, оның ішінде мүмкіндігі шек­теу­лі адамдардың көліктері үшін автотұрақ ашылады.

 

Атырау облысы