Республикалық «100 үздік дарынды оқушы» атты байқауға қатысып, І орынды жеңіп алған Нұрдәулеттің еңбегі кітапқа енгізілген. «Жас қаламгер» байқауында өлеңдері үздік деп танылып, арнайы медальмен марапатталды. Халықаралық ALASH STAR өнер байқауында арнау номинациясымен жүлдегер атанып, І дәрежелі диплом иегері атанды. Сондай-ақ пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орыннан көрінді. Жас ақынның бір арманы өз шығармаларын кітап етіп басып шығару еді. Нұрдәулет өз ой-жоспарларымен бөліскісі келетінін білдіріп, Төле би ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасына хат жазады. Өлең жолдарынан үзіндіні қоса жіберіпті, қояр сауалы бар екенін де жасырмаған.
Жуырда жасөспірімнің тілегін жерде қалдырмаған аудан басшысы Диханкөл елді мекенінің тұрғыны, 11-сынып оқушысы Нұрдәулет Дүйсенбекті арнайы іздеп барып әңгімелесті. Жас ақын аудан әкімімен болған кездесуде өзінің сиясы кеппеген, еш жерде жарияланбаған өлеңдерін оқып берді. Жастардың бойына патриоттық сезім ұялату мақсатында жазған шығармаларымен таныстырды. Төле би ауданының 90 жылдық мерейтойына арнаған жыр шумақтарын жатқа оқыды. Дүниетанымы, ой-өрісі кең жасөспірім өзінің журналист мамандығын таңдағанын айтып, БАҚ беттеріне толғандырып жүрген тақырыпты арқау ете мақалалар жариялап жүргенін де жеткізді. Аудан басшысына шығармаларын кітап етіп басып шығаруды арман етіп жүргенін айтып, көмек сұрады. Төлеген Тұртайұлы жасөспірімнің ата-анасымен сөйлесіп, оның өлеңдері мен мақалаларын жинақтауын өтінді. Шығармаларын кітап етіп басып шығаруға ықпал етуге уәде берді. Жас ақынға батырлар жыры жазылған кітап пен оның аудио нұсқаларын сыйға тартты.галымжа
Сондай-ақ аудан әкімі өңірдегі жетекші ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп келе жатқан, түп-тамырын іздесең осы табиғаты тамаша таулы аймақтан түлеп ұшқан журналистермен еркін форматта кездесу өткізді. Ауданның 90 жылдығы аясында өткен кездесуде аймақтың қазіргі даму барысы, алдағы бағыт-бағдары баяндалды. Қаламгер қауымын емен-жарқын пікір алмасуға шақырды. Бұл басқосуға Төле би ауданынан түлеп ұшқан журналистермен бірге күллі қазақ жұртының әрбір өңірі ардақтауға әбден лайық, елге ортақ нар тұлғалы қаламгерлер – биыл 70 жасқа толған жазушы Серік Жанәбіл мен асқаралы 60 жасқа толған журналист Бақтияр Тайжан мәртебелі мейман ретінде арнайы шақырылған болатын. Ел құрметіне бөленген азаматтарға аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы құттықтау хатын тапсырып, иықтарына шапан жапты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев аталық ақ тілегін арнады. Қазақстан Журналистер одағы мен Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалдары төрағалары мерейтой иелеріне арнайы сый-сияпат жасады. Кездесуден кейін Серік Жанәбіл мен Бақтияр Тайжан оқырмандармен, жастармен жүздесіп, шеберлік сағатын өткізді.
Түркістан облысы