Қоғам • 22 Қыркүйек, 2022

Ертеңіне елеңдеген ел өседі

204 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылын ­жариялағаны мәлім. Өңірде келе­шектің қамын ойлап қыруар шаруаны қамтыған іс-шаралар ұтымды жүзеге асырылып келеді.

Ертеңіне елеңдеген ел өседі

Балалар жылында көрсетілер қам­қорлықтың жай-жапсары таразы басына тартылып, атқарылатын жұмыс жеті бағытта өрбитін болды. Әрине, кез келген маңызды іс-шара қыруар қара­жатты қажет ететіні белгілі. Бұл орай­­дағы қарастырылған қаражат кө­лемі де айтарлықтай. Межеленген жос­парды мүлтіксіз жүзеге асыру үшін бар­лығы 16,6 млрд теңге бөлініп отыр. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет салаларына жұмсал­мақ. Пре­зидент пәрменінен кейін ерекше екпінмен қолға алынған сан алуан жұмыстар легін іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өңірлік штаб құрылып, бар жұмыс жүйеленді. Атап айтқанда, биыл қаңтар-маусым айлары аралығында әртүрлі форматтағы ­1 608 ауқымды іс-шара ұйымдастыр­ыл­са, бұл жұмыс барысында 485 мың­нан аса бала қамтылған.

Енді «Жайлы мекен» бағыты бо­йынша атқарылған шаруаны талдап көрелік. Балалық шақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста 25 білім беру, 3 денсаулық сақтау, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп, бала­ларға арналған 39 спорт алаңы жаб­дықталуда. Қаңтар айынан бастап облыс орталығында еліміздің балаларына кешенді оңалту көмегін көрсететін ірі «Қамқор» орталықтарының бірі өз жұмысын бастады. Орталық балаларды медициналық, психологиялық және әлеуметтік оңалту қызметімен қамтиды. Жыл сайын бұл орталық 650-ге жуық балаға көмек көрсетеді. Жыл басынан бері Степногор қаласында 3 айдан 3 жасқа дейінгі аралықты қам­титын «Ерте араласу орталығы» қызмет көрсете бастады. Бұл жерде балалар кешенді оңалту көмегін алады. Есепті кезең ішінде 5 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымы пайдалануға берілді. 2022 жылы Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешені балалардың демалысы мен сауықтыру бағдарламалары бойынша жұмыс істеді. Бұл мекеменің бұрнағы жылы «ҚазМұнайГаз» акционерлік қо­ғамы меншігінен алынып, облыстың коммуналдық меншігіне берілгенін де айта кетелік. Орталықтың жобалық қуаты – 200 орын. Табиғаты тамылжыған өңірде орналасқан орталық 140 мыңға жуық баланы тынықтырды.

Оқытудың заманауи жағдайларын жақсарту үшін биыл алты білім оша­ғын пайдалануға беру жоспарлануда. Мектептер оқушыларға есіктерін айқара ашқан кезде үш ауысымдық және орынның тарлығы тәрізді өткір мәселелер сәл де болса сейіледі. Өңірдегі кейбір тозығы жеткен білім ошақтарын күрделі және ағым­дағы жөндеуден өткізу шешімін күткен шаруаның бірі еді. Бұл бағытта да айта қаларлықтай жақсылық шарапаты бар. Мәселен, республикалық және облыс­тық бюджет есебінен 63 білім беру ұйымында жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңірдегі 551 жалпы білім беретін білім ошақтарының барлығы жоғары жылдамдықпен жұ­мыс істейтін кеңжолақты интернет же­лісіне қосылды. Компьютерлік тех­ника­мен қамтамасыз ету жайы да жақсартуды қажет ететін. Мәселен, бір компьютерді үш оқушы пайдаланатын. Бөлінген қаражаттың есебінен бұл орайда да ілгері жылжу бар. Облыстағы білім ошақтарында 45 мыңнан аса компьютерлік техника пайдаланылуда. 205 білім беру ұйымында роботтехника кабинеттері жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар 10 мыңнан аса баланың жайы ескерілді. Бұл санаттағы балаларды қолдау мақсатында 28 арнайы білім беру ұйымы ұтымды жұмыс жүргізуде. Биыл Жақсы ауданының Қима орта мектебінде қолдау кабинеті пайдалануға берілді.

Балалардың денсаулығы – басты назарда. Бұл орайда «Дені сау бала» бағыты бойынша бірқатар шаруа қолға алынған. «Саламатты ұлт» ұлттық жобасы аясында патронаждық қызмет­тің әмбебап прогрессивті моделімен 6 300-ге жуық нәресте қамтылған. Бұл – барлық баланың 93,5 пайызы. Соны­мен қатар биыл қажетті медицина­лық жаб­дықтарды сатып алуға 339 млн тең­ге қаражат қарастырылды. Жаңадан меди­циналық құрал-жабдықтар алынды. Жеті ай ішінде профилактикалық тексеруден 47 845 бала өткізілді. Жүргізіл­ген жұмыс нәтижесінде денсаулығында ақауы бар 395 бала диспансерлік есепке алынды. Орфандық дәрі-дәрмекті сатып алуға 312 млн теңге қаражат бөлінді.

«Бала қорғау» бағыты бойынша да жүйелі жұмыс қолға алынған. Балалар мен мектепке дейінгі білім ошақтарын­­­да жұмыс істейтін қызметкерлердің қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатын­да барлық ұйымды бейнебақылау жү­йесімен жабдықтауға бюджеттен қо­мақты қаражат бөлінді. Шалғайдағы шағын елді мекендерде тұрып жатқан мектеп оқушыларын өзге ауылдағы білім ошақтарына тасымалдау үшін жал­пы құны 366 млн теңге болатын 65 көлік сатып алынды. 207 елді мекеннің 5,5 мыңнан аса оқушысын тасымалдау кезінде қиындық тумайды. Аз қамтылған отбасылардың 15 мыңнан астам мектеп оқушысын әлеуметтік қолдау үшін те­гін мектеп формасымен қамтамасыз ету ұйғарылған. Бұл іс-шараны жүзеге асыру үшін 692 млн теңге бөлінді. Бүгін­гі таңда 1-сыныптың 15 074 оқушысы және халықтың әлеуметтік жағынан аз қам­тамасыз етілген отбасылардың 15 мың­ға жуық баласы тегін ыстық тамақ­пен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл мақсатқа 3,6 млрд теңге көлемінде қа­ра­жат бөлінген.

Өңірде 3 151 мүгедектігі бар бала қамқорлық аясынан тыс қалған жоқ. Осы санаттағы 388 бала арнаулы әлеу­­меттік қызметпен қамтылған, 204 бала үй жағдайында білім алуда. Үйде оқи­тын балаларды материалдық жағы­нан қамтамасыз ету мақсатына арнайы қара­­жат бөлініп отыр. Жыл басынан бас­тап Бура­бай, Целиноград аудандары мен Қос­шы қаласында әлеу­меттік оңалту орта­лықтары ашылды. Көкшетау қаласында арнаулы әлеу­мет­тік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Жергілікті өкілетті органдардың ше­шіміне орай ай сайын АИТВ инфек­циясы бар 13 балаға ең төменгі күн­көріс деңгейінің есі еселенген мөлше­рін­де әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгін­ге дейін 3,7 млн теңге төленді. Қала­лық бағыттағы жолаушылар көлігін­дегі 1 371 көпбалалы ана мен көп­бала­лы отбасылардан шыққан балалар­ды жеңілдікпен жол жүруін қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 41,5 млн теңге бөлініп отыр. Аутизмі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу және психологиялық, педагогикалық сүйемелдеу үшін де облыстық бюджеттен 35,5 млн теңге бағытталған. Кәме­леттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қыз­меттерді көрсету үшін 4,5 млн теңге қа­ражат қарастырылды.

Қиын өмірлік жағдайдағы бала­лар­ды әлеуметтік-психологиялық-педа­го­гикалық сүйемелдеудің кешенді жү­йе­сін қалыптастыру мақсатында об­лыс­тық бюджеттен 3,9 млн теңге бөлі­ніп отыр. Балалардың қосымша білім­мен қамтылуы да – назарда. Бұл бас­­тама аясында 12 мыңға жуық бала шығар­ма­шылық үйірмелермен және әрқилы секциялармен қамтылған.

Аудандар мен қалалардың орталық көшелерінде Балалар жылының логотипі бар 36 баннер орнатылған. Көз салып қараған адам ел болашағын еске алады. Болашақтың құндағын жанашырлық лебімен жылытып, ұлы көштің бо­йындағы ұрпақтың жаз гүліндей жайнап өсуіне жасалып жатқан қыруар жұмыс­тың бір парасы осындай.

 

Ақмола облысы