«Қытайлық жұп Тынық мұхитындағы Маршалл аралдарында шағын мемлекет құруды жоспарлап, депутаттар мен шенеуніктерге пара беріп келген», дейді АҚШ прокурорлары. АҚШ-тың Әділет министрлігі этностық қытайларды «көп жылдық схеманы» басқарды деп айыптады. Бұл туралы Business Insider хабарлайды.
50 жастағы Кэри Ян мен 34 жастағы Джина Чжоу 2020 жылы Таиландта ұсталып, кейін Америка Құрама Штаттарына экстрадицияланған. Ресми түрде ерлі-зайыптыларға АҚШ-тың шетелдік сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы заңын бұзды және арал елінің егемендігіне нұқсан келтірді деген айып тағылып отыр. Ал Маршалл аралдарының үкіметі болса, оппозициялық партиялардың үндеулеріне қарамастан, бұл айыптауларға әлі толық жауап бермеген.
Прокурорлардың айтуынша, қытайлық ерлі-зайыптылар Нью-Йоркте орналасқан үкіметтік емес ұйымды басқарған, сол ұйым арқылы қаржы аударып, Маршалл аралдарының шенеуніктерімен байланыста болған. Аталған ұйым ерлі-зайыптылардың айтуынша, 2016-2018 жылдар аралығында БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінде «арнайы консультативтік мәртебеге» ие болған. Олар 1950-жылдары АҚШ-тың сутегі бомбасы сынақтарынан кейін қараусыз қалған Ронгелап атоллында САР құру жөніндегі келіссөздерін 2016 жылдан бастап жүргізген.
Маршалл аралдарының төлқұжаттарына ие болған Ян мен Чжоу мақсаттарының бірі Ронгелап атоллында Гонконгқа ұқсас жартылай автономиялық аймақ құру болған. Осындай арнайы экономикалық аймақ құру үшін олар аралдың бірқатар заң шығарушыларын «сатып алып», қолдарынан келген бар мүмкіндікті пайдаланған. Айыпталушылар «бұл экономикалық және әлеуметтік саладағы жобаларға инвесторлар тартуға мүмкіндік берер еді», деп ақталған.
АҚШ адвокаттарының айтуынша, ерлі-зайыптылардың «күш-жігерінің» арқасында 2018-2020 жылдары Маршалл аралдарының парламентінде САР құруды қолдайтын заң жобалары талқыланған. Ал прокурорлардың мәлімдеуінше, айыптауда аты аталмаған Маршалл аралдарының бірнеше заң шығару органының өкілі 7 мыңнан 22 мың долларға дейін (6 100 фунттан 19 мың фунтқа дейін) пара алған соң, заң жобаларын қолдап дауыс берген. «Ян мен Чжоудың бұл заңсыз іс-әрекеті Маршалл аралдары республикасының және оның заң шығарушы органының егемендігін анық бұзды», деді АҚШ-тың Нью-Йорк оңтүстік округінің прокуроры Дэмиан Уильямс ВВС-ге берген сұхбатында.
АҚШ шенеуніктерінің сөзінше, Кэри Ян мен Джина Чжоу салықтарды азайту және шетелдік инвестицияны тарту үшін иммиграциялық шектеулерді жеңілдету секілді «аралдағы заңдарды айтарлықтай өзгертуге» тырысқан. Ерлі-зайыптылар Оңтүстік Африканы насихаттайтын конференцияға қатысқан бірнеше Маршалл аралдарының шенеунігі мен заң шығарушыларының Нью-Йорк, Гонконгке келген шығындарын өтеген. Тіпті шенеуніктің бірі Ян мырзаны Маршалл аралдарына арнайы кеңесші етіп тағайындаған. Ерлі-зайыптылар Маршалл аралдарының тең құқылы азаматтары болған.
Ауыз жаласқан шенеуніктер 2018 жылы САР-ты қолдау туралы заң жобасын Парламент қарауына ұсынған. Алайда аралдың сол кездегі президенті Хилда Хейненің қарсылығынан кейін заң жобасы Парламентте қабылданбады. Сол уақытта Хилда Хейне қарсыластарын «Қытай атынан жұмыс істеп, атоллды «ел ішіндегі елге» айналдыру үшін күш жұмсап жатырсыздар», деп айыптады. Бірақ Хилда Хайне 2019 жылы өткен жалпы сайлауда жеңіліп, қарсыластарына «жол ашты». Содан кейін жаңа Парламент 2020 жылы САР тұжырымдамасын мақұлдайтын қарар қабылдап, жаңа заң жобасын бекітті. Дегенмен, жыл соңында Кэри Ян мен Джина Чжоу Таиландта ұсталып, тұтқындалған соң бұл заң жүзеге аспады. Маршалл аралдарының бұрынғы президенті Хилда Хейне арал үкіметінен мәселені шешуді талап еткен топқа қосылып, әрекет етуде.
Маршалл аралдары– Гавай аралдары мен Аустралия арасында орналасқан аралдар тізбегі, қырық жыл бойы АҚШ билігінде болып, 1979 жылы тәуелсіздік алған республика. Алайда АҚШ әлі де Маршалл аралдарын қорғау үшін «толық өкілеттік пен жауапкершілікті» сақтайды.
1986 жылдан бастап Маршалл аралдары мен Америка Құрама Штаттары еркін қауымдастық туралы шарт арқылы берік және тұрақты қарым-қатынасты сақтап келеді. АҚШ елдің қорғанысына, қаржылық көмек көрсетуге және әлеуметтік қызметтерге жауапты. АҚШ денсаулық сақтауды, қауіпсіздікті және АҚШ азаматтары, америкалық самоалықтар және Маршалл аралдарының тұрғындары арасында қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етеді. Халықаралық саясатта Маршалл аралдары БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарлары бойынша АҚШ-пен жиі дауыс береді. Маршалл аралдарының Вашингтондағы елшілігі және Гонолулу мен Спрингдейлдегі консулдықтары бар.
Негізінен АҚШ аралдары өзіне тиесілі аумағында ядролық сынақтар өткізіп, тұрғындардың қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына және елдің экологиясына кері әсерін тигізді. Соның салдарынан аралдардағы тарихи жерлер жойылып, мәдени мұралар жоғалып кеткен. Елдегі 58 791 тұрғынның төрттен үш бөлігі (Дүниежүзілік банк, 2019) екі қалалық орталық – Маджуро және Тынық мұхитындағы ең көп қоныстанған Эбей аралында тұрады.
Сарапшылардың айтуынша, Маршалл аралдарында бүгінге дейін әлеуметтік-экономикалық ахуалдарға толық талдау жасалмаған, бірақ кедейлік пен аштық деңгейі жылдан жылға артып келеді. Елде әсіресе жастарды әлеуметтік қорғау мүмкіндіктері аз. Әлсіз экономика, халықтың жылдам өсуі және қоршаған ортаның ластануы тұрғындардың өмір сүруін қиындатып отыр. Халықтың басым көпшілігі қосалқы шаруашылық пен балық аулауды кәсіп етіп, күн көріп келеді.