Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2022

Бал түсімін тонналап өлшер еді...

347 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыста балдың отаны – Ка­тон­қа­рағай. Әсіресе Коробиха, Барлық секілді тау ішіндегі ауыл­да­­рының әр ауласы ара бағып, бал шайқайды. Катонның өзінде де бал сапырып отыр­ғандар аз емес. Кеше ғана араларын қыс маусымына дайындап жүр­ген омарташы Ғарап Са­финді көріп, шаруашылықтың аужайын сұрасқанмын.

Бал түсімін тонналап өлшер еді...

– Жаздай бұйырған балды шайқап алдық. Енді қымтап, орап, қыстың қамын жасай беру керек. Өзің білесің, биыл жауын-шашын аз түсті. Шөп күйіп кетті. Күйген шөпте ніл болсын ба?! Ал балдың түсу мөлшері шөптің ніліне байланысты, – дейді омарташы ұяның қақпағын жауып жатып.

Ғарап Сафин сонау Кеңес өкіметі тұ­сын­да Коробиха ауылында омарта­шы­ның арнайы оқуын оқып, кәсіби тұрғыда іске кіріскен. Кейін басқа жұмысқа ауыс­қа­нымен, ара бағудан қол үзген жоқ. Айтуынша, сонау жылдары ара тұқымын асыл­дандырып, ғылыми тұрғыдан қарап баға­тын. Қазір қолға түскен араны өсіре беретін көрінеді. Яғни асылдандыру жұмыстары ұмыт болған. Соның өзінде көпшілік Катонқарағайдың балын іздеп жүріп алады. Сұраныс өте жоғары. Әлбетте, мың түрлі шөптен сүзілген бал дәмді болмай ма?! Дәмі өз алдына, адам ағзасына деген пайдасы зор. Өңірде туризм дөңгелей бастағалы бал ғана емес, араның сүтіне дейін сатылатын болды. Ара сүті деп отырғаным, жұмысшы бал арасының безінен шығатын биогендік қа­сиеті бар зат. Егер де, адам гипотония, бет терісінің ауру­ла­рына шалдықса, жүйке жүйесі қызметі бұзылса, ара сүті таптырмас ем. Ала жаздай тынымсыз еңбектенетін жұмысшы ара сүтті қойып, балдың өзін тірнектеп жинайды. Тірнектеп жинап, тонналап өлшетер еді. Шөп сұйық жылдары 6-7 шақырымға дейін ұшып, та­ры­ның қауызындай ғана бал әкеледі екен.

– Жауын-шашын мол түсіп, шөп жайқалса, ара да дамылсыз еңбектенеді. Сені шақпайды да. Ал бал болмаса, ара ызақор болады. Бір жылдары осы Катонның маңында экспарцет, беде секілді шөп жақсы өсті. Алқап қызылды-жасылды болып жайқалып жатқан. Сол жылдары балды бір шайқағанда жиырма флягқа дейін алып жүрдік, – дейді Ғарап Сафин.

Иә, биыл балдың түсімі аз болғанын аудандық ауыл шаруашылығы мамандары да растап отыр. Есеп-қисаптарына қарасақ, 350-ге жуық омартадан 250-280 тонна ғана бал түсіпті. Әйтпесе, кейбір жылдары түсім 400 тоннаға дейін жеткен екен.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы