Білім • 23 Қыркүйек, 2022

Қазақстандық мектептерде оқитын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны артты

502 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың саны едәуір артты, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Қазақстандық мектептерде оқитын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны артты

Мәселен, 2021-2022 оқу жылында инклюзивті сыныптарда 49 мыңнан астам ерекше бала оқыса, биылдың өзінде олардың саны 55 мыңға жуықтады. Бұл мектептерде ерекше жағдай жасау және жаңа нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдаудың арқасында мүмкін болып отыр.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында білімнің қолжетімді және инклюзивті болуы керегін атап өтті. Жалпы білім беретін мектептерде ерекше балаларды оқытуға жағдай жасалып жатыр. Ерекше балалардың білім беру мекемесіне кедергісіз кіруі үшін пандустар, тактильді жолдар, арнайы тұтқалар және басқа да құрылғылар орнатылды. Мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілген, олар ерекше балалардың білім беру ұйымдарына бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар мемлекеттік стандартта оқу жоспарлары мен бағдарламаларының вариативтілігі мен икемділігі қамтамасыз етілген. Олар ерекше білім беруді қажет ететін баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген», деді Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Кудеринова.

Айта кетсек, «Білім туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ерекше білім алуды қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді. Бұл санатқа әртүрлі экономикалық, әлеуметтік себептермен, соның ішінде денсаулығына байланысты оқуда қиындықтарға тап болған балалар жатады.

Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне ЕБҚ бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз ету кіреді. Ведомство өкілдері қабылдау ережелерін бұзғаны және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен оқытуда арнайы жағдай жасамағаны үшін білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі күшейтілетінін қоса хабарлады.