Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2022

Қазақстан мен Малайзия тұрақты әуе рейстерін қалпына келтіреді

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі күндері Қазақстан мен Малайзия жаһандық пандемия салдарынан екі жылдан бері үзіліп қалған тұрақты әуе рейстерін қалпына келтіру үшін келіссөздер жүргізіп отыр. Бұл туралы Қазақстанға арнайы келген Малайзия туристік агенттігінің сауда миссиясы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Малайзия тұрақты әуе рейстерін қалпына келтіреді

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Малайзия 2022 жылы әлемнің барлық түкпірінен 9,2 миллион турист қабылдауға сақадай сай екені айтылды. 

Малайзия арнайы делегациясының осы сапарында мегаполисте «Малайзия - нағыз Азия» семинары аясында Business-to-Business іскерлік кездесулері өтіп, екі елдің туристік индустриясының мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты тұсаукесерлер өтті. 

Сонымен қатар биыл Қазақстан мен Малайзияның дипломатиялық қарым-қатынастарының басталғанына да 30 жыл толып отыр. Осы аралықта екі елдің сауда-саттығы жолға қойылды деуге болады. Мәселен, 2021 жылы жалпы сауда айналымы 98,59 миллион АҚШ долларын құраса, биыл, яғни 2022 жылдың жеті айында бұл сома 58,82 миллион АҚШ долларына жеткен.

Ал Алматыда өткен іс-шара екі елдің бұрынғы туристік компанияларымен іскерлік қарым-қатынастарды қалпына келтіріп, нарықтан жаңа ойыншыларды табуды көздейді. Сондықтан да Малайзия делегациясын туроператорлар, қонақүйлердің иелері мен мемлекеттік туризм саласының қызметкерлері, медициналық туризм индустриясының өкілдері құрады. 

.

БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Малайзияның Қазақстандағы Елшісі Дато Саид Мохамад Бакри Бин Саид Абдул Рахман: «Қазақстан – біз үшін Орталық Азиядағы маңызды ел. Бұл аймақ туристік өнімдер мен қызметтер тұрғысынан қарағанда, біз күткеннен де бөлек көп мүмкіндік ұсына да, қабылдай да алады. 2019 жылы, COVID-19 пандемиясына дейін біз Қазақстаннан Малайзияға демалуға келген 18 138 турист қабылдадық, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,9%-ға көп. Сол сияқты, Малайзия халал туризмі бойынша Қазақстаннан келген туристер үшін танымал бағыттардың бірі болды. Сол сияқты біздің туристер де көрікті мекендерге бай Қазақстанға қыдыруға қызығушылық танытады. Сондықтан қазіргі уақытта Қазақстан мен Малайзия арасында тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз, бұл екі елдің туризмін дамытуға үлкен серпін бере алады», деді.

Дәл қазіргі күндері Малайзия карантин немесе COVID-19 тестілеу талаптарынсыз толық вакцинацияланған саяхатшыларға, соның ішінде 17 және одан кіші жастағы балаларды қоса алғанда, кіру процедураларын жеңілдетіп отыр. Оған қоса туристік сақтандыру да Малайзияға келетін шетелдіктер үшін міндетті талап емес.