Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2022

Екібастұзда Қазақстандағы электр өндіретін ең үлкен станция салынуда

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Станцияның жобалық қуаттылығы 4 мың мегаВатты құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Екібастұзда Қазақстандағы электр өндіретін ең үлкен станция салынуда

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС-де болды. 

Кәсіпорынның бас директоры Ержан Ертаев жыл сайын электр энергиясын өндіру көлемі артып жатқанын атап өтті. 

- 2021 жылы 22,8 миллиард килоВатт электр энергиясы өндірілді. Бұл соңғы 35 жылдағы рекорд. Бұған дейін бұндай көрсеткіш 1986 жылы болған, - деді Ержан Ертаев.


Қазір 1-МАЭС-те №3, 4 және 6 энергоблокта ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, кестеге сәйкес №2 энергоблокта күрделі жөндеу, №7 және 8 блокта ағымдағы жөндеу жүргізіледі. 

Сонымен қатар, Ержан Ертаев қазір №1 энергоблокты қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатқанын атап өтті. 

- Бұл Қазақстандағы ең көп электр өндіретін станция болмақ. Жалпы инвестиция көлемі - 162 миллиард теңге. Бұндағы жұмыстар 2012 жылы басталған. 2023 жылдың желтоқсанында аяқталады. Жобаның мақсаты – қуаттылықты 4 мың килоВаттқа дейін жеткізу. Бірақ жоба тоқтатылып, 2021 жылы сметалық-құжаттамасына өзгерістер енгізілді. Қазір кестеге түзетулер енгізілген. Жыл соңына дейін кестені қуып жетеміз деген ойдамын, - деді Ержан Ертаев.

photo1663994802.jpeg
Министрліктің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов жоба неліктен тоқтағанын айтты. 

- Сол кезде министрлікпен инвестиция бойынша келісім болмады. Бірақ министрліктің ұйғаруымен жұмыс 2024 жылы аяқталуы керек болған. Кейін 1 жылға ілгерілетілді, - деді Сұңғат Есімханов.


Бас директор қазір №1 энергоблок бойынша мәселелер жоқ екенін және материалдар мен қаржы бар екенін атап өтті. 

Құрылыс жұмыстары барысында 500 жұмыс орны ашылды. Ал, станцияның іске кіріскенде штатта барлығы 1443 адам жұмыс істейді.