Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2022

Маңғыстауда алимент төлемегені үшін 18 адам сотталды

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстауда жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 18 ер адам сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Маңғыстауда алимент төлемегені үшін 18 адам сотталды

 

Тергеу дәлелдегендей, алимент төлемеу үшін ер адамдар жұмыс орындарын әдейі жасырып, балаларына қамқорлық көрсетуді аналарының мойнына жүктеген. Мысалы, алиментті қасақана төлемеген С. үш жыл бойы өз балаларын асырауға саналы түрде төлем жасамаған және оның берешегі 2 млн теңгеден асқан.

2022 жылдың 1 қыркүйегінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен борышкер С. ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша кінәлі деп танылды және оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған.

 

Сонымен қатар, 62 борышкерге қатысты әкімшілік істер қозғалды, оның ішінде сот 34 адамды қамауға алып, 28 адамға жалпы сомасы 403 мың теңге айыппұл салынды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде алимент бойынша 52 млн теңге көлемінде қарыз өтелді.