Аталған іс-шараны ұйымдастырушы Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова ханымның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті бастамашы болып өткізіп отырған бұл реткі ашық есік жобасы ең әуелі өсіп келе жатқан жас буынды архив істерімен таныстыру және осы арқылы архивте сақталып жатқан құнды құжаттарға олардың қызығушылығын ояту екен.
«Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты тарихты, салт-дәстүрді зерделеуге баулу, Отанға деген патриоттық сезімін ояту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, сондай-ақ архив құжаттарын насихаттау және архив саласының имиджін арттыру», дейді ұйымдастырушылар.
Орайы келгенде айтып өтейік, еліміз архивтерінде мемлекеттік сақтауда 26 млн құжаттық көз жинақталса, олардың ішінде мемлекетіміздің тарихи фактілері мен оқиғаларын куәландыратын аса құнды құжаттар бар. Атап айтқанда, өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандары жайлы деректер, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіне қатысты құжаттар, т.б.
Ашық есік шарасына 500-ден астам орта мектеп оқушысы, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері келіп қатысып, көрме сөресіне қойылған құжаттық жәдігерлермен танысты.
Іс-шара барысында жиналған көпшілікке архив қызметінің басым бағыттары таныстырылып, экскурсиялар, тақырыптық фотоқұжаттық экспозициялар мен көрмелерге шолу жасалды. Оның сыртында Қазақстан тарихы, ұлттық салт-дәстүрлерді білуге арналған конкурстар мен викториналар өткізілді. Оқушыларды ерекше қызықтырған дүние Орта ғасырда өмір сүрген араб саяхатшысы Мұхамед әл-Идрисидің картасы болды.