Спорт • 25 Қыркүйек, 2022

Джокович пен Алькарас Астанаға келеді

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1-9 қазан аралығында Астанада өте­­тін АТР 500 турнирінде теннис әлемінің шоқжұлдыздары өнер көр­­сететіні белгілі. Солардың ара­сынан сербиялық Новак Джо­ко­вич пен испаниялық Карлос Аль­карасты бөле-жара атап өтсек, еш айыбы жоқ. Күні кеше ғана олар Қазақстанға келетіндерін ресми түр­де растады.

Джокович пен Алькарас Астанаға келеді

35 жастағы Новак Джокович «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде 21 мәрте топ жарды. Осы орайда ерлер сайысында одан тек Рафаэль Надаль­дің ғана озып тұрғанын айта кеткен абзал. Испанияның даңқты теннисшісі дәл осы додаларда 22 рет дара шықты. Сербияның саңлағы АТР-дің 88 жарысында алдына жан салмады. Ұзақ уақыт бойы әлемдік рейтингте көш бастаған Новак қазіргі кезде үздіктер тізімінде жетінші орынды иеленуде. Бұл спортшыға көптеген ре­кордтық көрсеткіштер тиесілі. Джоковичтің тек кортта тапқан табы­сының өзі шамамен 160 миллион АҚШ долларын құрай­ды.

19 жастағы Карлос Алькарас таяуда ғана АҚШ-тың ашық біріншілігінде айды аспанға бір-ақ шығарып, бас жүлдені олжалады. Осы табысының арқасында ол әлемнің бірінші ракеткасы атанып отыр. Соны­мен қатар Карлос осындай деңгейге жеткен әлемдегі ең жас теннисші екенін де айта кеткеніміз абзал. АТР додаларында барлығы алты рет дара шыққан испаниялық өрен Астанадағы турнирдің басты фавориттерінің бірі әрі бірегейі. Әзірге Алькарас 9 миллион доллардан аса табыс тапты.

Жоғарыда есімдері аталған саңлақтардан бөлек, әр жылдары «Үлкен дулыға» жарыстарының жеңімпазы атанған Даниил Медведев (№ 4), Марин Чилич (№ 16), Станслас Вавринка (WC) және Энди Маррей (WC) күш сынасады. Сондай-ақ Стефанос Циципас (№ 6), Ан­дрей Рублев (№ 9), Хуберт Хуркач (№ 10), Янник Синнер (№ 11), Феликс Оже-Альяссим (№ 13), Диего Шварцман (№ 17), Карен Хачанов (№ 18), Ро­берто Баутиста Агут (№ 21), Григор Димитров (№ 23) және Гаэль Монфис (№ 32) сынды дүл­дүлдер де осы турнирде сайыс­қа түседі деп күтілуде.