Жиынды ғалымның шәкірті, академик Дихан Қамзабекұлы ашып, әдебиеттану абызының осы үйде он екі жыл тұрғанын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет істеп, ғылымға жастарды баулып, Алаш мұрасы мен қазақ әдебиетінің тарихы және тұғырлы тұлғалар туралы еңбектерін жариялағанын айта келіп, алғашқы сөзді ҰҒА академигі, Парламент Сенатының депутаты, академик Бақытжан Жұмағұловқа берді. Қайраткер Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов секілді қатарластарымен XX ғасырдағы қазақ әдебиетін, ғылымын, руханиятын биікке көтерген біртуар азаматтың кісілігі мен тұлғалық қасиетіне тоқталды.
«Серағаң өз буынының көшін бастап, қырық жасына жетпей, алғашқы болып докторлығын қорғап, құрдастарына жол ашты. Кеңес Одағы Аттестациялық Комиссиясының мүшесі ретінде өзінен кейін қорғаған барлық әріптесінің жұмысын Мәскеуден бекіттіріп, қолдау көрсетті. Мұны бүгін біреу біледі, біреу білмейді... Жаны жомарт, жүрегі кең, кісілігі өте биік осынау қасиетінен Серағаң кеше дүниеден өткенше бір елі шегінген жоқ. Ол кісі ұлт ұстазы болды. Міне, жетпіс жыл бойы күллі мектеп оқушылары. институт, университет студенттері Серік Қирабаев жазған оқулықтармен білім алып келеді. Серік ағамыз М.Әуезов институтын басқарған жылдары күллі Алаш арыстарын ақтап, солардың мұрасын жарыққа шығаруға аянбай атсалысты», деп ғалымның ғибратты ғұмырынан сыр шертті.
Одан кейін Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов министр Саясат Нұрбектің хатын оқып берді. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов көрнекті академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың өмір жолына ой жіберіп, бір отбасында қос академиктің болуы сирек кездесетінін және олардың Қаныш Сәтбаев құрған Ұлттық ғылым академиясының академиктері екенін алға тартып жоғары бағалады.
«Қазір сол Ұлттық ғылым академиясы қайта қалпына келсе деп үміттеніп жүрміз. Өйткені ол академияның сапасы ғана емес беделі де биік болатын. Бүгін халқымыздың ардақты перзентінің өзі тұрған үйінде ескерткіш-тақтаның ашылуы – өте құптарлық іс. Өйткені өткенді сыйламасақ, келешек ұрпақ ұлағатты болып өспейді», – десе, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов биыл Серік Қирабаев шығарған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығының алғашқы басылымына тура 70 жыл толып отырғандығын сөз етті.
«Бұл деген таңғаларлық ғажайып оқиға. Серағаң 25 жасында «Қазақ совет әдебиеті» оқулығының авторы атанды. Содан бері Серік ағамыз жазған оқулықтың ондаған басылымдары жарық көріп, оны миллиондаған қазақ балалары оқыды. Осы жылдар ішінде ол жеткіншектер жиырмасыншы ғасырда жасаған сөз өнерінің асылдығына, құндылығына көз жеткізіп қана қойған жоқ, жүз мыңдаған қазақ жастары Қирабаевтың оқулығы арқылы әдебиетке ынтығып, сөз өнерінің қадір-қасиетін біле түсті. Сол арқылы талантты жастар әдебиетке толқын-толқын болып келді. Бұл Серағаңның ұлт алдындағы ұлы еңбегі. Шын мәнінде, Қирабаев – ұғымға айналған адам. Серағаң әдебиеттануда ғана емес, әдеби сында да өнімді еңбек етті. Ал әдеби сын деген – дұшпан арттыруға таптырмайтын жанр. Бірақ Серағаңның әділдігі, біліктілігі, білімділігі және біліп айтатын, тіліп айтатын ерекше қасиеті оған жау жинаттырған жоқ. Ол сынаған адамдардың өзі де сынның әділдігін мойындап, одан тағылым түйді. Сөзінің қадірін сақтаған адам өзінің қадірін сақтайды. Серағаң сондай тұлға», – деді белгілі қаламгер.
Ғалымның шәкірті, қоғам қайраткері, профессор Бейбіт Мамыраев ұлағатты ұстазы туралы да жылы естелік өрбітті.
Тағылымды іс-шараны түйіндеген Серік Смайылұлының жары, академик Әлия Бейсенова «Серағаңа жасаған құрметтің бәрі – халыққа деген құрмет» дей келіп: «Қазақтың барлық саналы азаматы халықтың тағдырын ойлап, елге қызмет жасаған. Осында жиналған барлығыңыз да елге қызмет жасап жүрсіздер, істеріңізге береке тілеймін! Ел деген, жұрт деген үлкен ұғым. Елдің қамын ойлаңыздар! Сол жолда жүрген жастар аман болсын!» деп ескерткіш-тақтаны орнатудың басы-қасында жүрген азаматтар мен жиналған қауымға аналық алғысын жеткізді.
Сондай-ақ іс-шара аясында академиктің рухына дұға бағышталып, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты шығарған айтулы ғалымның «Өмір белестері» атты кітабы таныстырылды.