Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2022

Ел ықыласына бөленген экспедиция

425 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Астанадан шыққан «Ахаң жүріп өткен жолмен...» экспедициясы Тобыл-Торғай өңірін бес күн аралап, Арқалықтан Астанаға аттанып кетті. Экспедиция мүшелері алдымен Әулиекөлдегі Ахаң ескерткішіне гүл қойып, ұлт ұстазының рухына тағзым етті. Жалпақ жұрттың Ахмет мұрасына тереңірек ендеп, ұлт ұстазына біртабан жақындай түсуінде маңызы ерек, тағылымы мол сапарға көп жылдар бойы ахметтану саласын қаузай зерттеп жүрген ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысып, Қостанай, Арқалықта, Торғай мен Ақкөлде тұрғындармен кездесті, дөңгелек үстел отырысы, конференция сияқты ғылыми-танымдық жиындар өткізді. Ғалымдар жолай Бидайыққа соғып, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының рухына дұға бағыштады.

Ел ықыласына бөленген экспедиция

Қостанайда бас қосты

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өткен сапарды Астана қаласының тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қа­зы­на» ұлттық ғылыми-тәжірибе орта­лы­ғы ұйым­дастырып, оған Қостанай об­лы­сы­ның әкімдігі қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.

Алғашқы ғылыми жиын А.Байтұр­сын­ұлы атындағы Қостанай өңірлік уни­­вер­ситетінде өтті. Оған өңірдегі зия­лы қауым өкілдері мен университет ұс­­таздары қатысты. Дөңгелек үстел оты­рысын бастаған білім ордасының бас­шы­сы Сейітбек Қуанышбаев жиынға қа­тысушыларға университетте болып жат­қан игі өзгерістер жөнінде әңгімелеп, экс­педицияға сәт сапар тіледі.

– Бүгін өздеріңізбен бөлісетін үлкен бір қуанышымыз бар. Біз осы күнге дейін барлық құжатта Ахмет Байтұрсынов атындағы университет деп көрсетіліп келсек, ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында қабылданған шешімге сәйкес енді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет болып өзгеріп, «-ов»-тан құтылдық. Кеше құжаттарды қайта ре­сім­деу жұмысы басталды. Ахметтану са­­ла­­сындағы ізденістеріңіз одан әрі же­міс­ті бола берсін, – деді ректор.

Одан кейін Ахаң университетінің профессоры Алмас Әбсадық жиын тізгінін алып, жергілікті ғалымдардың ахметтану саласындағы соны ізденістері жөнінде баян етті. Сондай-ақ Ахмет сабақ берген Меңдіғара болысындағы Орынбаев ауылдық мектебі жөнінде құнды мағлұматтармен бөлісті.

Жиында Е.Бөкетов атындағы ҚМУ профессоры Жандос Смағұлов ахмет­тану ілімінің бастауларына кеңі­нен тоқтала келіп, Кеңес дәуіріне дейінгі баспасөз бетінде ұлт ұстазының өлең­де­рі мен ғылыми еңбектері хақында жа­рия­ланған мақалалардың мазмұн-мәнін саралап өтті.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры  Жантас Жақыпов бұрын-соңды көп айтыла қоймаған «Ахаң ашқан қазақ мек­тебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әде­биет­тегі елшілдік ұраны» тұжы­рым­да­масын талдап, түсіндіріп берді.

– Шындығында, қазақтың ұлттық мектебінің тарихы Ахаңнан басталады. Бұл Ахаңа дейін мектеп болмады деген сөз емес. Ахаңа дейін болған мектептің біріншісі мұсылман мектебі болатын. Ол әр ауылда болды десек болады. Екіншісі – Ыбырай атамыз ашқан мектеп. Ол мектеп қазақ тілін оқытқанымен, орыс мектебі еді. Мұны айтуымыз керек. Ал Ахаңның ерекшелігі – ол ұлттық негізде мектеп қалыптастырған адам. Міне, М.Әуезов айтқан «Ахаң ашқан қазақ мектебі» деген осы. «Ахаң түрлеген ана тілі» дегенге келсек, Ахаң біздің қазіргі қолданып жүрген жазба әдеби тіліміздің негізін салды. Өйткені, өзі айтқандай, сол кезеңде татарша оқығанда татарша, орысша оқығанда орысша сөз тізіп, қазақтың жазба тілі дұрыс болмады. Ахаң осыны қалыпқа салды. «Ахаң түр­лег­ен ана тілі» дегенде бірінші есіміз­ге ала­тынымыз – Ахаңның әліпбиі, – деді ғалым.

Жиын барысында Ахмет жасаған төте жазудың табиғатын жан-жақты тал­даған Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғ­­амының өкілі, тілші-маман Болат Жек­сенғали бүгінгі тілтаным ғылы­мын­дағы «Байтұрсынұлы қисыны» дәйек­те­месіне тоқталып, әңгімесін көрнекті ғалым Әлімхан Жүнісбектің «Ахаң тап­қан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тілінде пай­­да­ла­на беруге болады. Ахаңның жа­зу қи­сынын кезінде орыс ғалымдары мате­матикалық формулаға салып, әлем­де­гі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған», деген тұжырымымен тү­йін­­деді.

Ахметтің кейбір сөз қолданысындағы ерекшеліктер мен көне қазақ тілінің төл табиғатын бүгінгі тілмен салыс­ты­ра сара­лаған профессор Бекжан Әбдуәли­ұлы­ның да қа­зіргі термин жасау мәсе­лесіне қа­тыс­ты айтқан ойларын көп­ші­лік қызыға тыңдады.

Жиыннан соң экспедиция мүшелері университет ұжымына өздерімен бірге ала келген естелік сыйлықтарын табыс­та­ды. Олардың ішінде экспедиция құра­мын­дағы ғалымдардың ахметтануға қа­­­тысты ғылыми еңбектерінің жи­на­ғы, «Алаш, Торғай және Ахмет Байтұр­сын­ұлы» атты танымдық жинақ, Ахмет жы­лы­на арнап «Тіл-қазына» орталығы да­йындаған логотип бедерленген өзге де естелік бұйымдар бар.

Тұңғыштың тұғыры биік 

Қостанай университеті жанындағы Ахаң музейіне кіріп-шыққан соң, экспедициямен бірге Арқалыққа біз де аттанып кеттік. Жол ұзақ. Алайда Әулиекөл асып, орманды-далалы Науырзым қорығының аумағына іліккенде экспедиция мүшесі, «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының сценарийін жазуға қатысқан ақын Ұларбек Нұрғалымұлы өзгеше әңгіме бас­­тады. Әңгімешілдік те үлкен өнер екен ғой, Ұларбек әңгіме айтқанда, сол оқиға тап бір таяқ тастам жерде өтіп жатқандай болады екен. Кейіпкерлері көз алдыңда тұрады. Әсері сұрапыл енді. Киноңнан артық. Құдды өзіңді солардың ішінде жүргендей сезінесің. «Даяғашшы» қабырғасы сөгілген қазақы мінезге деген аңсар-сағынышыңды оятып, жүрекке жүк артты. Ұларбекпен бір­ге бір күліп, бір күңіреніп, сағынып, құ­лазып отырып Арқалыққа қалай жет­ке­німізді аңғармай қалыппыз. Қала әкімі Әмірхан Асановтың өзі күтіп алып, жайлы орынға жайғастырды. Ертеңінде Ы.Алтынсарин атындағы АрПИ-дің мә­жі­ліс залында «Ахмет Бай­тұр­сынұлы – Алаштың рухани көсемі» тақырыбы аясындағы конференция бас­талды. Жиын­ға қаланың ақсақалдары, ардагерлер, әкімшілік өкілдері, мәслихат депутаттары, мектеп, колледж оқушылары мен ұстаздары, кітапханашылар, сондай-ақ институт ұстаздары мен студенттері қатысты. Конференцияны педагогика институтының деканы,  айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев жүргізді. Қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, алыстан ат арытып келген ғалымдарға алғыс айтты.

Осы жиында сөз алған Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жылдығына орай ұйым­дастырылып жатқан ғылы­ми-таным­дық жұмыстармен айналысып жатқан негізгі мекеме – «Тіл-қа­зына» орталығының басшысы Ербол Тілеш биыл «Тіл-қазына» дайындаған логотиптің негізінде Ахаңның медалі да­йын­далғанын, амандық болса, Тәуел­сіздік күнінен бастап беріле бастайтынын айтты.

– Оның бер жағында Ахаңның еңбегі түрік, ағылшын, орыс тілдерінде жа­рық көріп жатыр. 4 қазан күні Париж қала­сында ЮНЕСКО-ның штаб-пәте­рінде кітаптың тұсаукесері болады. Сонымен бірге 4 қарашада Ыстанбұлда түркі халықтары ғалымдарының басын қо­сатын жиын болады. Мұнда да Ахаң еңбегіне арналған жинақты таныс­ты­ратын болады. Сосын 25 қарашада Түркология конгресі өтеді. Оған түріктің жеті мемлекеті мен жиырмаға жуық автономиясының ғалымдары қа­ты­сады. Шамамен Бакудегідей бол­маса да, соған жетеғабыл үлкен шара болуға тиісті. Онда жалпы түркі халық­та­ры­ның рухани сабақтастығымен қоса, ахметтануға да қатысты көптеген мәсе­ле қозғалады, – деді ғалым.

Конференция барысында бір нәрсеге разы болдым. Жиынға бастан-аяқ қатысқан шахар басшысы мінберден айтылған мазмұнды әңгімелерді бар ынта-шынтасымен тыңдап, қайта-қайта басын шайқап қойып, ұялы телефонының камерасына жазып алып отырды. Пре­зидиумда, дүйім жұрттың көз алдында отырмын-ау, осыным қалай болар екен деп қысылмады. Әкімнің ыстық ықыласына ғалымдар да ырза.

Бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлы ака­де­миясының директоры, әдебиеттанушы Ұлан Еркінбайдың айт­қа­нына аз-кем тоқтала кетейік. Ғалым қазіргі жастардың ойлау форматы мүлде өзгеше екенін тар­қа­та келіп, алдыңғы буын мен кейінгі буынның арасындағы рухани сабақ­тас­тық­тың әлсіз екенін, осы олқылықтың орнын толтыру қамындағы іс-шараларды қолға алу керектігін айтты.

– Ахмет 1925 жылы «Баулу мектебі» деген мақаласын жазады. Біз қыруар қаржы шығындап, жаңар­тылған білім бағдарламасын жаса­дық. Осы бағ­дар­ла­маға негіз болған мәселелердің бар­лығын Ахаң төл оқыту жүйесіне не­гіздеп сол «Баулу мектебі» мақала­сын­да нақты көрсетіп жазып кеткен. Ол жерде Ахаң Америка, Франция сияқты өнері мен өнеркәсібі озық елдердегі білім беру жүйесін мысалға келтіре отырып, баланы өлі біліммен емес, тірі біліммен оқыту арқылы өмірге баулу керек дейді. «Баулу мектеп» – нəрседен нəрсе жасап, тауар қылып шығаратын пабірік, зауыт сияқты да орын емес, өзінен-өзі өсерлік жағдай жасап, бəрін даяр күйінде беріп, балапан шығаратын жұмыртқа сықылды да орын емес, ұйым түрінде іс қылып, іс жүзінде білім алып, еңбекті сүйетін шын еңбекші болып, ұшқанда алатын нəрсесіне ұяда баулынған қыран баласы сияқты жастар шығаратын орын», деп қазіргі институттар бірнеше жыл бойы зерттеп, қорытып жүрген дүниелердің тоқетерін айтып берген, – деді Ұлан Еркінбай.

Ел ықылас қоя тыңдаған дүниенің бірі де, бірегейі де алаштанушы ғалым Ербол Тілештің «Қазақ ұлттық ренессансы және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбын қозғаған баяндамасы болды.

– Өркениет деген жинақы атау. Оны сол халықтың бірнеше ерекшелігі, сол халықтың бірнеше бейім-қабілеті ар­қылы тарихы жасайды. Ха­лық­тың тарихын соғыстар, эволюция ғана жасамайды, сол халық неге бейім, сол халық не жасай алады, сол да тарих жасайды. Бұл да тарихтың бір анықтамасы. Бір ғұлама «Адамзаттың тарихы соғыстардың тарихы емес, адамзаттың тарихы адам тәрбиесінің тарихы» дейді. Сонау жабайы адамнан бас­тап, бүгінгі күнге дейінгі біздің тәрбиеміз – тарихымыз. Осыған Ахаң не қосты деген сауал төңірегінде бірнеше мәселенің басын шалғым келіп тұр. Ахаңа тұңғыш деген сөз жарасады. Ахаңның тойы болған соң, асыра айтып тұрған жоқпыз. Ахаңды асыра мақтаудың керегі жоқ, біз Ахаңды ғылыми тұрғыдан жеткізе алмай жатырмыз, – деді Ербол Ерденбекұлы.

Жиыннан соң экспедиция мүшелері қала­ның орталығындағы Ахмет ескерт­кі­шіне гүл қойды.

Арыстарын ардақтаған Торғай

Арқалықтан шыққан «Газель» Тоқанайдың тұсынан оңға бұрылып барып, кілт тоқтады. Сөйтсек, мұнда Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей ханым мінген машина күтіп тұр екен. Көліктен түсіп, мәре-сәре амандық сұрасып болған соң, Бидайықты бетке алдық. Арқалықтан шыққалы тақтайдай тас жолмен тайпалтып келе жатқан көлігіміз Бидайықтың жолына түскен соң шоқалақтап кібір­тік­те­ді де қалды. Өмірі асфальт көрмеген көтерме жолдың әбден тозығы жетіпті. Сәлден соң көліктің ішін саңылау-са­ңы­лаудан кірген қою шаң басып кетті. Әудем жер жүрген соң, жұқалап қиыр­шықтас төселген жол басталып, көлік доңғалағы атқан тас табаның астын атқылап, тесіп жібере жаздады. Әупірімдеп жүріп Асқар күзегіне жеткенде, күн еңкейе бастаған еді. Асқар – Мір­жақыптың туған ағасы. Алаш ары­сының кіндік қаны тамған үйдің орны да осы күзеуде қоршаулы тұр. Үйдің іргетасын кейінірек терезеге дейін кө­те­ріп, тас қалағанға ұқсайды. Жа­ны­на үлкен қызыл тас қойылып, оған Міржақыптың «Оян, қазағының» бір шумағы, төмен жағына «Асқар күздігі. Мадияр руының қонысы. Алаш көсемі Міржақып Дулатұлының кіндік қаны тамған жер (1858 – 1935). Ұрпақтарының атынан орнатқан Бақберген Қасымұлы» деген жазу қашалыпты. Бидайыққа жеткенше күн еңкейіп кететін болған соң, бәріміз осы жерде тізе бүгіп, профессор Бекжан Әбдуәлиұлы Алаш арыс­та­ры­ның, арнайы Міржақып атамыздың рухына бағыштап Құран оқыды.

Қызбел мен Бидайықтың арасындағы жолмен салыстырғанда, бұған дейінгі жол жақсы екен, «Газель» есек аяңға ауысты. Одан алдымызда жол бастап келе жатқан машинаның багін доң­ға­лақтан атылған тас тесіп жіберіп, бензин тамшылай бастады. Әбден көз бай­­ланған шақта Бидайыққа кіріп, бірден Міржақыптың кесенесіне барып тоқтадық. Кесененің шырақшысы Нағашыбай Бірманов деген азамат екен. Жол­дың сырына қанық шырақшы:

– Жол азабын тартқан сендер бақыт­тысыңдар. Әйтеуір жеттіңдер.

Атамның басына зиярат етіп келем деп, бірақ жете алмай жүрген жандар қаншама. Осы жерден көшіп кетуге де мүмкіндік бар еді, бірақ Алланың бұй­рығымен бір себептер табылып, қа­лып қоя бердім осында. Содан бір күні Гүлнар апай хабарласып, ауырып қалғанын айтып, «Нағашыбай бауырым, Міржақып атаңның зиратын саған аманат еттім», деді. Әкем марқұм бала кезімде «Бұзықтық жасама, жақсы жүр. Біз бүкіл қазаққа жаны ашыған, ел-жұрты сыйлаған үлкен кісі біздің жақы­ны­мыз», деп құлағыма құйып отыратын. Соның бәрін естіп, біліп өстім, – деді шырақшы.

Кесененің көк күмбезі әбден тозып, жырым-жырымы шығыпты. Кейін жа­ғылған көк бояу қабыршықтанып түсіп жатыр. Оған қарсы бетте тұрған Міржақыптың музей-үйінің де жағдайы мәз емес.

Түн жамылып Қызбелді бетке алдық, одан әрі асып Торғайға бірақ тоқтау керек. Сонау жердің түбінен Алаш ары­сы­ның кіндік қаны тамған қасиетті топырақты аңсап жеткен зиялы қауым жа­пандағы ауылдың жүдеу қалпын көріп, күйіністі.

– Жапан түзде атасының мазарын күзетіп отырған шырақшы жігіт нағыз жанкешті азамат екен. Шынтуайтына келсек, Міржақып атамыздың жатқан жері күллі қазаққа ортақ емес пе? Жолдың түрі мынау. Осы жолды жөн­деп, асфальт төсеп тастаса, жұрттың еңсесі көтеріліп, тіпті көшкен елдің қайтып оралмасына кім кепіл? Осы мәселені шешуге тиіс жоғарыдағылар қайда қарап отыр? Алдымызда 140 жылдығы келе жатыр. Үш-ақ жыл қалды. Алыс-жақыннан ағылатын жұрт сол кезде қалай жетпек мұнда? Ел басына күн туған қилы кезеңде етігімен су кешіп жүріп, «Оян, қазақ!» деп ұрандатып, қырда жатқан жұрттың қамы үшін алтын басын ажалға тіккен асыл арысымызды ардақтай алмасақ, онда басқа істің бәрі бекер! – деді ашына сөйлеген профессор Жандос Смағұлов. Біз үндемедік.

Сол түні таң қылаң бере Торғайға жетіп, бір-екі сағат көз шырымын алған соң, экспедиция құрамындағы ғалымдар Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспановтың өзі жүргізді. Мұнда да Ахметті тануға, ұлт ұстазының мол мұрасын игеруге қатысты келелі әң­гіме өрбіді. Ғалымдардың бұл ха­қын­да айтқан сөздерін ел ерекше ықы­лас­­пен қабылдап, риясыз көңілмен риза­шы­лық­тарын білдірді. Жиын барысында Ұларбек Нұрғалымұлы «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының қалай тү­сі­ріл­гені туралы баяндап берді. Кез­­десу соңында Торғай тұрғыны Тыныштық Әбдіжамалов ақсақал сөз алып, экспедиция мүшелеріне барша тұр­­ғынның атынан алғыс айтты.

– Мен 1980 жылдары қазіргі Ахмет елді мекенінде ауылдық кеңестің тө­рағасы болдым. Ең алғаш Ахаң ақ­талып, есімі аталған соң, 1989 жылғы 29 шілдеде өздеріңіз сияқты ғалымдар мен жазушылар делегациясы келіп, ауыл клубында кездесу өткізді. Сол кездесуде үлкен ғалымдар Ахаң туралы естеліктер айтты. Бірақ сол кісілердің айтқаны мен сіздердің бүгінгі айтқан дерек-мағлұматтарыңызды салыстырсам, арасы жер мен көктей. Алғашқы делегация ол кезде Ахаңды терең білмейді екен. Ал сіздер қаншама еңбек сіңіріп, біз білмейтін небір тамаша мағ­лұматтарды айтып, санамызға сәуле сеп­кендей болдыңыздар. Менің жасым 80-ге жақындап қалды, сондықтан осы өңірдің халқының атынан сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді қария.

Кездесу аяқталған соң ғалымдар Ахаң мен Жахаңның музейіне кіріп, құнды жәдігерлермен танысты.

Торғайдан кейін Ақкөл, Ахмет ауыл­да­рына барған экспедиция жергілікті тұрғындармен, мұғалімдермен, мектеп оқушыларымен кездесті. Сартүбектегі Байтұрсын мен Қалидың тамына, Ахаң­ның ақ кесенесіне барып, Құран оқып, дұға бағыштады. Жыланшықтың жа­ғасындағы Ахметтің музей-үйінде болды.

о

 

Қостанай облысы