Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2022

Мегаполис жастарына мүмкіндік мол

379 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Шымкент – жастарының саны жөнінен республикадағы алдыңғы орындарда тұрған басты қалалардың бірі. Қоғамның қозғаушы күші жастар екені түсінікті. Жастың бойында бұла күш бар. Сондықтан қай елдің өскелең ұрпағы материалдық тұрғыдан жан-жақты қолдау тапқан әрі білімді де білікті болса, сол мемлекет түбінде озады. Осы орайда елімізде жастарға жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Әсіресе республиканың үшінші қаласында бұл тұрғыда атқарылып жатқан тындырымды істер ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде.

Мегаполис жастарына мүмкіндік мол

Жастарға бүгінгі қоғамда керегі – рухани тірек пен әлеуметтік қолдау. Осы екі аспекті жағынан жергілікті әкімдік өскелең ұрпақтың қоғамның ертеңгі тірегіне айналар үлкен азамат болып жетілуіне барынша жағдай жасауда. Олардың қатарына баспанамен қамту, сапалы білім, саналы тәрбие беру, тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету, жаман әдеттерге ұрынып қалмау үшін бос уақытын пайдалы іске арнау секілді маңызды іс-шараларды жатқызуға болады. Шымкент экономикалық өсім жағынан республикадағы динамикасы жоғары өңірлердің қатарына саналады. Соған байланысты бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны күрт артып келеді. Демографиялық өсімі жылдан-жылға жақсарып келе жатқан шаһарда шағын және орта кәсіп­кер­ліктің өркендеуінің нәтижесінде жас­­тардың жұмысқа орналасуы немесе бі­лік­тілігін арттырып, қосымша курс оқып, түрлі салада қызметке араласуы оңай шаруаға айналды. Бұл тұр­ғыдан ал­ған­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің жыл сайынғы Жол­дау­ла­рында жастар мәселесіне айрықша назар аударады.

Мәселен, «Халық бірлігі және жүйелі ре­фор­малар – ел өркендеуінің берік не­гізі» атты Жолдауында Мемлекет басшы­сы: «Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастар­дың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құш­тарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жа­уап­кершілік сияқты қасиеттер дәріп­тел­уі керек», деген болатын.

Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмалары бойынша мегаполисте қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген са­­­уал төңі­регінде қалалық ішкі саясат және жас­тар істері басқармасына қарасты «Жас­­­тар ресурстық орталығының» бас­шысы Мағжан Исаховтан біраз мағлұмат алдық. Сонымен жастар же­тек­шісі мем­лекеттік жастар саясатын жүзеге асы­­ру мақсатында Шымкент қа­ла­сында 13 ба­ғыт бойынша жылдық жос­пар түзіліп, оған 200 мыңнан аса жас қам­тыл­ғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда мегаполисте жастар мә­се­лесіне қатысты фронт-офис кең­сесі қызмет көрсетеді. Аталған мекеме ша­һардағы 10-нан аса волонтерлік ұйым­дармен және жоғары, орта арнаулы оқу орындарымен тығыз жұмыс атқа­ра­ды. Осы волонтерлік ұйымдармен «Жан­ға жылу» акциясы аясында қала­да­ғы аз қамтамасыз етілген мыңға жуық отбасыға азық-түлік себеттері та­­ра­­­тылды. Сонымен бірге Birgemiz: Qamqor жалпыұлттық жобасы аясын­да мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеу­мет­тік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері үлестіріліп, «Ха­ре­кет» қайырымдылық қоры мен «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорлары жыл басынан бері асыраушысынан айырылған көпбалалы отба­сы­лар­ға баспана кілтін табыстады. Ал Birgemiz:Saulyq бағыты шеңберінде «Ар­дагерлерді ардақтайық», «Мен до­нор­мын», «Дені саудың – жаны сау» акциялары ұйымдастырылып, қаланың 4 ауданындағы ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты 80-ге жуық қарт кісілердің қан қысымы өлшеніп, керекті дәрумендер мен жеміс-жидектер таратылды. Birgemiz: Bilim бағыты бо­йынша «Жарқын Болашақ», «Білімдінің күні жарық», Blitth акциялары қолға алынып, 20-ға жуық әртүрлі сала мамандарымен бірге мастер-класстар мен тренингтер өтті. Birgemiz: Тaza Alem деп аталатын тағы бір жоба барысында шымкенттік волонтерлер «Біз таза қала үшін», «Таза қала тұрғындары» сенбілік акцияларын өткізіп, тұрғын алаптарда, ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жал­ғызілікті қарттар үйінде, сонымен қатар саябақтарда көгалдандыру, та­за­лық жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек Birgemiz: Sabaqtastyq жалпы­ұлт­тық жобасында «Ерекше жол», «Қа­сиетті жол» және «Жігер» қоғамдық қор­­ла­ры­ның атсалысуымен «Бақытты бала­лық шақ» тақырыбында оңалту және бейімдеу орталықтарында балаларға арнап 10-ға жуық акция ұйымдастырды. Осындай тағы бір жоба Birgemiz: Umit бойынша Жастар ресурстық орта­лы­ғы­ның еріктілері Төтенше жағ­дайлар департаменті және өрт сөндіру бө­лімінің қызметкерлерімен бірге «Отба­сыңды улы газдан сақта» акция­сын бастап, тұр­ғындарға қауіпсіздік ере­желерін тү­сін­дірді. Өз кезегінде Birgemiz: Asyl Mura жалпыұлттық жобасы ар­қы­лы та­ри­хи-мәдени мұраларды сақ­тау бо­йын­­ша Бейнелеу өнері, Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын еске алу мұра­жай­ла­рында арнайы іс-шаралар ұйым­дас­тырылды.

Мегаполисте жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі үйірмелер жұ­мыс істейді. Олардың қатарында ағыл­шын тілі, шешендік өнер, спорттық, дом­быра, психологиялық, «Тәтті гүлдер», «Ба­тыл бол» үйірмелері мен Relax club да­мыту орталығы бар.

Айта кеткен жөн, қаланың әр ауданынан «Жастар ресурстық орталықтары» ашылған. Олардың әрқайсысы туралы жеке-жеке айтып өтсек, Еңбекші ауда­нындағы орталық 2021 жылдың 1 қаза­ны­нан бері жұмыс істеп келеді. Онда көптеген бағыт бойынша 14 пен 29 жас ара­лығындағы жастарға қызмет көр­сетіледі.

Абай ауданында тұратын халықтың жалпы саны – 330 мың адам. Оның ішінде 67 мыңнан астамын жастар құ­рай­ды. Яғни аудан халқының 20,5 па­­йызы – жастардың үлесінде. Бүгінгі таңда аудан жастары осы аумақтан ашыл­ған ресурстық орталықта бос уа­қыт­­тарын тиімді өткізіп, үйірмелерден көп нәрсе үйреніп, пайдалы іспен ай­налы­сып жүр.

Биыл алғаш рет «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандарын аудандарға бөліп, жастармен жұмыс жүргізудің ин­ди­каторы бекітілді. Сондай-ақ аудандарда жастардың шоғырланып жина­ла­тын, олармен жұмыс істеуге қо­лай­лы орындарға талдау жұмыстары ұйым­дас­ты­рылды.

Қаратау аудандық «Жастар ресурстық орталығы» да 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысын бастаған-ды. Орталық 2 қабаттан тұрады және бір мезетте 150 адамға дейін қызмет көрсете алады. Ғимарат арнайы COWORKING алаңымен және шағын кітапханамен жабдықталған. Орталық мамандары талантты жастарды, еріктілерді қолдау, психологиялық кеңес беру бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері Қаратау аудандық әкімдігі жастар саясатын қолдауға байланысты 150-ге жуық іс-шара өткізді. Сонымен қа­тар орталық жанынан қыш құмыра жа­сау, домбыра тарту, би өнері секілді үйір­мелер ашылды.

Әл-Фараби ауданының аумағы Шым­к­ент қаласының орталығында жат­қан­дықтан мәдениет және спорт ошақ­тары, ойын-сауық орталықтары мен дема­лыс орындары көптеп орналасқан. Сон­дық­тан да аудан жастарына түрлі шы­ғар­машылықпен айналысуға, өзін-өзі да­мытуға мүмкіндік мол.

Өз кезегінде аудан әкімінің жанынан құ­рылған учаскелік комиссия әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтау және сол отбасы­лар­­дағы жастардың жағдайын білу мақ­сатында үйлерді ара­лап, зерделеу жұ­мыстарын жүргізіп, әлеу­меттік көмек көрсетуде.

Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиім­ді өткізу үшін аула чемпионат­та­рының кестесі бекітіліп, 73 спорт алаң­ша­­сында апта сайын спорттық жарыс­тар ұйымдастырылып келеді. Ал асық ату, ләңгі тебу, белтемірге тартылу, бас­­кетбол, арқан тартыс, секіру сынды спорт түр­лерінен бақ сынасып, жеңімпаз атан­ған балалар мен жастар алғыс хаттармен және түрлі сыйлықтармен марапатталады. Сонымен бірге халықтың сүйікті демалыс орындары – жеті сая­бақ­та жастардың уақытын тиімді пай­да­лануы және спортпен шұғылдануы үшін тренажерлық құралдар орнатылған.

Жоғарыда аталған төрт ауданның ре­сурс­тық орталықтарында шығар­ма­шылық бастамаларды демеу, мемле­кет­тік қолдау бағдарламаларын түсін­ді­ру, еріктілікке тарту, қылмыс пен құқық­бұ­зу­шылықтың алдын алу, психо­ло­гиялық жәрдем беру және саламатты өмір сал­тын қалыптастыру бойынша жас­тарға қызмет көрсетіледі. Осын­дай қол­даудың бір түрі коворкинг орталы­ғын­да жүзеге асырылады. Онда жас кәсіпкерлер, бағдарламашылар, дизайнерлер, фрилансерлер және медиа контентпен жұмыс істеушілердің қолайлы еңбек етуіне жағдай қарастырылған. Ре­сурс­тық орталықтың кітапхана қоры­нан «Түркі әлемінің тарихы» және «Әлем әдебиеті», сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған «100 жаңа оқулықтар» және жастарға қатысты әлемдік әдеби-тарихи оқулықтарды та­бу­ға болады. Сонымен бірге жоғарыда айтып өткеніміздей, келеңсіз әрі қиын өмірлік жағдайға тап болған немесе жат қылықтардың алдын алу мақсатында мегаполис жастарына психологиялық кеңес беріледі.

р

Өз кезегінде жергілікті әкімдік та­ра­пы­нан жыл басынан бері шымкент­тік жас өрендердің таланттарын шың­дау, бастамаларына қолдау білдіру және патриоттық сезімді ұялату бағы­тын­да бірнеше ауқымды іс-шара ұйым­дас­ты­рыл­ды. Солардың ішінде атап өтсек, жас ақындар арасындағы респуб­ли­калық «Күміс қалам-2022» бай­қауы. Қа­лалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы «Жастар ресурстық ор­та­лы­ғы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен бұл байқауға еліміздің түкпір-түк­пі­рінен талантты жас ақындар қатыс­ты. Бай­қаудың негізгі мақсаты – тәуел­сіз­дік жылдарында жеткен жетістіктерді насихаттау, әдеби үрдісте дарынды жас ақын­дардың жарқырап көрінуіне жол ашу, сондай-ақ жас таланттар мен оқыр­­мандардың, әдебиеттегі аға буын мен жас толқынның ұрпақтар сабақ­тас­ты­ғын жалғау және олардың ақындық қабілеттерін шыңдау.

Мүшәйрада сөзден маржан терген ақындарға «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы Абай Қалшабек, «Айтыс ақын­да­ры мен жыршы-терме­ші­лер­дің халық­аралық одағының» мүшесі Бек­мұрат Анарбаев қазылық етті. Ел Тәуел­сіз­ді­гі­нің жетістіктерін жырларына арқау еткен мүшайрада қазылар алқа­с­­ының шешімімен «Күміс қалам» поэ­тикалық дуэ­лі­нің бас жүлдесіне Шым­кент қала­сының жас ақыны Арайлым Мұраталиева ие болды.

Сондай-ақ Халықаралық жастар кү­нi­­не орай мегаполисте волонтерлық бас­­та­маны оқытуға арналған семинар-тренинг өтті. Мұндағы мақсат – білім алушылардың бойында көш­бас­­­шылық, жауапкершілік қасиет­терді қа­­лыптастыру, еріктілік және қайы­рым­ды­лық істерге білім алушылар­дың назарын аудару және жалпы волон­тер­лік­пен айналысуға жастарды ынталандыру.

Семинар-тренингке ACCESS ұйы­­мының түлектері ASAA жастар қо­ғам­дық бірлестігі, «Ізгілікте жары­сайық» қайырымдылық ұйымы, Meyirim.kz қайырымдылық электронды порталы, «Сенім» медициналық волонтерлік ұйы­мы, «Харекет» қайырымдылық қо­ры, «Жігер» саламатты өмір салтын қол­дау қоғамдық қоры, Авиценна меди­цина колледжінің волонтерлік ұйымы және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ерік­­тілері қатысты.

Осынау айтулы мереке аясында «Жастар – ел болашағы» атты кеш те мега­полисте өткен айтулы іс-шара­лар­дың бірі ретінде есте қалды. Онда ұйым­дас­ты­ру­шылар қала жастарын қоғамдық тәр­тіп шеңберінде кешкі уақытты қы­зық­ты әрі тиімді өткізуге шақырды.

Аталған іс-шарада Шымкент қала­сы­ның ішкі саясат және жастар істері бас­қармасының басшысы Мұратжан Шотанов қала жастарын айтулы мерекемен құттықтап, мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жат­қан оңды істер туралы баяндап берді.

– Тәуелсіз еліміздің гүлденіп, қа­рыш­­тап дамуы үшін жастардың тың идеялары, алғыр шешімдері, оң бас­тамалары қажет. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Біз жастардың өмірден өз орнын табуына, түрлі дағдыларды игеруіне қолдау көрсетуге әрқашан да­­йынбыз, – деді басқарма басшысы.

Іс-шарада қала тұрғындары мен жас­­тар үстел теннисінен сайысқа түсіп, бел­­­сене қатысқан азаматтарға түрлі сый­­­лықтар табысталды. Сонымен бір­ге бал­дырғандар, олармен қоса үлкен кі­сі­лер де караокеде ән шырқап, мере­ке­лік кеш­тің көрігін қыздыра түсті.

Бұдан бөлек үшінші мегаполисте IQ ZHASTARY интеллектуалды ойыны өтті. Осы ойын арқылы жастардың білімге, оқуға деген құлшыныстары мен бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру мақсаты көзделді. IQ ZHASTARY оның алдында төрт ауданда өтіп, онда 80-нен аса жас бақ сынап көрген еді. Білім мен парасат, тапқырлық пен шапшаңдық қабі­леттері бойынша жарысқан жастардан финалдық ойынға 24 қатысушы жолдама алды. Жас дарындылар арасындағы сайыста жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жас журналистер мен кәсіпкерлер, блогерлер болды.

Шымкентте қолға алынған тағы бір маңызды іс-шараның ішінен «Жастардан-жастарға ақпараттық керуені» бос жұмыс орындары жәрмеңкесін атап өткен жөн. Мұнда да басты ұйымдастыру тізгінін қалалық ішкі саясат және жас­тар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі қолға алды. Жәрмеңке Еңбекші ауданына қара­сты шалғайдағы Тоғыс елді мекені Мұнайбарлаушылар ауласында өтті. Ақпараттық керуенде «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің мамандары, «Отбасы банкі» және «Жастар ресурстық орталығының» мо­биль­ді топтары жастарға консуль­та­ция­лық қыз­мет көрсетті. Атап айтқанда, жұмыс­сыз жүрген тұрғындар мен жас маман­дарға жұмыспен қамту, тұрғын үй және кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен мағлұмат берді.

«Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мағжан Исахов шалғай елді мекендерде ұйымдастырылып жатқан жобаның мақсаты NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету екенін атап өтті.

– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі төрт ауданға қарасты шалғайда орналас­қан елді мекендердің бәрін қамтиды. Мем­лекеттік бағдарламалар аудан тұр­­­­ғын­дары мен жастар арасында ке­ңі­нен насихатталып, тізімге сәйкес бос жұ­­мыс орындары ұсынылады. Жәр­меңкеде жастар өз түйіндемелерін ұсы­­нып, жұмыс беруші мекемелермен өзара ке­лі­сімшарт түзеді. Мамандығы бо­йын­ша жұмыс іздеп жүрген жастарға «Қо­ғамдық жұмыс», «Жастар практикасы» бағдарламалары арқылы жұмыс ұсынылады. Жоғары білімі жоқ жастар да жұмыспен қамтылады. Өзі қалаған курсқа қатысып, білім алып, қолына сертификат табысталады. Сертификат алған жас маман кейін өзінің жеке кәсібін аша алады, – деді М.Исахов.

Осы ретте айта кеткен абзал, биыл қалалық жұмыспен қамту және Жастар ре­сурстық орталықтары бірлесіп ұйым­дастырған бос жұмыс орындары жәр­мең­кесі арқылы 3 400-ге жуық жас маман тұрақты жұмысқа орналасты.

 

ШЫМКЕНТ